Сұлулық ханшайымы болғың келсе...
Сұлулық ханшайымы болғың келсе...

Сұлу болғым келеді, қартаймайтын!..

 

Осы тілек қай арудың да арманы болар, сірә? Иә, жас болып мәңгі қалатын сұлулық – менің де арманым...

 Әйел болып жаралған соң, оның нәзік заты әсемдікке құштар келеді. Өмірдің өткінші екенін білсек те табиғатымыз талап еткен соң, әсемдік пен әдеміліктің сырын іздейміз.

Біреу үшін сұлулық – сұлу тәнмен өлшенеді. Сымбатты болудың жолына түскендер, оны көбіне диетадан іздеп жатады. Әттеңі сол, диетаның соңы сәнқойға «анерексия» дертін «сыйлайтын» жағдайлар да жоқ емес. Құр қаңқасын сүйретіп, қабірге қаусап қадам басқан «сымбаттылықтан» не қайыр дейсің мұндайда.

Кейбір әйелдер мүсінін бұзбай, сұлу қалпын сақтау үшін құрсақ көтермеуді, бала тумауды жөн көреді. Алайда, «Ең сұлу әйел – көп бала тапқан әйел»,-деп елбасымыз айтқандай, расында да бала тапқан сайын  әйелдің ағзасы жаңарып, керісінше көркі нұрлана түседі. Мұндай әйелдерге қатысты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бала тумайтын сұлу әйелден, бала туатын қара күң артық», – деген болатын.

 Келбетінің «келіспеген» тұсын пластикалық отаға жүгіну арқылы көркемдегісі келетіндер де көп. Алайда, «сұлу болам» деген дәмесі ақталмай, отадан соң санын соғып қалғандар, өзінің баяғы түріне қолы жетпей, жұрт көзіне көрінуден қалғандар да аз емес. Пышақ астында жатып жан тапсырғаны қаншама?

Ал, көп әйелдер терілген қиғаш қасты, кейде қастың орнындағы «татуаж» сызықты әсемдік көреді. Алайда, Алла Тағала лағнет еткен күнәлі амалдан сұлулық іздеу – шайтанның дұшпандығынан жылулық іздеумен бірдей секілді іс. Ақиқатында, терілген қастан гөрі, табиғи қалпы бұзылмай, керілген қастың келбетімізге әлдеқайда әсемдік беретіні сөзсіз.

«Бетіңе бірінші сорт ұн жақсаң да

Баяғы қара жүзің ағармапты...»

Ендігі көбіміз көркейе түсудің оңай тәсілін опа, далап пен бояулардан іздедік. Бояну орнымен болса, өз орнында қолданылса, оқасы жоқ әрине. «Боянудың жөні осы екен» деп, Мұқағали ақынның мына:

 «Қарындас неге қидың қолаң шашты?

Біртіндеп неге жұлдың қиғаш қасты?

Бетіңе бірінші сорт ұн жақсаң да

Баяғы қара жүзің ағармапты.

Ернің де қан ішкендей кезеріпті,

Шашың да қып-қызыл боп қызарыпты,

Боксқа қатыстың ба қарындасым?

Көзіңнің айналасы көгеріпті», - деген әзіл өлеңін еске түсірмесе болғаны да дейміз.

Әбу Бәкір әс-Сыддық (Алла оған разы болсын): «Үш нәрсе үш нәрсемен табылмайды: байлық – арманмен, денсаулық – дәрі-дәрмекпен, жастық – бояумен», - дейді. «Сұлулық дегеніміз – жастық», - депті тағы бір дана. Рас. Қай ғасырда да нәзік жандының: жүзінен әрі таймау үшін, мәңгі қартаймау үшін сан түрлі әрекетке баруы – мұның сырын ұқтырғандай. Алайда, ескірмейтін, тозбайтын дүниені бұл өмірден табасыз ба? «Біз кімге ұзақ өмір берсек, оны бастапқы жаратылысына кері қайтарамыз. Олар ақылдарын істетпей ме?» - деген Құран аятынан («Иа син» сүресі, 68-аят), алдыңғы күш-қуаттан кейін, адамның бастапқы әлсіздікке қайтарылатынын әрі осыдан дүниенің өткінші екенін көруге болады. Ибн Кәсир.

