ЖАҚСЫ ЕРГЕ ЖАР БОЛУДЫ АРМАНДАЙТЫН ӘЙЕЛДІҢ ДҰҒАСЫ
ЖАҚСЫ ЕРГЕ ЖАР БОЛУДЫ АРМАНДАЙТЫН ӘЙЕЛДІҢ ДҰҒАСЫ

ЖАҚСЫ ЕРГЕ ЖАР БОЛУДЫ АРМАНДАЙТЫН ӘЙЕЛДІҢ ДҰҒАСЫ

Назарларыңызға Алланың разылығын ерінің разылығы арқылы табуды мақсат тұтқан келіншектің шағын жазбасын ұсынып отырмыз.

 БАРЛЫҚ МАҚТАУ-МАДАҚ АЛЛАҒА ТӘН! ІЗГІ СӘЛЕМДЕР ӨЗІНЕН КЕЙІН ПАЙҒАМБАР КЕЛМЕЙТІН МҰХАММЕДКЕ (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсынБОЛСЫН!

Я, АЛЛАҺ! Я, ӘР-РАХМӘӘН! (АСА РАХЫМДЫ) Я, ӘР-РАХИИМ! (ЕРЕКШЕ МЕЙІРІМДІ)! Өзің береке жаудырған түннің үшінші бөлігінде құлың келді алдыңа. Қолын көтерді, алақанын жайды, тілін сөйлетті, маңдайын сәждеге қойды, босағаңнан кеткісі келмейді. Дәл осы уақытта «Кім Менен дұға қылса, оның дұғасын қабыл етемін. Кім Менен сұраса, сұрағанын беремін. Кім Менен кешірім өтінсе, кешіремін!» деп уәде берген Өзіңсің ғой! Я, Раббым! Бар менің дұғам! Көп менің дұғам!

Я, ӘС-СӘМИИЪ (ЕСТУШІ), Я, ӘЛ-БАСЫЙЫР (КӨРУШІ), Я, ӘЛ-МУЖИИБ (ЖАУАП ҚАТУШЫ), Сен маған «киім», билеуші еткен, арамызға сүйіспеншілік пен мейірім, жанашырлық орнатқан, мені «гүлім, аманатым» деп алақанына салған, Жәннатым болар деп үміт еткен жалғызым, жан-жарым үшін дұға жасағым келеді...

Я, ҺӘӘДИ (ТУРА ЖОЛҒА САЛУШЫ), «Я, РАББИ (РАББЫМЫЗ)! «Бізді тура жолға түсіргеннен кейін жүректерімізді ауытқытпа және Өзіңнен бір мейірім сыйла. Ақиқатында, Сен – Сый Берушісінің (әл-Уаһһаб)». Жарымды Өзіңе серік қосу күнәсінан аман ет, амалдарының зая кетуінен сақта! Жүрегін Өзіңнің дініңде бекем ет! Өз тағатыңа бағытта!

Я, ӘЛ-МӘЛИК (ПАТША)! Я, ӘЛ-ХАИЙ (ТІРІ)! Я, ӘЛ-ҚАЙЮУМ (ТҰРҒЫЗУШЫ)!Оның өмірінің қорғаны болған дінін, тіршілік еткен мына дүниесін және қайтар орны болған Ақыретін дұрыстап жақсарта гөр! Дүние тіршілігін әрбір қайырлы істерді көбейтетін орын ет, өлімді әрбір жамандықтан құтылатын демалыс ет!

Я, ӘЛ-ҚААДИР (ШАМАСЫ ЖЕТУШІ)! Я, ӘР-РАЪУУФ! (МЕЙІРБАН, ЕСІРКЕУШІ)! Оны Қабірдің азабынан, Тозақтың отынан, өмір мен өлім бүлігінен сақта!

Я, ӘЛ-УАҺҺАБ (СЫЙЛАУШЫ)! Жан-жарыма ұлы Сыйың Фирдаус Жәннатын нәсіп ет! Ақыретте шыншылдармен, ізгілермен, шәһидтермен бірге болуды тарту ете гөр!

Я, МУҚАДДИМ (ІЛГЕРІЛЕТУШІ, АЛҒА ШЫҒАРУШЫ)! Я, ЗYЛ-ЖӘЛӘӘЛИ УӘЛ-ИКРААМ (ДАҢҚ ПЕН ҚҰРМЕТ ИЕСІ)! Оны және балаларымызды тақуалардың алды ете гөр! Өзіңнің алдыңдағы, Қияметтегі, адамдардың арасындағы дәрежесін биік ет! Сені разы ететін қайырлы қызмет бер! Адал ризық-несібе бере гөр!

Я, ӘЛ-ХӘСИИБ (ЕСЕПКЕ ТАРТУШЫ)! Сенің қаһарыңды оятатын істерден аулақ ет! Ақыреттегі таразысын ауыр ет, амал кітабын оң қолынан алушылардың қатарынан қыл!

Я, ӘЛ-ХАКИИМ (ДАНА, ХИКМЕТ ИЕСІ), Я, ӘЛ-АЛИИМ (БІЛУШІ), Я, ӘЛ-ФӘТТӘӘХ (АШУШЫ, ЖЕҢІС БЕРУШІ)! Оған жақсы мен жаманды айыратын қабілет, даналық бер! Әлбетте, кімге ол нәсіп болса, ол көп жақсылыққа қол жеткізді. Оның білімін арттыр! Соңынан Ақыретіне азық болатын, өлімінен кейін де жалғасын табатын қайырлы білім қалдыру абыройын нәсіп ет! Ең көркем мінез-құлықтарға бағытта, жаман мінез-құлықтардан арылта гөр!

