Альбер Камюдің "Бөгде" атты повесі туралы бір ауыз сөз!
Альбер Камюдің "Бөгде" атты повесі туралы бір ауыз сөз!

ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ КІТАПХАНАСЫ!!!

АЛЬБЕР КАМЮ

 

(ФРАНЦИЯ)

 

 (1913-1960)

 

    Мен Альбер Камюдің өмірбаянымен және шығармашылығымен  жете таныс емеспін. Дегенмен, оның Францияның ұлы классик жазушысы екенін, әрі қырық төрт жасында Нобель сыйлығының лауреаты (1957 жылы) атанып, атақ-даңқы айдай әлемге жайылғанын  естуім бар.     Альбер Камюдің «Оба» атты романы мен «Бөгде» атты повесі тұңғыш қазақ тіліне аударылып, танымал жазушы, әрі шебер аудармашы Сарбас Ақтаевтың тәржімасымен оқырмандар назарына ұсынылған екен. 2000 данамен шығарылған бұл басылымның бір данасы өз қолыма тигеніне қатты қуандым. Неге десеңіз...  Өзін зиялылар қатарына қосатын қазіргі оқырмандар Альбер Камюдің шығармасымен танысулары керек екені еш күмәнсіз.

    Кітап қолыма тиісімен «Бөгде» атты повесін мұқият оқып шықтым. Повесть екі бөлімнен құрылған. «Бүгін анам дүние салыпты. Кім білсін, бәлкім кеше қайтыс болған шығар»,-[ А. Камю. Оба. Роман және повесть.- А.:  Аударма, 2002.-266-бет] деп басталатын повесте Альбер Камюдің айтар қызықтары көп. Мен өз ойымды повесть мазмұнын түгел айтпай, мені таң қалдырған  эпизодтарын  эссе жанрымен білдіргім келеді. Қабыл алыңыздар!

-«Қайырымдылық үйінен: « Шешеңіз өмірден өтті. Жерлеуі ертең. Қатты қайғырып көңіл айтамыз»,- деген жеделхат алдым». [266-б]

    Қарттар үйін Альбер Камю «қайырымдылық үйі» деп атап отыр... Қандай қорқынышты атау!  Бұлай аталуына сонда не себеп?  Әлде африка жұрты қарттар үйін «қайырымдылық үйі» деп атай ма екен? Бұған мен жауапты таба алмадым.Тіпті, солай болғанның өзінде күйеуінен айырылған жесір әйел өз ұлының «иттік» мінезіне куә болып, ұлының оны «қайырымдылық үйіне» жатқызғанына  жүрегі байыз таба ма? Қай жерден қайырымдылық десеңіз де ана үшін бұдан артық қайырымсыздық жоқ шығар. Қызығы сол,  аталған «қайырымдылық үйі» директорының айтуы бойынша Мерсо мырза  анасын өз қолына алып асырауға шамасы келмеген. Оған күтім мен аяшы керек екен. Оны Мерсо таба алмапты. Себебі, оның еңбек ақысы шамалы. Үйде, өз қолында бағам дейін десе, «ортақ» әңгімелері жоқ. Анасы тіс жарып үндемейтін. Ия, директордың бұл айтқандарына қарап Мерсо мырзаға таң қалдым. Күлкілі жағдай. Альбер Камю бас кейіпкер Мерсонының бойындағы «иттік» қылықтарды негізге алып шығармасын «Бөгде» атады ма екен деген  ой сапа ете қалды. Бірақ, әңгіме тек Мерсоның анасына істеген қылығында емес екен....Кызықтың «көкесі» әлі  алда!

    Қайырымдылық үйі Алжирден (Солтүстік Африкада орналасқан Алжир мемлекетінің астанасы.-С.Н.) сексен шақырым жердегі Маренгода орналасқан екен. Мерсо мырза анасының табытының басында болып, жерлеуге қатысады.  Алайда, тым болмаса анасынан табыт басында кешірім сұрап, Жаратқаннан ол үшін дұға тілеуін іштей құптап ем.  Ол зират басында да ұзақ тұрмады. Алайда, Мерсоның «Мен анамның өліміне кінәлі емеспін ғой» деп өзгелерге ақталуынан басқа еш нәрсе байқай алмадым.  Анасы қайырымдылық үйінде өмірінің соңғы үш жылын өткізіпті.  Мерсо анасын зират етуге бір жылдап келмей кеткен. Себебін айтайын ба? Оны Мерсоның өзі айтсын: « Кейінгі жылы мен оған бармадым десем болады. Оның үстіне барсаң, бір жексенбің тұтас кетеді, ол аз десең аялдамаға дейін сөмпеңдеп, билет алып, екі сағат әрі, екі сағат бері салдырлап жүрудің өзі бір қиямет» [268-б]. Анасы үшін санаулы сағаттарын қия алмаған ұлдан не үміт, не қайыр?! Тіпті бұған Мерсоның анасы қайтыс болғанда көзінен бір тамшы жас шықпағанын, оның өз анасын табытында бетін де ашып көрмегенін, жерлеу кезінде зират басында бөгелмей, бірден кетіп қалғанын, жерлеу бюросының  қызметшісі анасының жасы нешеде екенін сұрағанда  нақты жауап бере алмағанын, азалы жерде шылым шегіп, кофе ішіп отырғанын қосып, астын сызып қойыңыз...

