Өзекті мәселе!
«Қызды айтсаң, қызықты айтсаң қыздырмалап»
немесе дер кезінде айтылған ой
«Қыз өссе елдің көркі» деп «ұрандайтын» ата-бабамыз қашан да қыз тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарап, қыз ар-намысын жоғары қойған. Бір ақиқат дүние сол- бұл тақырыптың өміршеңдігі. Адамның «қиялына» бағынған заман қанша өзгерсе де, жаңалана берсе де, «иманды қыз, асыл жар, аяулы ана» тақырыбы әр ғасырдың «эпиграфы» болып мәңгі қала бермек.
Педагогика ғылымында «адамгершілік тәрбиесі» деген үлкен тәрбие саласы бар. Адамды «нағыз адам» қылып тәрбиелейтін адамгершіліктің маңызы ерекше. Сол тәрбиенің өзекті де нәзік тармағы-қыз баланы тәрбиелеу. Қай оқу орны мен мәдени ошақтардың терезесінен үңіліп, есігін қақсаң да қыз тәрбиесіне байланысты кездесулер, мәдени шаралар, әдеби-сазды кештер, діни жиындар, интеллектуалды ойындар мен пікірталастар көптеп ұйымдастырылады. Әсіресе, аңызға айналған бұл тақырып Ақтөбе гуманитарлық колледжінің «ауылын» аттап өте алмады. Себебі, бұл аты аталған білім ошағында осы тақырыпта кештер ай сайын өткізіліп, ішкі тәртіпке байланысты жиналыстардың болуы директор тарапынан қатаң қадағаланып тұрады. «Ұстаздық еткен жалықпас» демекші, бұл мәселе аясында әңгіме айтудан колледж ұстаздары еш жалыққан емес, жалықпайды да. Сөзімізге дәлел ретінде, өткен айда колледж кітапханасында «Қыз өссе-елдің көркі» атты ашық пікірталас кеші өткенін айтсам жеткілікті. Өзім де студент ретінде кешке қатыстым. Содан, жүргізуші тарапынан ортаға «Қыздарымыздың бұзылуы заманның әсері ме, әлде отбасындағы тәрбиенің дұрыс болмауынан ба?» деген сауал тасталғанда студенттер түгілі, жалпы жүзге, руға бөлінген қараша халық та «дін мен мемлекеттің бөлектігін» желеу етіп «дәстүрді» айтып жерге, «дінді» айтып көкке атылатыны жасырын емес. Алайда, «көзді шұқыған шындық» дін мен дәстүрдің бір екендігін баяғыдан дәлелдеп кеткенін аңғармай қалатынымыз өкінішті. Сөйтіп, кеш студенттері ашық пікірталас сайысын тіреу етіп «екі пікір» айдарын ашты да кетті. Бұл әңгіменің әңгүдігі төмендегідей:
«Әрине, барлық қазақ қызына топырақ шашудан аулақпын. Бұл заманның қыздары осы күнге дейін тек жігіттердің бойынан табылып келген қылықтармен қылықтанды, жігіт ішкен ішімдікті қыз да ішті, ерің шеккен шылымды әйелің де шекті. Осыны біліп, естіп, «қатты сасып, бетті басып, жалма жан тұра қашқандай» күй кешеміз, әрине. Ол-бір. Шайтанның жетегіне еріп, нәпсінің етегінде кетіп, 5 минуттық ләззатты мәңгілікке санап, ары мен намысын таптап, пәктігінен айырылған қыздарың тағы бар. Бұл-екі. «Бала-шаға жаны үшін, қара қазан қамы үшіннің» керін сылтау етіп, тәнін «жасырын» сатулары былай тұрсын, «темір-терсек арасында тар жерге тарақан болып» өздерін ашықтан-ашық жарнама қылып жүрген қыз-келіншектерді тағы қосыңыз. Бұл-үш. Адам айуаннан, жалпы өзге мақұлық атаулыдан ақылды болуымен ерекшеленеді. Мысалы, жылқы екеш жылқыны алсақ, құлынына мейірімін аямайды, қамқор болады, «құлыным деп сүйеді». Бірақ жаратылысында адам ақылымен өзге мақұлықаттан жоғары бола тұра, тас бауыр аналарымыз айуан құрлы болмағаны қанымызды қарайтады. Бауыр еті балаларының болашағына балта шауып, жүректерін жазылмастай жаралап, кіршіксіз пәк