Көктем келіп құлпырған даланың, жазда жайнайтыны, ал күзде сарғайып, қыста қайта қурайтыны секілді, адам да: ұрық суы, ұйыған қан, нәресте, ержету, қартаю кезеңдерінен өтеді. Бұл жайында Құран Кәрімде: «Ол сендерді /Адам атаны/ топырақтан, кейін /Адамның ұрпақтарын/ тамшы ұрық суынан, содан кейін ұйыған қаннан жаратты. Содан соң Ол сендерді /аналарыңның жатырынан/ нәресте етіп, кейін толысып жетілулерің, одан соң қартайып кәрі болуларың үшін шығарады. Сендердің іштеріңде одан алдын қайтыс болатындар да бар, сөйтіп бәрің де белгіленген бір мерзімге жетулерің үшін. Бұл жайлы ақылдарыңды істетіп, ұғынарсыңдар», - деп баяндалады. («Ғафир» сүресі, 67-аят).

Бұл аятқа қауышқан ақыл, Алла қаласа, ақиқаттың да мәнін ұғар деп үміттенемін. Демек, өмірге адам болып келген соң, қартаймау мүмкін емес. Уақыт өтіп, кәрілік таяған сайын, көріктілік түгіл, адам бойында күш-қуат та қалмақ емес. Қанша жерден қартаймаудың жолын іздегенмен, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кәріліктің дауасы жоқ», - деді емес пе?

 

«Алла бейнелеріңе қарамайды...»

 

Иә, рас, мен де сұлулыққа ғашықпын. Көрікті болғым келеді. Әдемі аруларды, сымбатты сұлуларды көрсем, көз ала алмай «сұлулығының сырына бойлап» ойға батып кететінім бар. Үйге келген соң айнаға қарап, сондай сұлулықтың өз бойымда болмағанына іштей қынжылып қалатын едім. Алайда, Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, Алла сендердің денелеріңе, бейнелеріңе қарамайды, жүректеріңе қарайды», - (Муслим) деген сөзін естігенімде, денсаулық, сұлулық, дүниеде – өзімнен төменгіге, ал иманда – өзімнен жоғарыға қарауды мақсат тұттым. Адам қарайтын «тысымды» емес, Алла қарайтын «ішімді» түзетуім әлдеқайда маңызды екенін ұқтым. Ақиқатында, адам жүрегі қандай болса, барлық мүшесі де сондай болады емес пе? Ендеше, жүректің тақуалығынан артық – дәреже, жүректің тазалығынан артық – сұлулық, жүректің тыныштығынан артық – бақыт жоқ екен.

 

«Бейнемді көркем етпеді» деп өкпелеуге...

 

Әл-Мусаууир /кескін-келбет беріп, Бейнелеуші/ Алла Тағалаға адам етіп жаратқаны үшін алғысым шексіз! Жатырда қалай бейнелеген болса, мен соған разымын! «Бейнемді көркем етпеді» деп өкпелеуге ешбіріміздің хақымыз жоқ. Өйткені: «...Ол сендердің кескін-келбеттеріңді қалыптастырып, тұлғаларыңды кемелдендіріп, көркем етті. Әрі Ол сендерге түрлі игіліктерден ризық берді». («Ғафир» сүресі, 64-аят).

