Жүрек және оның дертіне шипа табу жолдары
Бала күнімізден бері ойшыл Абайдың қайрат, ақыл, жүрек – үшеуін айтыстыратын он жетінші қара сөзін жиі естіп келеміз. Мектеп қабырғасында осы қара сөз бойынша түрлі көріністер қойылатындығы есіңізде ме? Ал сондағы ғылымның айтатын сөзі жадыңызда қалды ма? Ғылым: «Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ – менің ісім. Бірақ, сонда билеуші, әмірші жүрек болса жарайды. Ақыл, сенің қырың көп, жүрек сенің көп қырыңа жүрмейді: жақсылық айтқаныңа жаны-діні құмар болады. Көнбек түгіл қуанады. Жаманшылық айтқаныңа ермейді. Ермек түгіл, жиреніп үйден қуып шығарады. Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сені де еркіңе жібермейді. Орынды іске күшіңді аятпайды. Орынсыз жерге қолыңды босатпайды. Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет» демеп пе еді?!
Абайдан қаншама ғасыр бұрын өмір сүрген Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, денеде бір кесек ет бар, ол түзу болса, қалған дене бүтіндей түзеледі, ол бұзылса, қалған дене түгелімен бұзылады. Біліп қойыңдар, ол – жүрек» деген екен. (Бұхари, Муслим). Енді бірде «Тақуалық осында!» деп, көкірегін қолымен ишарат еткен болатын. (Муслим).
Алайда, адамдардың бәрі бірдей болғанымен, олардың жүректері әр түрлі емес пе? Амалымыз жеткілікті дәрежеде болмай жатса, ислам, Пайғамбар немесе ұстазыңыз кінәлі емес, жүректе ақау бар деген сөз.
Қазіргі заманда ешкім де адамдарға ұнамсыз қалыпта көшеге шықпайды. Жоқ, әлде сіз бетіңізді жумай, шашыңызды тарамай ел алдына шығып көріп пе едіңіз? Әрине, жоқ. Үйден шыққан кезде киіміңіздегі келеңсіздікті көрсеңіз, ерінбестен қайта ораласыз ғой. Бұл – адамдар көзі түсетін және баға беретін қалыптар. Олай болса, Алла көретін және баға беретін мекенге қандай күтім керек? Хадисте «Расында, Алла бейнелерің мен мал-мүліктеріңе қарамайды. Бірақ, ол жүректерің мен амалдарыңа қарайды» делінген. (Муслим). Мұны сіз де, мен де білеміз. Алайда, жүректі тазалауға, көркемдеуге асыққан емеспіз. Себебі, жүректі де, оған Қараушыны да жақсы танымаймыз. Алладан адамдардан ұялғандай ұялсақ, бәрі басқаша болар ма еді...
Мұны неге айтып отырмыз? Бүгін оқырмандарымызды өз жүрегімен таныстырғымыз келеді. Ешбір адам өзінің жүрегіне үңіліп көрген жоқ, алайда амалдарына қарап жүректің халін білуге болады.
Хазіреті Әли (оған Алла разы болсын) бір сөзінде: «Жүректер – Алланың ыдысы (түтікше) және ең жақсысы мейірімге толған ыдыс. Жүрек – білім атты мейірім түсетін мекен, бұл арқылы Алла танылады» деген екен. Ал ислам ғұламалары жүректі төртке бөледі:
1. Кірленген жүрек
Жүректі түтікшеге теңедік. Мәселен, лас ыдысты алып қарайықшы. Бұл – тәкәппарлық, жалғандық, қызғаншақтық, мақтаншақтық сынды нашар қасиеттер ұялаған жүрек секілді. Мұндай жүрекке мейірім мен білім енсе, кірмен бірге онан сайын бүлінеді. Құранда бұл туралы былай делінген: «Құмарлықтарын өзіне Құдай етіп алғанды көрдің бе? Алла оны, оған білім келгеннен кейін, адастырды және есту мүшесі мен жүрегін мөрлеп қойды әрі көзін перделеді. Алладан кейін оны кім тура жолға сала алады? Еске алмайсыңдар ма?». («Жәсия» сүресі, 23-аят). Алдыңғы буынның ғұламалары «Тамшыдай құмарлық теңіздей білімді қорлайды» деген екен. Бұл – ауру жүректің мысалы еді.
2. Босаң, жырық жүрек
Жырық жүрек қожайынының сипаты: ол әрбір қайырлы істің артынан зұлымдық жасайды. Алла еске алынатын отырыстарға барады да, шыққаннан кейін өсек, ғайбат айтады. Екі рәкағат намаздан кейін, теледидарды қосады да, харам дүниелерді бүлк етпестен көре береді, күндіз ораза ұстап, кешкісін көңілді кештерге бас сұғады. Алланың бұйрықтарын оқиды да, орындауды жайына қалдырады. Осылайша, жүрекке енген мейірім күнәларының кесірінен құрдымға кетеді.
