Анам айтқан "жалған" сөздер!
Анам айтқан "жалған" сөздер!

Анам айтқан «жалған» сөздер

   Бала күнімізде отбасы жағдайымыз тым төмен болды. Кедейліктің қасіреті маған сезілмесе де, шешеме қатты батты. Киер киім, ішер асқа жарымай жүрген кезде, ол үнемі өз алдындағы несібесін  маған бөліп беретін еді. «Құлыным, жей ғой. Менің қарным ашқан жоқ»,-дейтін.Бұл оның үнемі айтатын жалған сөзі еді.

    Ер жете бастаған шағымда базардағы қымбат зат немесе дәрумендер алып беруге шешемнің қалтасында  көк тиын жоқ еді. Үнемі жақын маңдағы өзеннен балық аулап келетін.Мен балық етін жеп, сорпасын ішіп отырған кезімде , ол үнемі үстел үстінде отырып, балық сүйегін мүжіп отыратын.Анам қайнатқан балық сорпасының дәмі әлі күнге дейін таңдайымда. Ыдысына ет салып берсем: «Өзің жей ғой. Білесің ғой, мен балық етін ұнатпайтынымды»,-деп қайтадан өзімнің  ыдысыма салып қоятын. Бұл оның екінші жалған сөзі болатын.

   Орта мектеп оқып жүрген кезімде менің оқу құралдарыма және киіміме кететін қаражатымды қамдау мақсатымен ылғи түні бойы мардымсыз ақша үшін тігіншілікпен айналысатын.Түн ортасында оянсам, бүкшиіп отырып, киім тігіп отырған анамды көретінмін. «Анашым, ұйықтаңызшы.Таңертең тағы жұмысқа барасыз ғой»,-десем: «Ұйықтай бер, құлыным! Менің әлі ұйқым келген жоқ»,-дейтін.Ал бұл сәтте таң ағаруға сәл-ақ қалғанын іштей сезіп жататынмын.Бұл оның үшінші жалған сөзі болатын.

   Жоғарғы оқу орнына емтихан тапсырар күні мектеп қақпасының алдында шақырайған күн астында мені күтіп тұрған анамды көрдім.Өзге ата-аналар секілді дүкеннен салқын су алуға ақшасы жоқ шешем маған бола қант қосылған қара шай алып келіпті.Үш сағат бойына мені күтіп тұрған байғұс анам еріні кеберсіп кетсе де, әлі нәр татпағанын білдім. «Өзіңіз ішіңіз»,- деп ұсынып ем: «Жаңа ғана іштім.Әлі шөлдеген жоқпын»,-деді. Кесе түбіне анамның мейір-шапағаты толғанын сезінетінмін. Сарқып алып, анамды құшақтадым.Бұл оның төртінші жалған сөзі еді.

  Әкем өмірден озғанда анам тым жас еді.Жалғыздықтың азабын аз  татқан жоқ.Тігіншілікпен тапқан аз ғана нәпәқасымен мені оқытты. Республикалық әйгілі университетке  қабылдандым.Нағашы апамның жазған хатынан,жалғыз басты, ақылды көрші ағайдың үнемі анама көмектесіп, отын-суын әкелісіп, ірілі-ұсақты шаруаларына қолғабыс етіп жүретінін білдім.Апайым маған керемет ой салды. Әкемді қанша сағынсам да,анамның жанашырсыз,жалғыздығын ойлап, ылғи демалысқа келген кезімде сол ағай туралы айтатын едім.Анам: «Әй, өзі ақпейіл жан. Бірақ, ұлым, мен оны ұнатпаймын ғой.Өз жайың қалай? Маған ертерек келін керек»,-деп күлімсірейтін.Әңгімені басқа жаққа бұра бастағанынан мен оның тағы да жалған сөйлеп тұрғанын сезетінмін. Бұл-бесіншісі еді.

    Университетті бітірген жылы жұмыс жағдайыммен сол қалада қалып қойдым. Жалақым бір басыма жетпей жүрсе де,үнемі анама ақша салып тұратын болдым. Бірақ, сол ақшам әр жолы өзіме қайтып келетін еді. «Құлыным! Менің өз табысым өзіме жетеді.Сен қиналып қалма»,-деген хаттар келетін. Жыл соңында ауылға қайтқанымда, анамның жұмыссыз қалғанын бір-ақ білдім.Сонда оның маған тағы да жалған сөз айтқанын ойлап, көзіме жас іркілді.

    Сол жылы өзім оқыған университеттің магистратурасына түсіп, бітіріп алған соң Америкада бір әйгілі университетте докторлықты оқыдым. Оқуым біткен соң, айлығы да жоғары үлкен бір зерттеу орнының өтінішін қимай, сонда қалып қойдым.Ауылдағы анама ақша да, сыйлықтарды да жіберіп тұрдым.Анамды қанша сағынсам да, бала күннен талпынған бұл еңбегімнің жемісін әлі көрмеген едім.Сол үшін ауылға қайтпадым.Ал анам: «Мен ол жерге көне алмаймын»,-деп қасыма келуге қарсы болатын. Бұл анамның әрі жалған, әрі шын сөзі болатын.