Дәл осы аяттың тәпсіріндей көркем, Абай данамыздың мына сөзі шүкірлігімнің артуына, Мейірімді Алланы жақсы көре түсуіме үлесін қосқан еді. Тағы бір назар салыңызшы, мұнан артық қандай құрмет, нендей көркемдік іздейміз?! Абай: «...Адам баласынан махшарда сұрау алатұғын қылып жаратқандығында һәм ғадәләт, һәм махаббат бар. Адам баласын құрт, құс, өзге хайуандар сипатында жаратпай, бұл көркем сипатты беріп, екі аяғын бастырып, басын жоғары тұрғызып, дүниені көрерлік қылып, өзге хайуандар секілді тамақты өз басымен алғызбай, ыңғайлы екі қолды басқа қызмет еттіріп, аузына қолы ас бергенде, не ішіп, не жегенін білмей қалмасын деп, иісін алып ләззаттанғандай қылып, ауыз үстіне мұрынды қойып, оның үстінен тазалығын байқарлық екі көз беріп, ол көздерге нәзіктігінен, зарардан қорғап тұрарлық қылып қабақ беріп, ол қабақтарды жауып тұрғанда қажалмасын деп кірпік жасап, маңдай тері тура көзге ақпасын деп, қаға беруге қас беріп, оның жүзіне көрік қылып, бірінің қолынан келместей істі көптесіп бітірмекке, біреуі ойын біреуіне ұқтырарлық тіліне сөз беріп жаратпағы махаббат емес пе? Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз емес пе?..» - деп, Алланың шеберлігіне, мейіріміне, даналығына сүйсініп, ғажаптана отырып бізге сөз қалдырды. Мұнан соң қалай жүрек елжіремейді, қалай көзіңе жас үйірілмейді, бауырым?..

Ендігі жерде, мен үшін сұлулық деген ол – он екі мүшемнің саулығы. Менің тәжім – орамалым. Әуретімді жасыратын көйлегім – менің көркім. Сұлулық деген – кеудемдегі иман. Сұлулық деген – қыздың ары мен биік намысы. Бұқар жырау: «Қызда қылық болмаса, құр шырайдан не пайда?» ‒ дейді. Олай болса, көріктілік – қыздың қылығы, көркем мінезі, кішіпейілдігі мен парасаттылығы. Қылықты болу деген – бос сөз, дөрекі мінез, дарақы күлкі, орынсыз ыржың, қажетсіз қылжаңдылық емес. Мұндай қылықты халқымыз «арсыздық» деп атап: «Тіл алмаса – ұлың жау, арсыз болса – қызың жау» - деген. Ал, пайғамбарлардан: «Ұялмасаң, білгеніңді істе», - деген сөз жеткен.  Демек, «Әйел бойындағы ең көрікті әшекей – оның ұяты»...

...Есет Қараұлы: «Ажары болмас арудың, екі он бестен жасы өтсе», - дейді. Бұл – шындық. Күлкі мен мұңның әжімі жыл өткен сайын жүзіңді торлайды. Бірақ, мәңгі жастыққа деген үміт кімді де болса тастаған емес. Сөйтсек, бұл да бекер емес екен. Адам жаны мәңгілікке жаралғандықтан да мәңгі жастықты аңсайды, сұлулыққа құмартады. Әрі бұндай бақытқа қол жеткізуге де болады!

 Құрбым! Егер, Хурлардың (жәннаттағы хор қыздардың) ханшайымы болғыңыз келсе, иманға келіңіз! Жәннатқа апаратын амалдарды орындауда жарысыңыз! Алла нені бұйырса, соған бойсұнып, неден тыйса, содан бас тартыңыз! Шамаңыздың келгенінше Алланың Мейіріміне лайық болуға ұмтылыңыз! Жартылай жалаңаш болудан өзіңізді сақтаңыз! Себебі, Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «...Киінген, бірақ киген киімдері денесін жаппайтын, бір жағына қисаятын: (мұның бірнеше түсіндірмесі бар:

 а) Алланың бұйырғандарынан бас тартып, ақылға келмейтін адасушылар;

 ә) екі жағына майысып басып, өзгелерді еліктіруші әйелдер;

б) шаштарын сәндеп, еліктіруші әйелдер;

в) еркектің алдында қылымсып, әдеміліктерімен арбаушы әйелдер) және басқаларды осыған шақыратын, бастары бұлғақтаған түйенің өркешіне ұқсайтын жалаңаш әйелдер. Олар Жәннатқа кірмейді, тіпті олар Жәннаттың иісі өте үлкен қашықтықтан сезілетін болса да оның иісін сезбейді», -деген. (Муслим)

 

Иманды әйелдің Жәннаттағы жағдайы

 

Бұл өмірдегінің бәрі баянсыз. Ал, иманды әйелдер үшін Алла Тағала мәңгіліктің бақытын Уәде етеді: «Ақиқатында, Біз оларды басқа жаратумен жараттық әрі оларды ер көрмеген пәк қыздар еттік, күйеулеріне сүйікті, құрбылас», - деп. («Уақиға» сүресі, 35-37-аяттар).

