Сіз білуге тиісті Исламның 7 артықшылығы
Сіз білуге тиісті Исламның 7 артықшылығы

Исламның 7 артықшылығы

 

Исламның артықшылықтары мен құндылықтарын бір мақалаға, бір кітапқа тізіп беру мүмкін емес. Біліміміз Алла Тағаланы қамти алмайтыны секілді, Оның дінін де саралай алмаймыз. Күллі адамзат күш біріктірсе де, ислам секілді жүйе ойлап таба алмас еді. Алайда, адамның ақылы діннің сұлулығын, даналығын, ұлылығын тануға қауқарлы.

 

 1. Ислам – Алланың діні.

 

Жаратушы қандай кемел болса, Оның діні де соншалықты мінсіз. Алла Тағала: «Мәида» сүресінің 3-аятында: «Бүгін діндеріңді толықтырдым және нығметімді тәмамдадым. Сондай-ақ, сендерге Ислам дінін қоштап ұнаттым» дейді. «Ақиқатында, Алла алдындағы дін – Ислам». («Әли-Имран» сүресі, 19-аят). 

 

2. Ислам – өмірдің барлық саласын қамтитын дін.

 

 Бұл туралы Құранда: «Біз Кітапта» еш нәрсені қалдырмадық (бәрін жаздық)» делінген. («Әнъам» сүресі, 38-аят). Алла риза болған дін фәни мен бақиды ретке келтіретін заңдарды, Алланың және адамның, адам мен адамның арасындағы құқықтарды анықтайтын аяттарды қамтиды. Яғни, Жаратушы туралы түсініктер, Оның сипаттары мен есімдері, жақсы көретін, ұнатпайтын істері, мейірімі мен жазасы исламнан тыс қалмаған. Адам тіршілігінің басталуынан (құрсақтағы кезеңдер) соңына дейінгі оқиғалар, періштелер, пайғамбарлар, қоршаған орта, аспан әлемі, жұлдыздар, Жер құпиясы, теңіздер, флора мен фауна туралы сырлар таңғалдырмасқа қоймайды.

 

3. Ислам – ешкімді мәжбүрлемейтін дін.

 

Біз үнемі бір нәрсені ұмыт қалдырамыз. «Дінде зорлық жоқ». Ешкім сізді «құлшылық жаса» деп қыстамайды. Тура жол адасудан әлдеқашан ажыратылған. Сіз алдын-ала бағдарламаланған робот емессіз, таңдау еркі берілген ақыл иесісіз. Алайда, қалай өмір сүрсеңіз де, соңында екі ғана аялдама бар. Бірі – тозақ, екіншісі – жәннат.

 

 4. Ислам – өмірдің мәнін түсіндіретін дін.

 

Есті адамды ең бірінші толғандыратын сұрақ: «Қайдан келдім және қайда барамын?». Алла Тағаланың бір ғана: «Жын мен адамзатты Өзіме құлшылық етуден басқа нәрсе үшін жаратпадым» («Зәрият» сүресі, 56-аят) деген аяты адамның өмірлік мақсатын айқындайды. Мақсаты айқын адам ғана діттеген жеріне жетеді емес пе? Ислам осы мақсатқа жетудің жеңіл әрі дұрыс жолын көрсетеді.

 

 5. Ислам – жеңілдетілген дін.

 

Құранда мынадай аят бар: «Әрі Ол сендерге дінде ешбір қиындық жасамады» («Хаж» сүресі, 78-аят). Көпшілік «құлшылық» сөзін тым ауыр қабылдайды. Адамның ислам бұйрықтарын орындамауының басты себебі де – құлшылықты қиынсынуы. Алайда, адамдарға қиындық келтіріп, еркіндіктерін шектеу – Алланың хикметіне мүлде жат нәрсе. Құлшылықтың пайдалары кейде анық көрініп тұрса, кейде жасырынып тұратыны белгілі. Адамдардың жанын тазалау, жақсылыққа бойын дағдыландыру, кемшілік пен күнә атаулыдан пәк ету, нәпсіқұмарлықтың құлдығынан азат ету, адами кемелдікке жеткізіп, Жаратушысына жақындату – құлшылықтардың негізгі даналығы. Сондай-ақ, белгілі бір жағдайларға байланысты құлшылық түрлері жеңілдетіледі. Солай бола тұра, толық атқарған адаммен бірдей сауап жазылады.  Дұғаны басқа біреу арқылы емес, әркімнің Аллаға қол жая алуының өзі баға жетпес жеңілдік емес пе?

 

Ислам – жеңіл дін ғана емес, өзіне бағынған адам өмірін жеңілдететін ұлы күш.

 

 6. Ислам – ақиқаттың, әділдіктің діні.

 

Исламның иесі – әлемдердің Раббысы. Ол әйелді де, еркекті де, ақ пен қара нәсілді де жаратты. Оның заңының, рақымының алдында барлығы тең. Өзіңізді ешкімнен кем яки артық санамай өмір сүру нендей керемет! Мұхиттың арғы бетіндегі бауырыңды жақсы көргізген асыл дініміздің сұлулығына қалай тамсанбасқа? Солай, ислам ешкімді алаламайды, төмендетпейді. Алайда, Алла алдында тақуа адамның мәртебесі мерейлі болмақ. Тақуалыққа ұмтылыс – ұлы мұрат.

 

 7. Ислам – адамға екі дүние бақытын сыйлайтын дін.

 

Әркім бақытты іздейді. Ал ғұламалар: «Исламдағы адам бақытсыздық дегенді білмейді» деген екен. Ислам көрсеткен қағидаларды сәйкесінше ұстанған адам бұл бақыттың дәмін тата алады. Ең бастысы, жүрек тыныштығы, рух ләззаты – «ислам» атты ұлы сандықтың ішінде...

 

Иә, ислам «намаз», «ораза», «орамал» секілді ұғымдардан ғана тұрмайды. Ислам – телегей теңіз. Жүзіп өткенде ғана өз игілігін береді. Тым болмаса бірге бел ортасына барып көрейікші, Алла Тағала соңына жеткізетін күш беретіндігіне сенімдіміз...

Нурлыбек СабыргалиевНурлыбек Сабыргалиев
8 жыл бұрын 6019
0 пікір
Блог туралы