Әлем әдебиеті "королі" Шекспир және оның "Ромео мен Джульеттасы" туралы (1-бөлім)
Әлем әдебиеті "королі" Шекспир және оның  "Ромео мен Джульеттасы" туралы (1-бөлім)

ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ КІТАПХАНАСЫ!!!

Уильям ШЕКСПИР

1564-1616

(Англия)

     Шекспир! Неткен ұлы есім! Англия әдебиеті дегенде ең бірінші кез-келген зиялы адамның есіне  Шекспир түсетіні ақиқат.  Неге? Не үшін? Бұл ақиқат өзін «ақтай» ала ма? Драматургия  саласында өмірінің соңына дейін қызмет еткен бұл керемет ақын  туралы  францияның  ұлы жазушы Андре Маруаның бүкіл мәдениет тарихындағы үш ұлы жазушысының   алғашқысы деп Шекспирді атағанын  (кейін Оноре де Бальзак пен Лев Николаевич Толстой) ескерсек, бұл ақиқаттың өзін-өзі ақтап тұрғанын бүкіл әлем халқы мойындайды.

    Мен кейде ойланамын, ұлы жазушылар немесе ақындар өзге  ұлы жазушыларды немесе ақындарды өздеріне ұстаз тұта ма екен? Ұлы адам өзге ұлыны – өзіне ұстаз тұтуы керемет қой. Менінше ұстаз тұтатын сияқты. Бұл ой қайдан туындады деңізші?!  Бұл тіпті өзгелер үшін үлкен мәселе болмауы да мүмкін. Өзгелеріне бұл қызық емес те шығар. Алайда, бұл тақырып мені қатты толғандырды. Мені кішігірім зерттеу жұмысына алып барды. Сонымен, Байрон Шекспирді өзіне ұстаз тұтты ма?  Одан ол не нәрсе үйренді? Шекспир Байронға нені үйретуі мүмкін? Ұстаз шәкіртіне өзінде барды үйретумен ұстаз болмайтын ба еді? Бірінен бірі үйрену әдебиетте жасына да, кәріне де бірдей ғой. Мысалы, Лев Толстой «Казактар» атты романын жазып жүргенде Тютчевтің «Көктем» атты өлеңін талай рет оқығаны туралы дерек бар. [ З.Серікқалиұлы, “Сын кітабы».- Алматы, 2008, 177-бет]. Әйтпесе өзінің шәкірті жазған мазмұндамаға оның бірде қызығып та, қызғана да қарауы – «алпыстағы әкенің алтыдағы баладан  үйренетін кезі де болады» деген халық даналығын ұлы жүрегімен қайта бір дәлелдегені емес пе?  Сонымен, тақырыпқа қайта оралайын.  Шекспир – Байроннан алдын өмір сүрген ақын.   Англиядан айдай әлемге танылған Байрон мен Шекспир   өздерінің бойларындағы таланттарын бірден көрсете алмады.Көре алмаушылар көп болды, аяқтарынан шалды. Сол секілді, Байрон секілді ұлы ақын Шекспирді өзіне ұстаз тұтуы мен үшін күлкілі көрінді. Әлемдегі ең ұлы жазушы атанған Шекспирді Байрон көре алмай, «азғырушыларға» еріп, шығармаларын оқымаған шығар деп ойладым... Жазушылық шеберлікке ие болу  бөлек мәселе, ал сол жазушының көркем мінезге ие болуы тіптен бөлек мәселе ғой. Жаман қасиеттерге ие болған жазушы ұлы шығармалар тудыра алуы мүмкін. Сол секілді, мінезі өте көркем жандар  ұлы шығарманы дүниеге әкелмеуі – кейде кездесетін жағдай екені де аян. Мысалы, Мұқағалидың ішкіштігін қанша жамандасақ та,  ол  керемет өлеңдерді тудырып кетті, сол секілді Фаризаны ер мінезді, такаппар десек те, шығармаларынан қуат алатынымыз ақиқат. Осы диалемма  мені Байронның « Шекспирді менсінбеді» дегеніне алып барғаны рас. Алайда, тарихи фактілер маған «қарсы сөйледі». Мені басқаша сендіру үшін өзге дәлелдер іздестіре бастадым. Адам деген  өзі қызық қой. Кез-келген өзін мазалаған сұраққа дәл жауап алғысы келеді. Өзгенің ол мәселе туралы айтатын ойын білмей жүрегі байыз таппайды. Бұл сезім мені де жалмап, Байронның Шекспирді ұстаз тұтқанына өзімше тарихи дәлел іздедім.  Сонымен, мен екі негізге сүйендім.