Бұл аятты тәпсірлеген ғұламалар: «Олар жердегі өмірде қартайып, көріксіз болып қалғанмен, Алла Тағала ол әйелдерді қыздық пәктігімен, махаббатқа тұнған күйінде жаңадан қайта жаратады. Ибн Касир»;

«Бұл ‒ түрлі жаста дүниеде қайтыс болып, жәннаттық болған барлық иманды әйелдерге қатысты. Олар өте сымбатты, сұлу болып, күйеулеріне құрбылас, жастары бірдей болады. Олар бір-бірінен разы болып, тәтті тіршілікте болады. А.Саъди» ‒ деп түсіндіреді.

 

 

 

Жәннатта сұлулық арта түседі

 

Білесіз бе, бұл өмірде уақыт өткен сайын қартайып, қауқарымыз кетіп, жүзімізден әр тая беретін болса, ал Жәннатта керісінше, күн өткен сайын сұлулық та арта бермек!

Әнәс ибн Мәликтен (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте, Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, Жәннатта бір базар бар (мұнда «базар» деп, олар жиналатын мәжіліс орны меңзелген). Оған (жәннаттықтар) әр жұмада келеді (яғни, олар бұл орынға әр жұманың, яғни аптаның шамасында жиналады. Өйткені Жәннатта күн және түн мен күндіз болмағандықтан, апта есебі де болмайды). Сонда солтүстіктің самалы есіп, олардың жүзі мен киімдеріне шашады (яғни, бұл жел жәннаттықтардың жүзі мен киімдеріне жаннаттың жеріндегі мискті және т.б. игіліктерді шашады) да, олардың көркі мен сұлулығы артады. Сөйтіп олардың көркі мен сұлулығы артып, үйлеріне қайтқанда, оларға әйелдері: «Алламен ант етейік, бізден (кеткендеріңнен) кейін көріктерің мен сұлулықтарың артыпты ғой!» – дейді. (Еркектер де оларға): «Сендер де, Алламен ант етейік, біз (кеткеннен) кейін көріктерің мен сұлулықтарың артыпты!» – деп айтады», – деген. (Муслим)

Сонымен қатар, басқа хадистерде: «Жер бетінде жақсы, ізгі амал істегендері үшін жәннатқа кірген әйелдер, хор қыздарынан да сұлу болады»; «Мына дүниенің салиқалы әйелдері, хор қыздарынан жетпіс мың есе артық болады», – делінеді. (Хаббан ибн Хабладан ибн әл-Мубарак риуаят еткен).

Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қарт әжеге айтқан: «Жәннатқа кәрілер кірмейді, жас болып кіреді», – деген көркем әзілі де сіз бен бізді сыйы үзілмейтін көркем тіршілік – Жәннатқа асықтыруы тиіс!  Келіңіз, бауырым, ниетті түзеп, Жәннатқа жақындатар амал жасайық!..

 

 

 