     Арада біршама уақыт та өтті. Анам да қартайды.Бір күні ауылдан шұғыл шақырту келді.Жүрегім ауызыма тығылардай үреймен алаңдаушылық ішінде ауылға жол тарттым. Ауыр асқазан рагына шалдыққан анам емханаға түсіпті.Тәңірден күн сайын анамның амандығын тіледім.Ота жасалғанда анамның жаны зарға қалған еді.Жанға батқан ауыр азабы тіптен қартайтып жібертіпті.Осыншама уақыттан бері оны күн сайын сағынсам да, қадірін ешқашан жете түсінбеппін.Наркоздан әлі оянбаған анамды құшақтап, егіліп жыладым. Аз-кем уақыттан соң ғана көзін ашып, маған  күлімсіреп қараған анам қауқарсыз саусақтарымен менің қазандай басымнан сипап: «Құлыным! Жазылдым ғой, міне! Еш жерім ауырған жоқ»,-деді.Мен оның ұлына айтқан ең соңғы жалған сөзін естігенімде, көз алдымда аспан ауып бара жатқандай мең-зең күй кештім.

Жазып алған:

Нұрлыбек САБЫРҒАЛИЕВ

 

 

Нурлыбек СабыргалиевНурлыбек Сабыргалиев
9 лет назад 5570
2 комментария
  • Қой аузынан шөп алмас момыным-ау! Мен үшін отқа да, суға да түсуге дайын болған жанышырым-ау! Есейіп кетсем де, өле-өлгенше менің тілеуімді тілеп өткен қамқоршым-ау! Соңғы рет барғанда, ерекше бір жұпар иісіңді иіскеп, мейірім қанғандай болып еді... Салалы саусақтарыңмен басымнан сипап, мені еркелетіп едің... Сексеннің сеңгірі келсе де, аз-кем зейнетақысын жастығыңның астына тығып, маған сақтап қоюшы едің. "Мама, менің жұмысым бар, қызметім бар, ақшаңа дәрі-дәрмек аларсың. Немерелеріңе жұмса" дегенде, "олардың да өз несібелері бар ғой, ал сенің қолыңда шүпірлеген бала бар. /Қолымда ағамның студент балалары бар еді/. Сендер аш отыр ма деп, тамағымнан ас жүрмейді" деп қалтама тықпалайтын. Шіркін! Анасы барлар бақытты ғой! Мен анамның қадірін ол кісі дүниеден өткен соң барып білдім. Оның орнын ештеңе баса алмайды екен. Тіпті қасыңдағы жан жарың да, ішіңнен шыққан балаң да, сен десе ішкен асын жерге қоятын бауырларың да... Қатты ренжіткен жерім болса, кешір мені, анашым! Еркелікпен білместік істеп, көңіліңе кірбің ұялатқан жерім болса, кешірші. Біле білген адамға сені арқасын салып көтеріп жүрсе де, артықтық етпейді, тіпті жарасады екен. Сен үшін Аллаға жасаған дұғам қабыл болсын! Риза бол, анашым! Риза бол...
    9 лет назад
  • Анасы бар адамдар... Аналарыңды сыйлаңдар! Олар сендермен бірге жүре бермейді. Аз-кем жалғанда олардың қызметінде болыңдар. Қолдарыңнан келгенше, жақсылықтарыңды аямаңдар! Бір оқиғаны көзім көрген. Мен туып -өскен ауылда бір мектеп директоры болатын. Жас кезіміз. Кеңес өкіметінің уақыты. Сол уақытта әлгі кісі елуді еңсерген жігіт ағасы. Бірде сексенге келген кәрі шешесі ауырып, жедел жәрдем шақыртыпты. Жедел жәрдем кешігіп кетсе керек, әлгі кісі түнделетіп, шешесін арқасын салып, арқалап алып, аурухана қайдасың деп тартып отырыпты. Сөйтіп, шүйкедей шешесін үшінші қабатқа арқалап шығарыпты. Оны көргендер әлгі кісіні сыртынан да, көзінше де мақтап, рақметін жаудырыпты. Өзі қызметкер бола тұра, үстіне қыл жұқтырмайтын костюм-шалбармен жүретін, ылғи жиналыстарда, ірі қызметте жүретін әлгі кісі: "Оның несі айып? Шешемнің мен үшін қызметі өткен. Енді менің кезегім" деп күліп те қоя салыпты әлгі кісі. Сол оқиғаны естіген заматтан бері мен сол кісіні қатты жақсы көріп кеттім. Оңан да балалары сондай қызмет ететін болады. Себебі, "көргені бар".
    9 лет назад