ИМАНДЫ КҮШЕЙТУДІҢ 14 ЖОЛЫН БІЛЕ ЖҮР
Иман – Алланың ұлы нығметі. Иман – жүрегіңнің көктемі. Иман – ол нұр. Иман – сенің Әлемдердің Раббысының сүйіктісі екендігіңді айғақтайтын «мөр». Ғұламалар: «Иман – құлшылықпен артады, күнәлармен кемиді» деген. Сол себепті, жиғаның иман болса, оны әп-сәтте шашып алуың да мүмкін. Тіпті ең абзал буын өкілдері болған сахабалар да иман арттыруға көңіл бөлетін. Тарих беттерінде Хазіреті Омардың, ибн Масғұдтың (оларға Алла разы болсын) жолдастарына: «Келіңдер, иманымызды күшейтіп алайық, иманымызды арттырайық!» дейтін болғандығы айтылған. Иә, қолдағы ақшаны, алтынды сақтауға тырысатынымыз секілді, иманды да күзету талап етіледі. Және Құран мен сүннетте иманды сақтаудың, күшейтудің осындай бірнеше әдістері көрсетілген. Бүгінгі кеңестер осы хақында болмақ.
1. Ілім үйрену – иманды күшейтудің бірден-бір жолы.
Білім ізденуші мен білімге ұмтылысы жоқтың ықыласында, құлшылығында аса үлкен артықшылық болады. Құранда: «Шын мәнінде, Алладан Оның құлдарының ішінен, білімі барлары қорқады...» («Фатыр» сүресі, 28-аят) делінген. Бүгінде қоғамда білім ізденуге деген немқұрайлықтан Аллаға серік қосу күнәсі жасалып, иман дәмін тата алмаушылар, намазды тастап кетушілер, құлшылық есігін жауып қоюшылар көбеюде. Асылында, иман – білім арқылы суарылады, қуатталады. Білім – исламның жаны (тәнсіз жанды елестетіңіз), діннің тірегі. Білім – мәуелі ағаш, амал – оның жемісі. Білім – Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) асыл мұрасы. Білім іздену – парыз әрі құлшылық. Білу – Алладан қорқу. Білгеніңді үйрету – садақа, қайталау – тәсбих. Білімді болғаныңыз – Алладан қорыққаныңыз, Жәннатқа қарай жолыңыздың жеңілдегені...
2. Құранға ой жүгіртіп оқу.
Құран – Алланың берік тұтқасы әрі ашық нұры. Ол тұтқадан ұстағанды Алла Өзі сақтап, ол нұрға ергендерді Алла Өзі құтқарады. Алла Тағала Құранның бір уақытта емес, белгілі уақыттар арасында бөлім-бөлім болып түсірілу себебін «адамдардың дінде тұрақты болуы үшін» деп түсіндіреді: «Және кәпір болғандар «неге оған (Пайғамбарға ) Құран бір бүтін жинақ болған түрде түсірілмеді?» десті. Біз оныменен (Құранмен ) жүрегіңді бекем (тұрақты) ету үшін осылай (бөлек –бөлек түрде) түсірдік және (саған) оны (Құранды) анық етіп оқыдық. Олар саған бір мысал келтірсе, Біз саған (ол мысалға жауап ретінде) ақиқатты және көркем түсінікті келтірдік». («Фурқан» сүресі, 32-33-аяттар ). Құран жүрекке иманды орнатып, Алламен болатын байланыс арқылы нәпсіні тазалайды. Және адам жүрегі Алланы еске алумен тыныштық табады . «Нағыз мүміндер – Алла еске алынса, жүректері қобалжитын, оларға Алланың аяттары оқылса, имандары артып, Раббыларына тәуекел қылатын (жандар)». («Әнфал» сүресі, 2-аят).
3. Пайғамбарлар қиссасынан өнеге алу әрі оларға амал қылу үшін түсініп оқып, терең зерттеу.
Бұл тақырыпқа Алла Тағаланың мына сөзі дәлел болады:
«(Ей, Мұхаммед!) «Саған жүрегіңді тұрақты ету үшін (өткен) пайғамбарлар хабарларынан баян етеміз. Осында саған ақиқат және иман келтіргендер үшін насихат әрі (өнегелер) ескертулер келді». («Һуд» сүресі, 120-аят).
Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмір сүрген дәуірінде түскен осы аяттар (яғни, пайғамбарлар қиссасын баяндайтын аяттар) ойын не ермек үшін түскен жоқ. Негізгі мақсат – Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әрі ол кісімен бірге болған мұсылмандардың жүректерін тұрақты етіп, имандарын бекемдеу. Сондай-ақ, Мұхаммед Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаянын оқу арқылы дініңіз туралы сұрақтарға жауап беріп, тұрақтылығыңыз артпақ, иманыңыз кемелденбек. «Сендерге – Аллаға және Ақырет күніне үміт ететіндер әрі Алланы көп еске алғандарға – Алланың Елшісінде көркем үлгі-өнеге бар». («Ахзаб» сүресі, 21-аят). Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаяны жазылған кітап – ізгі ғұламалардың дене мүшесіндей болған, олар осы кітап арқылы өмірінің әрбір сәтін құлшылықпен көркемдей білетін.
4. Салихалы, тақуа, шыншыл адамдар туралы оқу.
Ислам ғұламалары: «Ілгері буынның тақуалары туралы оқиғалар – Жәннаттан келген сыйлық» деп айтқан екен. Ал имам Әбу Ханифа (оған Алланың рақымы болсын) бір сөзінде: «Ғалымдардың өмірі туралы оқу – маған фиқһ жайлы білуден де артығырақ» дейді. Адам баласы иманының дәрежесіне қарай сынақ көретіндігін ескерсек, олардың қиындықтарда көрсете білген сабыры, шүкірі, көркем мінезі – әрбірімізге үлгі болмақ. «Олар (пайғамбарлар) жайлы хабарларда ақыл иелері үшін ғибрат бар». («Йусуф» сүресі, 111-аят).
5. Алла Тағаланың құдіретін танытатын жаратылыстар, құбылыстар туралы ойлау.
«Жеті аспанды қабат-қабат етіп жаратқан – Сол (Алла). Әр-Рахманның жаратуында ешбір кемшілікті көрмейсің. Қайта көз салшы, қандайда да бір сәйкессіздік көре аласың ба?! Содан кейін де көзіңді қайта сал. Көзің саған қажып, талған күйде қайтады». («Мүлк», 3-4-ші аяттар). Расымен де, айналаның бәрі – Алла Тағаланы еске салушы, танытушы. Тіпті, адамның өз жаратылысы – Алла Тағаланы танып, құлшылық етуге жеткілікті мұғжиза. «Әрі айқын сенушілер үшін жерде белгі-дәлелдер бар және сендердің өздеріңде де. Көрмейсіңдер ме?» («Зәрият» сүресі, 20-21 аят). Жаңбырдың жаууы, бұлттың көшуі, атқан таң мен батқан күн, ұшқан құс, жүгірген жәндік, тіпті бізді алдап қойған жаңа технологиялардың өзі – Аллаға шүкір етіп, құлшылық жасауға шақырады. Неге? «Ал Алла сендерді де, сендердің жасап жатқандарыңды да жаратқан». («Саффат» сүресі, 96-аят). Осының бәрін ой елегінен өткізіп, жүрегіне жеткізген адам: Ақиқатында, аспандардың және жердің жаратылуында, түн мен күндіздің ауысуында ақыл иелері үшін белгілер бар, солар Алланы түрегеп тұрып, отырған күйі және жамбастап жатып еске алады әрі аспандардың және жердің жаратылуы жайында ойланып: «Раббымыз! Сен мұны босқа жаратпадың! Сен (барлық кемшіліктен) пәксің! Бізді От (тозақ) азабынан сақта!» дейтіндердің қатарынан табылуға асығады.
6. Алланың бекіткен шариғатына, салихалы амалдарға ұқыпты болу.
«Алла сондай иман келтіргендерді дүние тіршілігінде де, Ақыретте де бекем сөзбен тұрақтылықтарын күшейтеді. Және Алла залымдарды адастырады. Сондай-ақ Алла қалағанын жасайды». («Ибраһим» сүресі, 27-аят).
Осы аят тұрғысында белгілі ғалым Қатада: «Дүние тіршілігінде оларды жақсылық және салиқалы амалдар арқылы тұрақты етеді. Ал Ақыретте болса, қабірде (қойылатын сұрақтарға жауап бере алуы үшін) тұрақтылығын күшейтеді» деп айтқан.
