Балақ қысқартудың әйелдерге қатысы бар ма?
Балақ қысқартудың әйелдерге қатысы бар ма?

БАЛАҚ ҚЫСҚАРТУДЫҢ ӘЙЕЛДЕРГЕ ҚАТЫСЫ БАР МА?

«Ақтөбе» медресесінде оқып жүрген кезім. Дайындық курсына жаңадан оқушылар қабылданып жатыр. Келе сала, бойы ұзын, көзі көкшілтім, мұрны тәмпіш, түрі орысқа ұқсаған бір жігіт маған қарап тұрды да орыстың жалпақ тілімен: «Интересно. Пророк Мухаммад (с.а.в.) сказал: «Часть «изара» которая ниже щиколоток будет (гореть) в аду». А что я вижу?! Давай кес», – демесі бар ма? Өзі қазақ жігіті екен. Мен бұл сөзіне таңқалған жоқпын. Менің ең сүйікті пәнім фиқһ сабағы болатын. Шәкірттер да осыны біліп, әдейі маған жіберген болар бұл жігітті. Әрине, ғалым болмасам да, қарапайым дәлелдермен оған бұл мәселені кеңінен түсіндірдім. Ол былай «түсіндірілген» болатын.
– Осы хадисті естідің ғой. Енді амал ет, – деді ол.
– Бауырым, асықпа! Әуелі осы туралы аталмыш хадистерді толық талдап шығайық бірге. Кейін маған не десең де, соны орындаймын, – дедім мен.
– Давай, давай, – деді ол кекесінмен күліп, «бітті шаруасы» дегендей.
– Кей

де бір мәселеде әртүрлі иснадпен (тізбекпен) келетін хадистер бар. Олардың барлығын оқып, түсініп барып қана үкім айту керек жағдайлар мужтаһидтер арасында кездесетін жағдай. «Изардың тобықтан төмен түскен жері тозақта» (Бухари «Сахих») деген хадисіңе бірден «естідік те бойұсындық» деп амал ететін болсақ, онда бұл қателік болады, – дедім.
Ол екі көзі бақырайып:
– Қалайша?, – деді.
– Хадис сахих болса, (сахих хадистің «әхәд» түріне) фиқһ мәселесінде оған амал ету міндет қой?!
– Иә, әрине. Сахих хадис болса болды ғой, вперед!
– Ал, енді Құран аяттарының бәрі «сахих» па? Еш күмән жоқ. Әр аятына амал ету – парыз. Солай ма?
– Иә, брат, әрине! Құранның бір аяты былай тұрсын, бір әрпін мойындамай жоққа шығарсақ, кәпір боламыз, брат, кәпір!
– Иә, дұрыс айтасың. Құранның әр аяты бізге «мутауатир» жолмен жеткен соң, әр аятына иман келтіру – парыз. Бірақ, кей аятқа біз амал ете алмаймыз. Қарашы, (Құранды алып келіп, оқып бердім) Құранда: «Не айтқандарыңды білмейтіндей мас күйлеріңде намазға жақындамаңдар», – деген аят бар («Ниса» сүресі, 43-аят). Бұған амал етесің бе?
– Қойш! Құранда ондай аят бар ма не? (Ол ежіктеп тұрып оқыды).
– Иә, бар.
– Жоқ, амал етпейтін шығармыз.
– Иә, себебі, ол аят «мансух» болған. Яғни, үкімі жойылған. Оны насых қылатын аят бар. Яғни, үкімін жойған аят. Мысалы, «Мәида» сүресінің 90-аятында: «Араққа мүлде жақындамаңдар», – делінген. Яғни, арақ – харам, оны халал деген діннен шығады. Сен қарапайым қолымызда күнде ұстап жүрген Құранда қандай аят барын білмейсің. Ал, хадис кітаптары өте көп. Онда «балақ қысқарту» туралы келген басқа хадистерді естімедің ғой. (Ол үндемеді. Мен сөзімді әрмен қарай жалғастырдым).
– Осы аятты түсіндіріп, басқа аят келгеніндей, сенің айтып тұрған Сахих Бұхаридағы аталмыш хадисіңді де түсіндіріп, басқа да сахих хадистер келген. Сен айтқан мәтіндегі хадис бір рет қана келген, жоғарыдағы арақ туралы жалғыз аят сияқты. Мысалы, оған дәлелді Нәсәи мен Тирмизи, Әбу Дәуд пен Ибну Мәджәдан іздемей-ақ, Бұхари мен Мүслімнен келтіре қояйын. Мысалы, «Кімде-кім киімін тәкаппарлықпен сүйретіп жүретін болса, қиямет күнінде Алла оған қарамайды» (Бұхари 4/24)… Ал мына хадис, тіптен ашып айтып берген: «Кімде-кім изарын тек менмендікті көздеп сүйретіп жүрген болса, Алла оған қиямет күні қарамайды» (Мүслім 3/1652). Ал имам Ахмад ибн Ханбал: «Тәкәппарлық ниеті болмаса, киімді ұзын кию – харам емес», – деген.
– Мм, – ол ойланып қалды.
Мен осыдан кейін, имам Науауидың («Әль мансурат» 102-бет), имам Шәукәнидің («Нейлуль аутар» 1/312), Уәһбәту Зуһайли («Фатауаль Муасыра» 312-бет), Хафиз Ибну Хаджар Асқалани («Фатхуль Бәри фии Шарх Сохих әль-Бухари» 11/435), Атия Сақр («Ахсануль Кәләм» 249-бет), Ибну Таймия («Мәжмуғ» 11/442) сынды ғалымдардың пәтуаларын ақтарып көрсеттім де:
– Біл, бауырым! Алла сенің бір киіміңнің ұзын не қысқалығына қарап тозаққа салмайды, «Алла тағала сендердің келбеттерің мен дене пішімдеріңе емес, жүректерің мен істеген амалдарыңа қарайды» (Муслим) деген хадисін есіңе ал. Бұл хадисті естіген боларсың?!
– Иә!
– Ендеше, «жүрегіңде зәредей тәкәп-парлық болмасын, әйтпесе жәннәттың иісін сезбейсің» (Муслим 1/93) және амал ету барысында киіміңді қысқа киіп, халықты діннен шошытпа, керісінше «сүйіншіле және жеңілдет» (Бұхари).
– Бауырым! Үш сұраққа жауап берші. Сосын бұл мәселеге нүкте қояйын.
– Иә, бисмилляһ.
– Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі балағын төмен түсіріп киген бе, сахабалар киген бе, әйелдер ше?
– Жақсы. Тыңда ендеше.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ісіне дәлел:
«Қабиса әл-Һиләли: «Күн тұтылған еді. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қорыққан күйінде, тіпті көйлегінің етегі сүйретіліп, үйінен шықты», – делінген хадистерде. («Муснад Сахаба фи әл Кутуб әт Тисға» 49/259) Бұл тақырып туралы Тирмизиде де хадистер бар.