Я, МУЪТЫЙ (БЕРУШІ)! Оған таусылмайтын нығмет (бақ), үзілмейтін қуаныш, Өз дидарыңды көру ләззатына, зиянды қайғыларсыз, адастыратын бүліктерсіз Өзіңе жолығуға құштарлықты сұраймын! Саған деген ұмтылысын көркем ете гөр!

Я, ӘН-НАСЫЙИР (ЖӘРДЕМШІ, ЖЕҢІС БЕРУШІ)! Өзіңді еске алуға, Өзіңе шүкіршілік етуге әрі Өзіңе көркем түрде құлшылық етуге жәрдем бер! Өзіңнің құзырыңда қабыл болатын ғибадаттар жасауда көмекші болғайсың!

Я, РАФИИҚ (ДОС, ЖҰМСАҚ)! Оны Өзіңе дос тұта гөр! Оған Сенен артық дос табылмайды. Расында, Сен Өзіңе дос тұтқан пендең қор болмайды. Айналасына оны Сенің разылығың үшін жақсы көретін, ол үшін дұға жасайтын, Қияметте шапағатшы болатын тақуа жолдастарды топтастыра гөр!

Я, УӘЛИИ (БАСҚАРУШЫ, ҚАМҚОРШЫ), Я, ӘЛ-МӘУЛӘ (ЖАҚЫН ҚҰЛДАРЫНА ҚАМҚОРШЫ)! Күндіз де, түнде де оны Өз қамқорлығыңа ала гөр! Оның Сенен басқа арқа сүйері, қорғаны жоқ! Жалқаулықтан және жаман халде қартаюдан аман ет! Дініне, тұрмыс-тіршілігіне, жанұясы мен мал-мүлкіне жарылқау мен есен-амандық бер!

Я, ӘЛ-ХӘФИИЗ! Алды-артынан, оң жақ-сол жағынан, төбесінен Өзің сақта! Нәпсісінің кесірінен, шайтанның жамандығы мен тұзағынан сақта! Оны әлсіздіктен, жалқаулықтан, қорқақтықтан, сараңдықтан, қаусаған кәріліктен, қатыгездіктен, қаперсіздіктен, мұқтаждықтан, қарызға батудан, қорлықтан, кедейліктен, күпірліктен, пасықтықтан, араздықтан, екіжүзділіктен, әрі өзгелердің естуі үшін, әрі көруі үшін амал қылудан сақтай гөр! Я, Алла! Оны саңырау, соқыр, жынды, алапес болуынан және барлық жаман аурулардан сақтауыңды сұрап, бір Өзіңе сиынып, пана тілеймін!

Я, РАББ! Оның істері мен жүрегінің иесі – Жалғыз Өзіңсің! Маған қатысты оның жүрегіне Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Аишаға (оған Алла разы болсын) деген махаббатын салып қойғайсың! Екеумізге Өзіңнің разылығың үшін болған сөнбейтін махаббатты нәсіп ет!

Я, ӘЛ-УӘДУУД! Оны Өзің сүй! Оған Сені, Елшіңді, дініңді, Құраның мен сүннеттіңді сүйетін жүрек бер! Сені жақсы көретінді жақсы көруді және Сенің жақсы көруіңе жақындататын әрбір амалды жақсы көруді сүйікті ет! Иман көркемдігімен көріктендіре түс әрі бізді тура жолды ұстанған жетекшілерден ете гөр!

ӘШ-ШӘӘФИИ (ШИПА БЕРУШІ)! Тәні мен жүрегінің дерттерінен айықтыра гөр! Өзіңнің алдыңа сау жүрекпен барушылардан ете гөр!

Я, ӘЛ-ЖӘМИИЛ! Оның жүзін маған, менің ажарымды оған сұлу ет! Жанымызды сұлу ет! Мені оның көзінің қуанышы, жүрегінің тыныштығы ете гөр!

Я, ӘЛ-ҒАНИИ (БАЙ), Я, ӘР-РААЗИҚ  (РИЗЫҚ БЕРУШІ), Я, ӘР-РАЗӘӘҚ (РИЗЫҚТЫ МОЛ ЕТІП БЕРУШІ)! Ризығын берекелі ет! Осы дүниеде ер жігіттің бақыты болатын үш нәрсені: көзінің қуанышы болатын, дүние-мүлкін сеніп тапсыра алатын әйелді, жолдастарынан артта қалып кетпейтін жақсы, жүйрік мініс көлікті, көп бөлмелі кең үйді оған да нәсіп ет! Я, Алла, біз Сенен бұл дүниенің бар байлығын сұрамаймыз. Ақыреттегі бақытты өмірді, Өзіңнің жаныңдағы кең сарайды, Жәннат бақтарындағы жайлылықты мақсат тұтамыз! Я, Раббымыз! Бізге бұл дүниеде де жақсылық бер, ақыретте де жақсылық бер және бізді тозақ азабынан сақта!

Я, ЪАФУУ (ҒАФУ ЕТУШІ)! Я, «ҒАФУУР (КЕШІРУШІ), Я, ӘТ-ТӘУУӘБ! Оның кіші-үлкен, әуелгі-кейінгі, жасырын-әшкере күнәларын кешіре гөр! Күнәларды кешіретін Өзіңнен басқа ешкім жоқ!

Я, ЪАЗЫЙИМ (ҰЛЫ)! Я, ЪАЗИИЗ (ҮСТЕМ)! Оған разы бол! Оның соңғы сөзінің «Лә иләһә иллә Аллаһ» болуын нәсіп еткейсің!

 

Кәусәр Абдул Хаким

Mazhab.kz

Нурлыбек СабыргалиевНурлыбек Сабыргалиев
8 жыл бұрын 17790
3 пікір
Блог туралы