Абдуллаһ Ақбота

Нурлыбек СабыргалиевНурлыбек Сабыргалиев
8 жыл бұрын 8372
6 пікір
  • Ең сұлу әйел - иманды әйел. Мен өзім оқып жатқан курсқа барған сайын бір қара торы қызды көріп жүрмін. Мені жасы үлкен деп сынып партасының алдына отырғызып жүретін ұстазымыз. Оның үстіне жасым келген, көзім де бұрынғыдай емес дегендей...Өткен жолы сәлем беріп кіріп барсам, әлгі қара торы қыз менің орныма отырып қойыпты. Мен барып, "қызым, бұл менің орным" деп қалып едім, әлгі қыз жалма-жан тұра салып, кешірім сұрап, маған орындығымды босатып берді. Жүзіне қарап едім, қызарып кетіпті. Иә, кәдімгі қазақтың қара торы қызы. Көптің ішінде ешкімнен айырмасы жоқ. Бірақ, оның бір артықшылығы бар еді. Ол қыз өте иманды. Болар-болмас үні бар, ақырын, сыбырлап қана жауап береді, күлгенде миығынан ғана күледі. Көп сөйлемейді. Жүзі жылы, бауырмал, адамға құрметпен қарайды. Былайша айтқанда, адам сүйсінерлік мінезі бар екен. "Ойпыр-ай, неткен жұмсақ бала?!" деп таң қаласың. Мәселе оның қара торы реңінде емес, арғы жағында жатқан негізінде. "МашаАллаһ! Осындай жастар көбейе түссе екен" деп сыбырладым Аллаға шүкіршілік етіп... Әлгі бойжеткен мені бет-жүзінің, дене бітімінің сұлулығымен емес, иманының сұлулығымен жаулап алды. Оның күлімсіреген қара торы жүзіне ұрланып қарай бергім келді...
    8 жыл бұрын
  • Ия, дұрыс айтасыз Ләйлә ханым! Сұлулық бетте емес - жүректе! Иманына көркі сай қыздарымыз көбее берсін. Өзін көріксіз санайтын қыздар бұл мақаламды оқып ойланар, ой түйер деген үміттемін!
    8 жыл бұрын
  • Нұрлыбек, балам, мені "ханым" демей-ақ, "батысшалап" "апа" дей берші. Маған "апа" дегенің жақындау естіледі, қалқам. Нұрлыбек, саған айтайын, қыздар оқысын. Беттің сұлулығы жылдар өте "сыр" береді. Қанша сұлу болсаң да, жасың келген соң, қартаясың. Терің де бірге қартаяды. Бітімің де қартаяды. Әрине, Жаратқан берген сұлулықтан түк қалмайды дей алмаймыз. "Сыры кетсе де, сыны кетпейді". Дегенмен, өзің айтып отырған "жүректің сұлулығы" еш қартаймайды. Жүрегінде иманы бар адам жан-жағына шуақ шашатын сәуле сияқтынып тұрады. Оған жұрт жақындағыш, үйір, құмар келеді. Оны отбасы, туған-туыстары, үлкен-кіші бәрі құрметтейді. Ирина Шейхисламова сұлу. Оған күмән жоқ. Бірақ, "ар-ұятым" деп етек-басын орамалмен тұмшалап, алдыңнан кесіп өтпейтін, мәжнүн талдың жас сабағындай майысып, иіліп тұратын иманды қыздар бәрінен де сұлу.
    8 жыл бұрын
  • Р. S. Ирина Шейхисламова - Ирина Шейк.
    8 жыл бұрын
  • Нұрлыбек, айналайын. Қазақтар айтады" Болар бала б...нан" деп. Ақыл - жастан ғой. Сен жассың, қатар-құблыларыңа осындай тәрбиелік мәнісі зор мақалаларды көбірек жазып тұрсаңшы. Біз айтсақ, көп жас "ақыл айтты" деп қабылдайды. Сендер айтсаңдар, сендерге еліктеп, сендерге ұқсағысы келіп, үлгі алады. Себебі, жастар балқып тұрған болат сияқты. Қалыпты қалай құйсаң, формасы солай шығады. Үйдегі ата-ана, аға-ападан гөрі өздерімен қатар жастардың сөзі өтімдірек жастар үшін. Көп жаса, балам. Менің ұлымнан да кіші екенсің, Алланың разылығын тап!
    8 жыл бұрын
  • Алла разы болсын сізге Ләйлә апа! Ма ша Аллаһ. Ия, жасым 23-те. Кіші шығармын ұлыңыздан.
    Дұрыс айтасыз. Осындай мақалаларды көптеп жазу керек. Мен тақырып таңдамаймын. Халқымыз исламның кез-келген саласындағы уағыз-насихатына мұқтаж. Дініміз ақида (иман), фиқһ (ислам) және мінез-құлық, ахлақ (Ихсан) атты үш бөлімнен тұрса, сол үш салада ахлаққа назар аудару керек болып жатыр
    8 жыл бұрын
Блог туралы