Сахабаның ісіне дәлел:
Ибн Омардан: «Алла тәкәппарланып киімін жерге сүйретіп жүрген кісіге қиямет күні назар салмайды». Мұны естіген Әбу Бәкір: «Уа, Алланың Елшісі: «Менің изарымның бір жағы егер қадағалап жүрмесем түсіп кетеді», – деді. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Әбу Бәкір! Сен оны тәкәппарланып жасамайсың ғой», – деді. (Бухари 4/23)

Әйелдер іс-тәжірибесінен
Бұл хадис әйелдерге еш қатысты емес.
Ибн Омар айтты: «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Алла тәкәппарланып киімін жерге сүйретіп жүрген кісіге қиямет күні назар салмайды». Сонда Умму Сәләмәһ: «Әйелдер көйлектерінің етектерін не істейді?», – деді. Пайғамбарымыз: «Бір қарыс түсіреді», – деді. «Олай болса, табандары ашылып қалады ғой», – деді Умму Сәләмәһ. Сонда Пайғамбарымыз: «Тағы бір қарыс түсіреді де, одан арттырмайды», – деді. (Тирмизи 4/223.Әбу Дәуд 2/419.Нәсәи 8/184 Ибну Мәджәһ 2/1185). Байқап отырсаңыз, табандары да ашылмау керек екен. Бұл хадис әйелдерге байланысы болмаған соң, балақтың қысқаруы туралы хадис «харамдықты» білдірмейді.
– Түсіндім. Алла разы болсын, – деді де өз жөнімен кете берді.
Иә, осындай жігіттер бар арамызда. Оларға дінді түсіндіру барысында білімнің керегі ақиқат. Оқиық. Ізденейік. Амал етейік.

Нұрлыбек САБЫРҒАЛИЕВ,
«Ақтөбе» медресесінің шәкірті,
«Ақтөбе гуманитарлық колледжінің»
4-курс студенті

"Ислам және өркениет" газетіне жарияланған мақалам

Нурлыбек СабыргалиевНурлыбек Сабыргалиев
8 лет назад 5037
2 комментария
  • Алла разы босын сізге, Нұреке!
    "Білім – шамшырақ" деген осы. Алла қуат берсін сізге. Ораза құтты болсын!
    8 лет назад
    • АССАЛЯМУАЛЕЙКУМ НҰРЖАН БАУЫРЫМ. СІЗ ОСЫ САЙТҚА ВИДИОЛАРДЫ ҚАНДАЙ ОПЕРАЦИЯ АРҚЫЛЫ ЖІБЕРЕСІЗ? МЕН ЖІБЕРЕ АЛМАЙ ОТЫРМЫН. КӨМЕКТЕСІҢІЗДЕРШІ
      8 лет назад