     Біріншіден, осыдан екі апта бұрын  Джордж Байронның «Очерк» деген өлеңін оқыдым. Бір қызығы, Байрон осы өлеңіне эпиграф етіп Шекспирдің өлеңін алыпты. Мысалы, «Аппақ жанды адал Яга, Ақиқаттың ақ сайтаны боп кеттің. Білем, тегі, өлтіре алман мен сені». [Джордж Байрон, Шығармалары, 496-бет.- Астана, 2005] Ия, осыдан-ақ Шекспирдің таланттылығы Байронды да таңқалдырғанына еріксіз мойынұсынасың.

     Екіншіден,орыстың классик жазушысы А.С.Пушкин: «Оқиғаның шынайылығы және диалогтың сенімділігі – міне, трагедияның нағыз заңы. Шекспир қандай құдіретті адам десеңізші?!  Шығармаларын оқығаннан кейін алған әсерлерімнен әлі де айыға алмай отырмын. Байрон – трагедияшы ретінде онымен мүлде иық теңестіре алмайды»,-деген. [Ж.Қобыланов, «Шетел әдебиеті тарихы», 291-292-беттер.- Астана, 2012 ] Ойланатын мәселе!  Байрон Шекспирге қанша еліктесе де, оның бағындырған белестерін бағындыра алмады.  Міне, осылай өз сауалыма қанағаттанарлық жауап алдым.

    Әрине, кітапты да, сол кітаптағы керекті шығарманы да талғап оқу – өнер.Талғап, таңдап оқу мен үшін аса қиын болғаны еш даусыз.  Себебі, Шекспир шығармашылығы үлкен үш кезеңге бөлінеді. Ол 2 (кейде төрт) поэма, 154  сонет, 37 пьеса жазған ақын. Жеке басым, Шекспирді есіме алсам оның «Ромео мен Джульетта» (1595) атты бес перделі трагедиясы есіме түседі. Негізі, Шекспирдің шығармаларын қазақ жазушылары көптеп аударды. Мысалы, Мұхтар Әуезов «Отелло», «Асауға тұсау» атты трагедияларды, ал Әбіш Кекілбаев «Кориоллан», «Король Лир», «Ромео мен Джульетта» атты трагедияларды аударды. Менің қолыма он екі томдық Әбіш Кекілбаевтың толық  шығармалар жинағының соңғы томы  тиісімен, мені ғана емес, өзгелерді де таңқалдырған «Ромео мен Джульетта» трагедиясын мұқият оқып шықтым.

 

Ромео мен Джульетта

   Трагедияда  екі өз ара дұшпан  отбасында дүниеге келіп, ер жетіп, бой жеткен және кездейсоқ бір-біріне ұшырасып, ғашық болған Ромео мен Джульеттаның аянышты  тағдыры хикаяланады. Феодалдық қоғамның қайшылықтары олардың еркін махаббатына тұсау болғаны айыпталады.                        Бұл оқиға Верона мен Мантуя қалаларында өтеді. Екі бір-біріне дұшпан отбасы: Монтекки (Ромеоның әкесі) мен Капулетти (Джульеттаның әкесі).  Трагедия Капулеттидің екі малайы (Самсон мен Грегория) мен Монтеккидің екі қызметшісінің (Абрам мен Бальтазар) бір-бірлерімен қырқысуымен басталады. Кейін оларға Бенволио (  Монтеккидің немере інісі) мен Тибальт та ( леди Капулеттидің немере інісі, Джульеттаның ағасы) қосылып, бірге топ болып төбелесе бастағанда, оларды князь (ел басшысы) тоқтатады. Князьдің айтуы бойынша, бұл екі әулет осымен үшінші рет қолдарына қару алып қырқысқан екен. Бұл соғыстың елдің берекетін алғандығын және соғысқа тіпті қартайған адамдар да амалсыз араласатындығын айтады. Князь егер олар осы құйтырқы әрекеттерін тағы бір рет қайталаса бастары алынатындығын тілге тиек етуді де ұмытқа қалдырмайды.  [Ә. Кекілбаев, «Ромео мен Джульетта» 12/10. –Алматы 1999]. 