Және Алла Тағала: «Егер олар өздеріне үгіттелген нәрсені атқарғандарында, сөзсіз олар үшін қайырлы әрі тұрақтылығы күштірек болар еді» дейді (яғни, ақиқат үстіндегі тұрақтылықтары күшті болар еді). («Ниса» сүресі, 66-аят).
Бұл анық нәрсе. Әйтпесе, бұл тұрақтылықты бүлік бой көрсетіп, бақытсыздық орнай бастағанда, жалқаулықпен салиқалы амалдарды тастап қойғандардан күтеміз бе?! Жоқ, бірақ Алла сондай иман келтіріп әрі салиқалы амалдарды атқарушыларды имандарымен Өзінің ең тура жолына бастайды. Міне, сол үшін де Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салиқалы амалдарға өте бекем болған. Және ол кісіге аз да болса әрдайым үзілмей орындалатын амалдар сүйікті көретін. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім он екі ракағат намазға бекем болса (үзбей орындаса), оған Жәннат уәжіп болады (яғни, жаннатқа кіреді )» деп айтқан (Тирмизи). Және Құдси хадисте: «Құлым Маған нәпіл ғибадаттарменен Мен жақсы көргенше жақындай береді» делінген. (Бұхари).
Сондықтан да, ізгі амалымызды көпсінбей, керісінше, арттырған үстіне арттыру арқылы дінде тұрақталмақпыз.
7. Дұға–тілек.
Алла Тағаладан тұрақтылық, иман беріктігін тілеп жалбарыну – мұсылмандардың сипаттарынан болып табылады. Мәселен Жаратушы үйреткен мына дұғаларды айтуға болады:
• Ей, Раббымыз! Бізді тура жолға салғаннан кейін жүрегімізді ауытқыта көрме!
• Ей, Раббымыз! Бізге сабырлық беріп, табандарымызды тұрақты қыла көр!
Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын ) да: «Ей, жүректерді аударып тұрушы Алла! Жүрегімді Өз дініңде тұрақты қыл!» деген тілекті көп айтқанын жақсы білеміз. ( Сахихул жамиғ). Ғалымдар: «Алла біреуді дұғамен көп айналыстырып қойса, оның дұғаларына жауап беруін де арттырып қояды» деген екен. Екінші жағынан, дұға – мұсылманның қаруы, ал қаруы бар адам көп нәрсеге төтеп бере алады.
8. Жүрек амалдарына көңіл бөлу.
Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, денеде бір кесек ет бар, ол түзу болса, қалған дене бүтіндей түзеледі, ол бұзылса, қалған дене түгелімен бұзылады. Біліп қойыңдар, ол – жүрек» деген екен. (Бұхари, Муслим). Енді бірде «Тақуалық осында!» деп, көкірегін қолымен ишарат еткен болатын. (Муслим). Алайда, адамдардың бәрі бірдей болғанымен, олардың жүректері әр түрлі емес пе? Амалымыз жеткілікті дәрежеде болмай жатса, ислам, Пайғамбар немесе ұстазыңыз кінәлі емес, жүректе ақау бар деген сөз. Мұндайда жүректі емдеудің Құран мен хадисте көрсетілген әдістеріне көңіл бөлген жөн. Хазіреті Әли (оған Алла разы болсын) бір сөзінде: «Жүректер – Алланың ыдысы (түтікше) және ең жақсысы мейірімге толған ыдыс. Жүрек – білім атты мейірім түсетін мекен, бұл арқылы Алла танылады» дейді. Ыдыс суға толғанда таситыны секілді, жүрек туралыққа шомылғанда, салиқалы амалдар да сыртқа шығады. Сондай-ақ, махаббат, қорқыныш, үміт, хушуғ, бойсұну, тәуекел ету сынды жүрек амалдарына аялау талап етіледі. Әсіресе, Аллаға деген қорқынышты арттыру сұралады. Құдіретті Алла Құранда: "Кім Алладан қорықса, (Алла) оған бір шығар жол пайда қылады. Және оны ойламаған жерден ризықтандырады" - деген. («Талақ «сүресі, 2-3- аяттар).
9. Жақсы кісілермен жолдас болу, салиқалы адамдар болатын отырысқа қатысу.
Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Жақсы дос пен жаман достың мысалы әтір сатушы мен көрік басушы секілді. Әтір сатушы саған әтір сыйға береді немесе одан әтір сатып аласың немесе жақсы иісте боласың. Ал, көрік басушының қасында не киіміңді күйдіресің, не сасық иісте боласың». (Бұхари мен Муслим ). Яғни, жақсы жерде отырған адам бойына тек жақсылықтарды жинап шығады. Ал жаман орта иманына кері әсерін тигізеді. Әсіресе, ислам дос таңдау мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Алланы еске салатын, сенің Ақыретіңді ойлайтын, ізгілікте көмекші болатын досты табу да – үлкен жетістік. «Кісі – досының дінінде болады» деген текке айтылмаса керек...
10. Көп тамақ, көп сөз, көп ұйқыдан тыйылу.
• Шектен тыс тамақ – құлшылыққа кедергі келтіреді.
«Ауру – астан», «Дәрінің ең жақсысы – аз тамақ» деген даналық сөздерде үлкен мән бар. Ал Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адам өз асқазаны секілді ешбір жаман ыдысты толтырған емес. Солай бола тұра, белді бүгу үшін бірнеше түйір тағам жеткілікті. Асқазанды толтыру қажет болса, үштен бірін тамақпен, үштен бірін сумен және үштен бірін ауамен толтырсын» деген болатын. (Тирмизи). «Мұсылман тамақты көтеріп жүрмейді, тамақ оны көтеріп жүреді». Яғни, мұнан шығатын қорытынды – адам жүріп-тұруы, құлшылық жасауы үшін жеткілікті асты жегені абзал. Артық астан денсаулыққа да, ақыл-ойға да, құлшылыққа да зиян бар. Аз тамақ жеу, қарын ашқанда ғана тамақ жеу, үйлесімді тамақ жеу деген қағиданы ұстансақ ұтылмайтынымыз анық.
• «Мұсылман адамның исламнан алған ең ізгі қасиеттерінің бірі – бос сөзден арылу» (Бұхари).
Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмметіне: «Кімде-кім Аллаға және Ақырет күніне иман келтірген болса, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін» деген тамаша өсиет қалдырды. (Бұхари, Муслим). Яғни, мұсылманда тілмен болатын қарым-қатынастың екі ғана түрі бар: жақсы сөз сөйлеу және үндемеу. Пайғамбар тағы бірде: «Жақсы сөйлеп, игілікке жеткен немесе үндемей қалып құтылған адамға Алланың кешірімі болсын!» деп дұға жасайды. (Тирмизи) Ал, Хазіреті Лұқман Хакім: «Сөйлеу – күміс болса, сөйлемеу – алтын» деп қалай орынды айтқан! Таразылар болсаңыз, көп күнәнің, көп қателіктің – тілден, артық сөзден екендігін анық байқайтын болар едіңіз. «Кім көп сөйлесе – жиі қателеседі, кім жиі қателессе – күнәға көп батады, ал кім көп күнә жасаса – Тозаққа көбірек лайықты» (Омар ибн әл-Хаттаб). Сол себепті, тілді тыя білу – күнәдан арылудың әрі иманды сақтаудың бір жолы.
• Көп ұйқы – уақыттың қадіріне жетуден қалдырады.
Мұсылманның ұйықтау тәртібі: ерте жату және ерте тұру. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Құптан намазының алдында ұйықтауды, Құптан намазынан кейін сөйлескенді ұнатпаған. Таласымыз жоқ, ұйқы – тәтті, нәпсіге жағымды нәрсе. Бірақ, нәпсімен күрес екі әдіспен жүргізіледі: бірі – беріп күресу, екіншісі – тыйып күресу. Қысқасы, мына қағида сізге пайдасын берері хақ: Ерте жатқан адам түнгі намазға да тұрады әрі таң намазын сергек оқиды, күндіз де күш-қуатты жүреді. Ерте жату арқылы артық қыдырыстан, бос әңгімеден, ғаламтор мен әлеуметтік желі құрсауынан босайсыз. Ал кеш жатқан адам жоғарыда аталған құлшылықтың ешбіріне тиянақтылық таныта алмайды әрі күндіз ұйқылы-ояу күй кешеді.
11. Көзді харамнан тыю.
