Ромео мен Джульетта! Кінә кімде? Діни қорытынды сөз (2-бөлім)
Ромео мен Джульетта! Кінә кімде? Діни қорытынды сөз (2-бөлім)

Ромео мен Джульетта ! Кінә кімде ?

(Уильям Шекспир)

   Көмекке келген пірәдар оған: «Етең сәрсенбі. Тойға дейін екі күн бар. Өтірік әкеңнен оған қарсы шыққандығың үшін кешірім сұрап бар.   Кейін бейсенбіге қараған түні бөлмеңде жалғыз жат. Қасыңда күтушің де қалып қоймасын.  Кейін мына құтыны ашып ішіндегісін іш. Денең мұздап,  қан тамырларыңда қан да тоқтап,  тынысың тоқтап, өлген кісідей естен танып, екі тәулік бойы жатасың. Жұрт сені өлді деп ойлайды.  Парис сені оятқалы келгенде өліп жатқаныңды көреді.  Кейін сені жерлеп, табытқа салады. Ал, өзің білесің, дәстүріміз бойынша  табытты жаппай көмеді. Кейін  Джованни пірәдардан Ромеоға осы жағдайды баяндап хат жіберемін. Кейін ол келіп, түнде сені алып, қашып кетесіңдер»,-дейді. Қыз тәуекел етіп келіседі.  Қыз дәріні ішіп, уақытша өліп жатқанда, оны табытқа салып  көмуге апарады. Сөйтіп, тойға деп күбінген салтанат жаназаға айналады.

   Осы уақытта Мантуя қаласында тұрақтаған Ромеоға осы хабарды жеткізу үшін (яғни Джульеттаның өлгенін) Бальтазар барады. Жаңалықты естіген жігіт жылап-сықтап, оған Жаратқаннан жаннатты тілеп, дәрі сатушыдан  у сатып алады.  Мені қатты таңқалдырғаны  Шекспир байлық пен тойымсыздық,  сараңдық адамды азғындыққа бастайтынын Ромеоның ісімен дәлелдейді. Мысалы, Ромео дәрі сатушыдан уды алған уақытында: «Сен маған у сатқан жоқсың.  Мен сағат у саттым»,- деуі арқылы  алтынның зиянды әсері удан да күштірек екенін дәлелдейді. [Сонда, 12/98].   Лоренцо пірәдар тарапынан Джульеттаның өтірік өлгендігі турасында жазылған хат киелі Франциск пірәдары Джованниден Ромеоның қолына уақытында тиюі керек еді. Алайда, Верона қаласында ауруларды өз үйінде  емдеп жүрген бір тақуаны да бірге ертіп кетем деп Джованни пірәдар оның үйіне барғанда, оба ауыруының  асқынуына байланысты  үйді сол маңдағылар сыртынан құлыптап кетіп, көп уақыт өткеннен соң ғана ашады. Сөйтіп, хат Мантуяда жауап  күтіп жүрген Ромеоға уақытында жетпей қалады. Бальтазар асығыстық танытып, жоғарыда айтқанымдай, Джульеттаның басындағы оқиға орын алысымен бірден Ромеоға жеткізген. Джульеттаның қай маңда көмілгелі жатқанын айтып береді. Ал, дәл осы кезде жеті түнде граф Парис пен оның пажы (көмекшісі)  қолына гүл мен шырақ  ұстап, қабірге келеді. Пажын кабірден біраз алыс жерге қалдырып, егер біреу-міреу келсе ескертуін бұйырып, өзі Джульеттаның өтірік өлі денесінің алдында шерін тарқатып, жасын көлдетіп отырғанда, Ромео мен Бальтазар келеді. [Сонда, 12/101] Кейін, Ромео мен Парис белгілі бір себептерге байланысты шайқасады. Ромео Паристі өлтіреді. Парис өліп бара жатып: «Тас болмаса жүрегің, Мені апарып қой Джульеттаның қасына»,-дейді. Ромео тілегін орындамайды. Джульетта өзінің ағасы Тибальттың қасында жатыр. Менің бұл жердегі Шекспирге қояр сұрағым:  Джульеттаны дәстүр бойынша табытын жаппай көмсе, онда расымен де Джульетта көмілді ме? Егер көмілсе, бұл неге айтылмаған? Адамның үстінен топырақ тасталса, одан аман қалу екі талай емес пе? Бұл сұраққа Шекспир жауап бермеген.  Сол себептен қалай жорамалдасақ та өзіміз білеміз.Көмілсін не көмілмесін, ол- қараңғы табыт ішінде.