көңілдеріне дақ түсіріп, қоқысты лақтырғандай тастап кете барады. Осы жақында Ақтөбе қаласында үлкен бизнес өкілі Айдын Рахымбаевтың бастамасымен «Аналар үйінің» ашылуы осы сөзімізге дәлел болса, олардың саны еліміз бойынша әлі де еселенуде. Осыдан, ананың мейірім құшағын аңсап жүрген балалардың санын өзіңіз бағамдай беріңіз. Міне, осыны көрмей соқыр болғанымыз артық. Жанар Байсемізованың журналистік зерттеуі «Шетелдегі қазақ балаларының» зарын мен айтпай-ақ та қояйын. Бұл-төрт», - деп бастадым сөзімді мен де қарап отырмай денем дірілдеген күйі. Менен кейін сөз кезегін алған ШТ-315 тобының студенті Азамат Ғалымұлы тақырыпты тіптен қыздыра түсті. Ол: «Қазақты құтқаратын әдебиет те, мәдениет те емес. Қазақты құтқаратын біртұтас дін, - деп жауапты төтесінен берді. - Не десек те Абайға «тірелетініміз» шындық қой. Абай: «Мүмін болсаң әуелі иманды бол, иман өзі адамға ашады жол», - дейді. Қазір мешітте халықтың дені-иманды серік еткен жастар. Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенмін» деп бекер айтпаса керек. Ендеше, дін мен дәстүрді тең ұстап, екі ғылымды сабақтастыра білген келешек иманды біз секілді жастары әйтіп-бүйтіп елімізді сақтармыз. Алайда, балдай шұбатылған, жібектей ширатылған, уыздай уылжыған, алмадай албыраған, бүйректей бұлтиған аяулы қыздар, біздің келешегіміз сендердің болашақ жас буынға берер тәрбиелеріңе зәру. Себебі, зиялы да зымиян да ананың қолынан тәрбиеленер. Ана баланы ақын қылып та, шайыр қылып та, ер қылып та ез қылып та, қызды қылықты да, бүлікті де қылып тәрбиелейтін тұлға». Ол осылай ет жүрексіз еріннің сөзін айтпай, отты да байсалды ойды ортаға салды. Кітапхана іші тым тырыс. Дегенмен шындықты мойындай тұра тәкаппарлыққа салыну адам баласына тән қасиет болар, әйтеуір имандылықты намаз деп түсінгендер «намазсыз-ақ та жүрегіміз таза болса болғаны» деп намаз оқығылары келмейтінін айтса, кейбір ұл-қыздарымыз бұған кінәлі заман деп, одан ойларынан ауып заман емес адамның өзі кінәлі деп, содан не керек кейін «заман» деген сөзді керісінше оқып, «намаз» оқу керек дейтіндер де кездесті. Аяғында намаз мәселесі талқыланып, ортада хиджап тақырыбы қылтиып шыға келді. Одан студенттер бір ортақ бәтуаға келе алмай, бірі «хиджап, ол - ата-бабамызда болмаған киім үлгісі десе, кейбірі хиджап дәстүрімізде болмаса да, қыздарымыз қазіргідей ашық киінбегені тағы бар емес пе? Оны халқымыз Аллаһтың бұйрығы болғандығы үшін киеді. Хиджап-қазақтың да, арабтың да киімі емес, ол-мұсылмандардың киімі», - деп, соңында «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дегендей хиджап дауы ушыға түсті. Сөйтіп бұл тақырып ашық пікірталас кешіне келген он студентті сөйлетті. Кейін мен уақыттың тығыздығын айтып, тақырыпты қорытындыладым. Тақырыпқа тұздық болар соңғы сөзіме Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романы арқау болды:
Қызға сұқтана қарау-шайтанның улы оғы
«Ұялшақтық-ұлтымызға тән қасиет қой. Әсіресе, ауыл балаларының ұяң келетін әдеті емес пе? Жасымда мен де сондай болдым. Үлкендердің алдында суырылып сөйлемейтінмін, «әйелдердің бетіне тіке қарай алмайтынмын. Жақсы көрген қызымның алдына жолай алмайтынмын» («Махаббат,қызық мол жылдар», 2002, 10-бет).