    Кейін трагедия  Ромеоның Розолинаға ғашық болғандығымен жалғасады. [Сонда, 12/13]. Алайда, қыз оның үйленейік деген ұсынысын қабыл етпейді. Қыздың осы қылығы оны терең уайымға салып: «Өліп-өшіп сүйген де азап, Өліп-өшіп жек көрген де азап... Махаббат деген, тәйірі,– Иіс тиіп есеңгірегендей сандырақ»,-деген ой түйгізеді. Жан досы Бенволио оны қанша «жұбатса» да көңілі пәс, уайымы көп.

    Ал, Капулетти әулетінде не жағдай орын алып жатыр екен? Капулетти князьдің туысы, жас жігіт Паристі шақыртып алып, оған әлі он төртке толмаған қызын болашақта бергісі келетінін айтады. Себебі, ағылшындардың ол кездегі дәстүрі бойынша қыз он төртке толғанда тұрмысқа шығады екен  Әкесі өзінің үкілеп отқан жалғыз қызы Джульетта екенін айтып, екеуін таныстыру үшін жылдағы үйреншікті үрдісі үйінде өтетін үлкен жиынға шақырады. Париске: « Қызыммен әуелі әңгіме-дүкен құрып, ойын біліп көр»,-дейді. [Сонда, 12/15]. Кейін, Капулеттидің қызметшісі бастығы тарапынан таратуға алған шақыру қағаздарын оқуға сауатсыз екені себепті, хат танитын Ромеоға жолығып, кешке шақырылған қонақтардың тізімін оқытады да, Ромео мен Бальтазарды  да  шақырады.  Бірақ, қызметші Ромеоның Монтеккидің ұлы екендігінен бейхабар. « Егер Монтеккидің туысы болмасаң ғана кешіміздің қонағы бола аласың»,- дейді оған қызметші. Сонымен не керек, «жығылғанға жұдырық» дегендей, Бенволио «Ромео егер кешке келсе, өзге қыздарға көңілі ауып, Розолинасын ұмытар» деген үмітпен ұсынысты бірден қабыл алып,  Ромеоны да көндіреді.

     Ал, Джульеттаның анасы леди Капулетти мен оның кіндік шешесі әрі  күтушісі  оны Париске тұрмысқа шығуға көндірумен әлек болады. «Қыздың үндемегені – келіскені» дегендей Джульетта үндемей келіскендей болады. Алдында не күтіп тұрғанын, тағдыр оған қандай «сый» дайындап қойғанын қыз қайдан білсін?

   Сөйтіп, әр жыл сайын ұйымдастырылып тұратын кешінде  отыз жыл бойы көріспеген Капулетти мен  оның ағасы бас қосып думан-сауықты қыздыра түседі. Осы кештің «гүлі» болып жүрген Джульеттаны Ромеоның көзі шалып, бір көргеннен ғашық болады. Кейін, Ромео монах болып киініп оған өзінің ернінен сүйгісі келетіндігін айтады. Қыз еріннің сүю үшін емес, «күбірлеп дұға оқу үшін жаралғанын» айтып, ұят болатынын білдіреді. Көркіне ақылы сай қыздың жауабы Ромеоны таңқалдырып, одан сайын оған ынтықтыра түсті. Кейін, жігіт қыздың ернінен емес,бетінен сүйген соң, қыз: « Шаң тимеген пәктігімнен алғаш рет қағылдым»,-дейді. [Сонда, 12/29] Сонда Ромео: « Пәктігіңді қимасаң, өзіме қайтар күнәмді»,-дейді. Бұл   пікіріне қыз қарсылығын білдірмей, керісінше, сүйісуді қайдан үйренгенін сұрап жатқанында, кенеттен анасының шақыртып жатқанын естіп, сауалына жауабын алмай асығыс кетіп қалады. Міне, екі қос ғашықтың алғашқы кездесулері осылай. Алайда кеш осындай қалпында біте қоя ма? Жалпы, Шекспир «өмірде жақсылық пен жамандық қатар жүреді» деген реалды қағиданы өз шығармаларына да арқау етуімен де ерекше. Мысалы, қай жерде, қашан болмасын Тибальт Монтеккидің әулетінен біреуді көрсе болғаны, ашу шақырып, қолына қылышын ала жөнеледі. Тибальт Ромеоны осы кеште көреді де, қанжарын алып оған ұмтылады. Мұны көрген Капулетти: «Кештің шырқын бұзба. Бұл Ромео тыныш, ешкімге соқтықпайтын, мінезі көркем жігіт. Мен онымен емес, әкесімен араз екенімді менен де жақсы білесің ғой. Оны жайына қоя бер»,-дейді.