3. Төңкерілген жүрек
Мұндай жүректен Алла өзі сақтасын! Төңкерілген жүрек алдыңғы жүректен әлдеқайда қорқынышты. Төңкерілген ыдысқа, су құйылмайтындай, бұл жүрекке қанша мейірім бағытталса да, діттеген жерге жетпейді. Құлыпталған жүректің иесі Алланың заңдарына, ізгі ғалымдардың сөздеріне қарсы шығады. Алла туралы айтылатын жиналыстарға барғанда, адамдардың кемшілігін іздеумен болады. Оның намаздан, оразадан, садақадан, ата-анаға жақсылық жасаудан, туысқандық қарым-қатынастан бас тартуы ғажап емес.
4. Таза жүрек
Алла Тағала мұндай жүректі баршамызға нәсіп етсін! Таза әрі мейірімді, Жаратушы үкімдерін шын ықыласпен қабылдайтын жүрек кез келген адамды екі дүниеде де бақытқа бөлемек. Бұл жүрек ең аз деген құлшылықтың өзінде, намазда немесе Аллаға зікір айтуда мейірімге толығады. Бұйырылғанды орындап, тыйым салынғаннан аулақ болады. Құлшылықтан ләззат алып, дүние, сынақтар үшін қам жемейді. Жолаушыдай өмір сүріп, жәннатқа қарай асығады. Күнәдан пайда болған дақтардан ада болып, Аллаға да, айналасындағы адамдарға да ұнамды болады.
Жүректі өзгерту жолдары
Жоғарыдағы мысалдарды мұқият оқыған адам өз жүрегін тапты деген ойдамыз. Енді жүректі қалай өзгертеміз? Мәселен, мен өз жүрегімнің кірленген немесе төңкерілгендігін мойындадым. Өз бойыңдағы кемшілікті, жүректің ақауын мойындай білу – өзгеруге бастайтын алғашқы қадам. Кемшіліксіз, қателіксіз адам жоқ, алайда, адамдардың арасындағы ең жақсысы – тәубе жасай білгені. Алла да тәубе етушілер мен тазарушыларды жақсы көреді.
Сондай-ақ, жүректі емдеудің 70-80 пайызы дұрыс қойылған диагнозға байланысты. Ал сіздің дәрігерлеріңіз – Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мен ізгі ғалымдар. Дәрі – Алланың сөзі, бұйрығы жазылған Құран. Диагноз қате қойылғанда немесе дәрігер нашар болғанда бұл кеселдің ұзақ жылдарға созылуы мүмкін. Тіпті, осы аурудан бақилық болуыңыз да ғажап емес. Дәріні уақытынан кешіктірмеу әрі дәрігерлер бұйырғандай етіп қабылдаудан дертіңізден оп-оңай айығасыз.
Жүректі түтікпен салыстырудағы басты мақсатымыз – әрбір адамға жүрегін таныстыру болатын. Адам «патша» жүрегін танығанда ғана, дұрыс жол тауып, өзін түзей алады. Төңкерілген болса, қалпына келтірсін, кірленсе, тазартсын, күнәдан бас тартсын. Сондай-ақ, жүректердің тек Алланы еске алумен, Алланың бұйрықтарын орындаумен тыныштық табатындығын ұмытпасын. Дұғасына қоссын, себебі, шипа беруші, жүректердің Иесі – Алла ғана. «Әрі Ол иманға келген адамдардың көкіректеріндегіні айықтырады. Алла Өзі қалаған жанды күнәсінен бойұсынуға қайтарады (тәубеге келтіреді)». («Тәуба» сүресі, 14-15-аяттар).
Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мінез-құлқына, іс-әрекетіне ерекше ұқсастығымен ислам тарихында есімі қалған сахаба Абдулла ибн Масғұдтың (оған Алла разы болсын) айтқандары:
Ақиқатында, түн мен күннің алмасуымен өмірлеріңіз қысқаруда, ал істеріңіз сақтаулы қалады.
Өлім әрдайым тұтқиылдан келеді.
Кім жақсылық ексе, жақында қалағанын табады. Кім зұлымдық ексе, жақында өкініш татады. Әркімге өзінің еккені ғана тиеді.
Кімге игілік жетсе, оны берген Алла, ал кім бақытсыздықтан құтылса, оны Алла қорғады.