«...Бірақ, бала күнімде менің қыздардың сыртына сұқтана қарауға да батылым бармайтын» (Сонда, 11-бет).
Ал, қазір ше? Тіптен, айтудың өзі қорқынышты. Нәпсілерін тежей алмай, жартылай жалаңаш қызды көрген еркек атаулы оны бастан аяғына дейін көзбен шолып, көздерінен «ғайып» болғанша шығарып салатындары бар. Осыдан келіп, «жігітім өзгеге сөз салды, күйеуім көзіме шөп салдының» кері туындап, айналғанда жігіт пен қыз айырылып, ерлі-зайыптылар ажырасып жатады. Бұрын, қазақы діни дәстүрде бойдақ жігіт қызға (немесе керісінше) көз салып, зина жасаса 100 дүре соғылып, ал ерлі-зайыпты бола тұра әйелдің ері өзге әйелге немесе қызға (немесе керісінше) көз салып, жарының көзіне шөп салса, еркекті тасборан (рәжім), яғни таспен атып өлтіре-тұғын. Ал, қазір «жүре берсең, көре бересің» дегендей жетпістің жетегіне келіп, сексеннің сергелдеңіне түсіп аппақ сақалымен өзінің немересіндей қызға жылтиып «жігіттікпен» қарайтын қарттар ортада көріне, жұрттың ауызына іліне бастады (Қараңыз: «Қазақия» №11 (17) 27-бет, №13 (19), 30-бет). Ұят, намыс деген ұғымдар қайда?! Сұмдық!!!
Жалаңаш тән-зинақорлыққа бастайды
«Менен сабыр кете бастады. Оның ақ саусақ, ақ білек, ақ мойнына түскен сайын буын-буыным құрып, безгекке ұшырағандай бойым қалтырай түсті» («Махаббат, қызық мол жылдар» 2002, 33-бет).
«Бір күнгі нәпсіден өмірлік өкініш тумасына кім кепіл?» (Сонда,132-бет).
«Майра Абаева: «Орынсыз құмарлық- опасыз жаумен тең. Ендеше, адамның өз нәпсісін тыя білуі-үлкен ерлік» (Сонда, 138-бет).