    Ромео енді манағы уды ішіп Джульеттаның қасына құлайды. Ол өледі. Аз уақыттан соң Джульетта есін жинап, тұрған уақытында қасынан үш өліктің денесін көреді. Олар: ағасы, жары Ромео мен Парис. Ромеоның удан  өлгенін көріп, өмір сүргісі келмей, әлі де уы тарай қоймаған ернінен сүйіп, уланғысы келеді. Бірақ,  күзетшілерге ұсталып қалам ба деп қорқып, әлі денесіне тарай қоймаған удың әсерін күтпей қанжарды өзіне сұғып, өліп жатқан Ромеоның үстіне құлайды.

      Сонымен,  трагедияның соңында қабірдің қасында Монтекки, Капулетти, күзетшілер, Леди Капулетти мен Леди Монтекки және Князь, Бальтазар, Лоренцо пірәдар жиналып, осы оқыиғаны талқылайды. Кейін, өмір бойы өшігіп келген екі отбасы табысып,  сыйласып, өткендерін кешіріп, бірігеді. Капулетти Ромеоға алтыннан ескерткіш тұрғызам десе, ал Монтекки Джульеттаға арнап алтыннан ескерткіш соғамын деп уәде береді. Олардың өзара айтқан әңгімелерін тыңдап тұрған князь: «...Бірақ, Ромео мен Джульеттаның оқиғасы азалы, Жарық дүние көкірегінде мәңгі шер боп қалады»,- дейді. [Cонда, 12/110] Трагедия осылай аяқталады.

     Кінә кімде? Екі қос ғашықты табыстырмаған екі отбасы отағасыларынан ба? Әлде, сүйген адамы үшін әке-шешенің разылығын алмаған, ағасының өлімін кешіріп жіберген Джульеттада ма? Әлде, уақытты созып Джульеттаны дер кезінде алып қашпаған, асығыстыққа салынып, әліптің артын бақпай өзін өлтірген Ромеода ма? Әлде, хатты дер кезінде жібере алмаған Джованни пірәдар да ма, әлде қысылып көмек сұрап келген қызға дұрыс ақыл-кеңес айтпаған Лоренцо пірәдарда ма? Ойланайықшы, кімде? (Мен бұл сұраққа қорытынды сөзім арқылы субъективті пікірімді төменде айтамын) Шекспир бұл сұрақтың жауабын бізге қалдырып отыр. Кінә ата-анадан. Егер, әкесі қарсы болмағанда екі ғашық қосылар еді ғой. Не десек те,  Жаратқан ие ол екі ғашықтың бірге болуларын маңдайларына жазбаған. Абайша айтсам: «Тағдыр етсе Алла, не көрмейді пәнда?». Ия, бұл – тағдыр. Дегенмен, махаббаттың шынайы көрінісін осы трагедиядан көретініміз ақиқат. Көптеген жастарға ой салатыны да шындық! Трагедиядағы Джульеттаның балконда өз-өзімен сөйлесіп тұрғанда айтқан сөздерін жігіттің тасада тұрып естіп тұруы; жігіттің Ромео деген есімінің қызды «қайғыға» (Монтеккидің ұлы болғандығы себепті)  салғандығы; оның сөздеріне жауап қайтарған жігіт сол қыздың «қайғысы» үшін  өзінің енді Ромео емес, өзге адам екенін жария етуі; қыздың жігітке риясыз сенуі мен жігіттің қызға деген шынайы махаббаты оқырманды ойландырмай қоймайды. Шекспир қыздың аузынан: «Махаббатым – тұңғиық, Мейірімім – шалқар көл»,- деген балдай тәтті сөздерді (метафора) шығартады.