Бақытты адам – өзгенің қателігінен сабақ ала білуші.
Аз әрі жеткілікті нәрсе – көп әрі алаңдататын нәрседен жақсы.
Ақталудың ең нашары – өлім алдындағы ақталу. Өкініштің ең жаманы – Қиямет күніндегі өкініш. Адасудың ең жаманы – ақиқатты естігеннен кейінгі адасу.
Ең жақсы байлық – жан байлығы. Ең жақсы қор – тақуалық. Жүректегі ең жақсы нәрсе – сенім, ал күдік күпірліктің белгісі болады. Ең жаман соқырлық – жүрек соқырлығы. Табыстың ең жаманы – өсімқорлық. Астың ең жаманы – жетімнің мүлкінен жеу.
Әрбіріңізге жаныңыз қанағаттанатын нәрсе жеткілікті, себебі, төрт шынтақтың өзі жеткілікті болатын кезең келеді (қабірдің көлемі). Барлық нәрсенің қорытындысы – келесі өмірде. Барлық істің мәні – осы өмірдің соңында.
Кім тәкәппарлық танытса, Алла оны қорлайды. Кім Алланың бұйрығына құлақ аспаса, шайтанға бағынған болады.
Құран қорғаушысы өзгелер ұйықтағанда түнімен, өзгелер тамақ жегенде күнімен, өзгелер масайрағанда, Алланың алдындағы қорқыныштан шыққан жастарымен, өзгелер күлгенде, байсалдылығымен, өзгелер бос сөз айтқанда, толық бойұсынушылығымен ерекшелену керек. Құран оқушының дана, жұмсақ, салмақты болғаны абзал. Оның қатты, ұқыпсыз, шуылдақ, айқайлағыш, ащы тілді болмағаны жөн.
Кім өзгелерден ерекшелену үшін сөзге араласса, Алла Тағала оны қорлайды. Кім қарапайымдылық және жуастық танытса, Алла оның мәртебесін көтереді.
Періштеден келетін шабыт, шайтаннан келетін шабыт бар. Періштеден болған шабыт – жақсылыққа және ақиқатқа үндеу. Егер мұны өз бойыңыздан тапсаңыз, Аллаға мақтау айтыңыз. Шайтаннан болған шабыт – зұлымдыққа және ақиқаттан теріс айналуға үндеу. Егер мұны өз бойыңыздан тапсаңыз, қуылған шайтаннан Аллаға сыйыныңыз, қорған сұраңыз.
Ісімен сөзі сай келетін адамдар бақытты болады, ал кімнің ісі айтқан сөзіне қайшы келсе, өзін ғана кінәласын.
Мұсылман түнде «мәйіт», күндіз мылжың, сөзқұмар болмасын.
Егер намаз жақсылыққа бастап, зұлымдықтан қайтармаса, ол бұл адамға Алладан алыстатудан басқа ешнәрсе бермейді.
Сіз әр намаз оқыған сайын Патшаның (әл-Мәлик) есігін қағасыз, ал қаққанға есік ашылады.
Сіз тәні өте мықты әрі сау күпірлік етушіні көресіз, алайда, оның жүрегі ең ауыр дертпен толтырылған. Сіз таза жүректі имандыны көресіз, оның тәні ауыр кеселдермен азапталуда. Алламен ант етейін, егер сіздің жүрегіңіз ауру, тәніңіз сау болса, Алла алдында қоңыздан да арзан боласыз.
Адамның әрбір көзқарасы шайтанның мақсаты саналады және ол өз үлесін алуды қалайды.
Сіздер қонақсыздар, ал мүліктеріңіз жалға алынған. Қонақ кетеді, ал жалға алынған нәрсе қожайынына қайтарылады.
Заманның ақырында ең мәртебелі істері – өзара сөгісу болатын адамдар өмір сүреді.
Ақиқат – ауыр, алайда, орайлы, өтірік – жеңіл, алайда, ауруға шалдықтырады.
Жер бетінде тіл секілді ұзақ уақыт бойы қамап ұстайтын нәрсе жоқ,
Кім өзінің қазынасын құрттар жеп немесе ұрылар жайпамас үшін сақтаймын десе, солай жасасын. Естеріңізде болсын, адамның жүрегі – қазына.
Араларыңызда ешкім бір адамның соңынан жауапсыз, көзсіз ермесін. Ол иман келтірсе, сіз де иман келтіресіз, ол күпірлік жасаса, сіз де күпірлік жасайсыз. Біреудің соңынан еру керек болса, өлген адам өмірінен ғибрат алыңыз. Себебі, тірілердің ешбірі азғырылудан қорғалмаған.