       Арада біршама күн өткенде Тибальт Бальтазар мен Ромеоны көшеде кездестіріп, тағы да қылышына жүгіреді. Бальтазармен шайқасып жатқанда оларды тоқтатам деп араша түсіп жүргенде  Ромео байқамай Тибальтты өлтіріп алады. Кейін, осы себепті қаладан кетуге мәжбүр болады. Бұл оқиға қала жұртшылығына жайылады.Ромеоның  Тибальтты байқамай өлтіргенін Джульеттаға өзінің күтушісі айтып қояды. Басында Джульетта  оны қарғады. Бұл мына сөздерінен байқалады: «Ол осындай у жасырған гүл ме еді? Періште боп көлгірсіген пері ме? Сырты жылтыр, іші сымпыл сілімтік. Алдамшы жүз сұмырай». Кейін есін жинап алып, бірден: «Есіңді жи! Ромеоны ондайға  қайтып қиясың? Жүзі толы ар, иман. Менің жаңа тілегенім, Ессіздік ед не деген?»,-дейді.   Бұрындары  «Қабуснама» деген кітапта  махаббатқа «есіңнен айыратын у» деп анықтама берілгенін оқып ем. Қызық! Джульетта ағасын өлтірген жігітін кешірді. Оқырман: «Ромео оның ағасын байқамай өлтірді ғой. Кешірсе не бопты?»,- деп уәж айтулары бек мүмкін.  Алайда, Джульеттаға күтушісі ағасының Ромеоның қолынан өлгенін естігенде оны қарғап, артынан бірден кешіріп жіберетіні ақылға сыймайды! Тіпті, қызды Тибальт әдейі немесе байқамай өлтірілгені белгісіз болғандығы себепті  ақтай алмаймын... Байқамай өлтіргенін білсе де қыз кешіріп жіберетін сыңайлы. Ал, Ромео қыздың қандай күйде екенін білмеді. Мені енді  қыз кешірмейді деп ойлап, өзіне қол сұғам дегенде,  Лоренцо пірәдар оны тоқтатып, кеңес айтады. [Сонда, 12/69-70]. Кеңесінде ол: «Адамды адам ететін тек тәуекел. Тәуекелсіз махаббат –  баланың ат ойыны.  Оны барып жұбатып, басу айт та  Мантуяға кетіп қал. Сонда ел тынышталғанша бол. Қазір түнделетіп бар жарыңа»,- деген болатын. Жары демекші, негізі, Лоренцио пірәдар олардың некесін монастырь қақапасының алдында қиған болатын.  Некелері қиылса да, ерлі-зайыптылар секілді тыныш өмір сүрмеді.[Сонда, 12/48]

    Енді, бір қызығы, әкесі өз қызын князьдің туысы, жас жігіт Париспен отастырғысы келетінін жоғарыда айтып ем ғой.  Күтуші әйел қыздың жағында емес, оның сөзін сөйлеп, көмек бергісі келмейді. Бірақ, соған қарамастан қызының көңіліне қарап, талай рет Ромеомен кездесулеріне жол ашып береді, араларында хатшы да болады.Ал,  Әкесі  мен Парис тойды бейсенбіде атап өтуге келіседі. Анасы осы хабарды қызға жеткізгенде, оның тарапынан қарсылық байқалады. Анасы оны  түсініп, өзінің қауһарсыз екенін айтып, әкеңе түсіндіріп көр дейді. Алайда, әкесі дегенінен қайтпай, қызға таңдау қалдырмайды.  Кейін күтушісі  оған: «графтан (Паристен) мықты жігіт таба алмайсың. Оған шығып ал»,- дейді. Ал Джульетта оның сөзін құлаққа да ілмей ең соңғы үмітін Лоренцо пірәдардан күтіп, көмекке жүгінуге бел байлайды. Алайда, егер ол көмектесе алмаса өлімнен басқа жол жоқтығын, өлсе де графқа тұрмысқа шықпайтынын айтуды ұмытқа қалдырмайды. (Жалғасы бар...)

   

 Зерттеу жұмысы авторы:   Сабырғалиев Нұрлыбек

Ақтөбе гуманитарлық колледжінің 4-курс студенті

Нурлыбек СабыргалиевНурлыбек Сабыргалиев
8 лет назад 14013
0 комментариев
Прямой эфир