Жалпы, Алла қыз затын осыншама нәзік, тәнін сұлу, дауысын әдемі, ер затының тізесін дірілдетіп, буынын қалтырататындай қылып жаратқаны бір хикмет-дүр. Алайда, некелесу арқылы ғана адал болатын «істерді» қазіргі жігіттер «өмірде қызық көрмесек, несіне жүрміз, ол қыздың өзі ғой «сынған» деп әндетіп жүрсе, ал қыздарымыз пәктіктерінен айырылып, артынан некесіз балалы болып, ата-анасының қарғысын алып, «арын сатып, мал тауып» жүргені ащы болса да шындық. Айтпақшы, осы аты аталған романда, егер оқыса оқырман жақсы білер, көптен көріспеген Ерболмен бірге өскен жан досы Тана оның үйіне қонаққа келіп, бірнеше күн қонып, бір бөлмеде жатқанда, Ербол Тананы кереуетінен түсіп, қасына жатуын сұрап... содан екеуі бірге жатқанда Ерболдың өз нәпсісін тыйып, арына қол сұқпағанын есіңізге алыңыз. (123-126-беттер). Ал, қазіргі көптеген жігіттерден мұндай «тақуалықты» күту қиын. Ескертіп жатқан үлкендеріміз бар. Алайда олардың сөздері тыңдалмай «жетімдіктің» күйін кешіп жатыр. Абай, «Дүниеге көзімді ашқан Михаэлис» десе, ал біздер «ұлтымыз-қазақ, дініміз-Ислам, кітабымыз-Құран» бола тұра, әлмисақтан мұсылман атансақ та иманға шөліркеген күйі «Дүниеге көзімізді ашар иманымызға» зәруміз. Масқара!!!
Кімдерге ұнайын деп боянасың?
«Зайкүл: «Меңтай, сен неге осы боянбайсың?» Сонда Меңтай: «Мен табиғатпен таласуды жөнсіздік деп білемін... Жоқ, Зайкүл, мен сенің орныңда болсам опа да ұстамас ем, жосаға да жоламас ем. Ойға емес, опаға, бойға емес, бояуға қызыққан жігіттен не барқадар шығар дейсің?» («Махаббат, қызық мол жылдар», 2002,173-бет)
Осы кезде, «Оймақ ерін, қиғаш қас, жасатқаның татуаж» деген Гүлім Асқарованың мақаласы («Қазақия» №12, (18) 28-бет) бірден ойға оралды. Аяймын, шыны керек,біреуге ұнаймын деп өзінің денсаулығына ор қазып, қор болып жүргендер қаншама. Неге ертеңгі болашағын ойламайды, «қарттық келіп, қасына түстенгенде» барып бастарына тиеді. Ертең бәрі кеш болмай ма? Пайғамбарымыз (Аллаһтың оған сәлемі мен салауаты болсын) «Адам денсаулық пен бос уақыттың қадірін білмейді» дегені бар емес пе? Сұлулық бетте емес, жүректе. Денсаулықтарын неге күтпейді екен? Сырты бүтін, іші түтін болғаннан не пайда табады? Табиғи сұлулыққа не жетсін? Неге барлығы Меңтайдай болмайды екен?
Міне, мен ойымды осылай тәмамдадым. Кеш соңында кітапхана меңгерушісі сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салғандарды марапаттап, алғысын айтты.
Р.S. Құрметті оқырман, ата-аналар, қыз тәрбиесіне көңіл бөлейік. Қыздарымызды өздеріміз түгілі, өзгелерге қор етпейік. Онсыз да атың өшкір Бораттың кесірінен шетелде тарап жүрген қыздарымыз жайлы жаман пікірлердің өзі жанымызға қаяу салды. Біз бұған халық, ұлт, ел болып атсалысып, «ел болайық десек, бесігімізді түзейік». Ал бесікті тербететін ана болғандықтан...ойланайық! Абай атамыздың «Әкесі ұрысса балаға о да достық, баласы ұрысса әкеге жараса ма?» дегеніндей ата-ананың бетінен алып, айналғанда қарғыс айтылған қыздарымызды тәрбиелеп жүрмейік...
Сабырғали Нұрлыбек
Ақтөбе гуманитарлық колледжінің ІҮ курс студенті
қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы
Біріншіден, менің атым Нұрлыбек. Сабырғали-менің тегім.
Екіншіден, бұл менің ең бірінші мақалам.Бұған дейін де газет-журналдарға жазып жүрмін.Бірақ Алланың қалауымен сайтқа жариялап отқан алғашқы мақалам-осы. Алла сізге разы болсын.
Үшіншіден, бұл туралы, яғни Әзілхан ағам туралы ғылым кандитатының пікірін естімеппін.