Иманда дәм, ләззат, рақат деген нәрселер болады. Ал осындай ұлы нәрселерді сезінуден мақрұм қалдыратын нәрсе – көзді харамнан тыя алмау. Пайғамбарымыздан (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келген мынандай бір хадис бар: «Назар – Ібілістің жай оқтарынан болған бір оқ. Кім Алладан қорқып, сол назарды тастаса, Алла оның орнына жүрегінде тәттілігін тапқан иманды береді» делінген. Жалаңаштанған қыз-келіншек, шектен тыс ысырап, жылтыраған сән-салтанат – бәрі де иманды әлсіретуге себеп болады. Ал кім назарын харам нәрсеге салса, онда ол Ібілістің уланған оғыменен жарақаттанып, бақытсыздыққа ұшырайды. Ал, кім көзін, назарын харам нәрседен тыйса, Алла оны иманмен қуаттап, туралыққа жетектейді. Әрі ол пенде иманның ләззатын тауып, жүрегі бақытқа кенеледі.
12. Елдің қолындағыға қызықпау.
Ислам діні дүние жинаудан, бай болудан қайтармайды. Алайда, шектен тыс әуестік – иманға зиянын тигізбей қоймайды. Яғни, дүние мұсылманның жүрегінде емес, қолында болуы керек. Алла Тағала Құранда: «Алайда, сендер осы өмірді артық көресіңдер. Ал соңғы, мәңгілік өмір – қайырлы әрі тұрақты» дейді. («Аъла» сүресі, 16-17-аяттар). Ардақты сахабалар да дінін тәж секілді көкке көтеріп, дүниені қолдарында ұстайтын. Тәждерінің қисайып немесе түсуге шақ қалғанын байқағанда, қолдарындағыны лақтыра салып, діндерін түзеуге кірісетін.
13. «Дінде өзіңнен жоғарыға, дүниеде өзіңнен төменге қарау»
Ғұламалар: «Кім бақытты болғысы келсе, дінде өзінен жоғарыға, дүниеде өзінен төменге қарасын» деген. Мәселен, көлігі бар адам, көлігі жоққа, көлігі жоқ, аяғы жоққа қарау арқылы шүкірлігін арттырады. Дені сау адам, төсекке танылған адамды көріп құлшылық жасауға асығады. Осындайда жастығы жоқ болған сахабалар мен ши төсекте ұйықтаған Пайғамбарды еске алу да иманды арттырады. Адам өзінде жоқты ойласа, бақытсыз болады, ал өзінде барды ойласа, ең бақытты адамға айнала шығады. Және кез келген мұсылман қызметте өскені секілді, құлшылықта да жоғарылай беру ләзім. Қияметте Алла Тағаланың: «Өткен күндерде істеген амалдарың себепті рахаттана жеңдер әрі ішіңдер!» («Хаққа» сүресі, 24-аят) дегенін есту үшін амалды да арттыра беру керек емес пе? Мәселен, сіз 5 уақыт намаз оқисыз, ал біреу 5 намазды мешітке барып оқиды. Сіз жылына 30 күн ораза ұстайсыз, ал өзге адам нәпіл оразаларды қалдырмайды екен. Біз 10 сүре білеміз, екіншілер 30-шы параны жаттап алыпты. Біз ашуға берілеміз, қатты сөйлейміз, ал басқа адам үнемі көркем мінез танытады екен. Яғни, құлшылықта жарысу – Жәннатқа қарай үлкен қадамдар жасауға түрткі болады.
14. Өлімді жиі ойлау.
Ешкім ертең не істейтінін білмейді және ешкім қай жерде өлетінін де білмейді. Олай болса, кешегі күніміз өтіп кетті, ертеңгі күн белгісіз, сондықтан бүгінгі күннің қадірін біліп, тиімді пайдалануымыз қажет. Ол үшін бүгінгі істі ертеңге қалдырмай, тек дүние істерін ғана қамдаудан сақтанып, таңнан бастап, түн батқанға дейінгі аралықтағы орындалуы тиіс құлшылық амалдарға көңіл бөлген жөн. Өлімді ойлау – өмірдің дәмін кіргізеді әрі иманыңды күшейтіп, Ақыретке деген дайындықты қамшылайды. Сондай-ақ, Омар ибн Хаттаб (оған Алла разы болсын): «Алланың алдында есеп берерден алдын, өз-өзіңе есеп бер және амалдарың Таразыда тартылардан бұрын, ақылыңмен таразыла», ‒ деп өсиет еткен екен.