      Мені тағы бір нәрсе таң қалдырды.  Шекспир пьесаларында қайғылы және күлкілі  жағдайлардың тұтасып кететіндігі персонаждар сұхбатындағы жедел өзгерістерде анық байқалады.  Яғни,  көтеріңкі, көңілді монологтар  ащы, улы кекесіндермен ауысып отырады. Мысалы, Джульетта тойы азаға айналғанда,  сайқымазақтар өнер көрсетеді. [ Сонда, 12/94-95] Менінше, Шекспирді оқып, тануымыз керек.  Себебі, Шекспирдің реалистік әдісінің өзіне тән ерекшелігі сонда,  ол бейнелерді типтік жағдайда дараландырып суреттейді. Драматург өз  образдарында  адамның табиғи мінезі,  арман-тілегі, ғашықтық сезімдері  айқын көрінеді.  Ол өмірдегі қайғылы  және күлкілі, қарапайым және күрделі  оқиғаларды жоғары көркемдік  формада, терең философиялық  пікірлермен диалектикалық бірлікте  беруге өте шебер. Шекспир драматургияны жоғары, жаңа даму сатысына көтерді.  Оның тақырыбын байытып,  оқиғаларды типтік және шынайы  бейнелеу принципін жетілдірді.  Қорыта айтқанда,  Қайта өрлеу дәуірінің ұлы драматургі  Шекспирдің гуманистік туындылары  дүниежүзілік әдебиеттің  алтын қорына қосылған  ең ғажайып шығармалар болды.

Мақалаға тұздық

    Негізі... Махаббат- ол бар нәрсе. Ондай сезімді ешкім жоққа шығармайды. Алайда... Мен Ромео мен Джульеттаның махаббатын ешкімге де үлгі болсын демеймін. Осыдан бірнеше ай бұрын Марфуға апамыздың "Нағыз махаббат Ромео мен Джульеттаныкі емес, Мұхаммед (с.а.у.) пен Хадишанікі (р.а.)" деген мақаласын оқып шықтым. Расымен де, нағыз махаббат осы ғажап екі жаннан табылады. Ол екеуі махаббатта әлемге ұстаз жандар. Мен Шекспирдің бұл шығармасын өзгелерге үлгі болсын деп зерттемедім. Жай, өзін зиялының қатарынан санаған адам әлем әдебиетін оқуы керек. Білуі керек. Былайша айтқанда, бұл шығарманың бізге ұсынар қағидасы - әдепсізден әдеп үйрену. Сонда, Джульеттаның "әдепсіздігі" неде? Махаббат пен отбасы өмірінде сабырдың алар орны ерекше! Джульетта сабыр етіп, бәлки тағдырына иман еткенде, ол екеуі қосылар ма еді?! Аллаға аян.Шығармада мен өзгелерді емес, Джульеттаны кінәлаймын. Бірақ шайтан адамның әлсіз жерінен ұстап, онсыз да жаралы жерді одан бетер қанатуға тырысады.  Осы сәтте ақылға келіп, өзін сабырлыққа шақыруы ләзім еді.  Махаббатқа өкпелеп өзіне қол жұмсап жатқан жандарды күнделікті өмірімізде де кездестіріп жатамыз. Бұл өте қауіпті. Адам өзін қолға алмаса, шайтанның жетегіне кете бермек және бұл дүние сынақ екенін де ұмытпау керек.   

  Зерттеу жұмысы авторы:  Сабырғалиев Нұрлыбек

Ақтөбе гуманитарлық колледжінің 4-курс студенті

Нурлыбек СабыргалиевНурлыбек Сабыргалиев
9 лет назад 7114
0 комментариев