   -« Трамвайға отырып,  порттың жанындағы жағажайға тарттым. Келе суға секірдім де,біраз малтыдым.  Мұнда жастар көп  екен. Суда жүріп, Мари Кардонаны  кездестірдім. Баяғыда ол біздің кеңседе машинистка болып істеген» [ Сонда, 279-б]

    Енді Мерсоның өмірге деген көзқарасының «бөгделігі» осы оқиғадан бастау алады.  Ол үйленбеген... Ол бұрын Мариден  көңілі суып кетсе де, енді сол үміттің алауын қайта тұтатқысы келген сыңайлы...Мари оны жақсы көреді, тұрмыс құрғысы келеді. Ал, Мерсо болса... Бір күні Мари Мерсоға былайша сұрақ қояды: «Сен мені сүйесің бе?». Ол: « Бұның бәрі ешбір мағынасы жоқ бос сөз, бәлкім, сүймейтін де шығармын», [292-б]-деп жауап береді.  Қыздың көңіліне кірбің түсіреді. Мерсо қыздың сезімінде шаруасы жоқ. Ол тек нәпсісін қанағаттандырып, құмарлықтың жетегінде кеткен адам.   Кейін Мари одан үйленбек ниетін бар-жоғын сұрағанда, Мерсо: «Маған бәрібір, сен қаласаң  үйленуіме де болады»,- деп жауап береді.  Кейін қыз одан тағы да оның сүйіп-сүймейтінін білгісі келеді. Ол: «Онда тұрған не бар, әрине сүймеймін»,-деп жауап береді. Қыз одан солай болса не үшін өзіне үйленгелі жатқанын  сұрағанда, ол: « Маған тіптен бәрібір. Сен қаласаң неге үйленбеуім керек? Осыны өтініп отырған өзің ғой.Мен тек келісіп қана отырмын»,-деп жауап береді. [297-б]. Ойланатын мәселе!!! Сонда ол өз өміріне, өзінің жан қалауына түкіргені бар ма? Өзгенің жетегіне, басқаның қалауына еріп кете бере ме? Дәл осы сауалды қыз оған қойған кезде, ол: «Мүмкін! Басқа бір әйел менімен дәл сендей қарым-қатынас жасап, үйленейік десе мен келісемін»,-деп жауап береді. Бұл не қылған жауапсыздық? Өз өміріне «бөгденің» көзімен қарағаны ма? Бұл жауабын естіген қыз: « Сен өзі қызық адамсың! Әрине, сені сол үшін де сүйемін.  Бәлкім, күндердің бір күнінде маған сол мінезің жексұрын боп көрінер»,-деп қойды.

-«Солайы солай да шығар деп мен де келістім.Осыдан келіп ол осы мәселе жөнінде сенімен ақылдасайын деп едім, дардай азаматсың, көмек жасау қолыңнан келеді, сонда дос-жаран болар едік, деп ойын ақтарып салды.Мен үндемей отыр едім: немене дос болғың келмей ме?-деп ежіктеді.  Маған бәрі бір деп едім, ол разы болып қалды» [287-бет]

  Мерсоға келіп, әңгіме айтып отырған оның көршісі Раймон Синтес. Раймон бір қызбен жүреді. Ол қыз оған ашына екен. Бірақ, ашынасын жеткілікті деңгейде асырайды. Ақшаны қалағанынша береді. Ал қыз ол ақшаны без-берекетсіз шашып, лоторея ойнайды... Жігіт осыларды біліп, қызды ұрып, айырылысып тынады. Ол қыздың бауыры Раймонға байланады.Раймон оны  сабап тастайды...  Енді, Раймонның жоспары былайша «сөйлейді»: « Ол оған шапалақпен беттен осқандай қып хат жазып, кешірім сұрауға мәжбүрлеп алып келеді екен. Үйіне келген қызды бетіне түкіріп қайта қуып шығады» Бұл іс насырға шауып, қызды сабап, одан іске полицейлер араласады.  Кейін Раймон бұл «былықтан» құтылу үшін Мерсоны куәгер болуға шақырады. Ал Мерсо өзіне бәрібір екенін, бірақ келіскенін айтады. Сонда Раймон: «Раймонның әйелі оны алдады деп сотқа айтсаң болғаны»,- деді.

    Бұл жерде де Мерсоның килікпейтін іске басын сұққанын көріп отырмыз. Ол тек досына көмек беруді ғана ойлады да істің соңына көңіл бөлмеді. Бұл жерде менің айтайын дегенім Мерсоның әрекетін өзіміз қалыптасқан ортадағы  адамшылық, моральдық түсініктерге салсақ,  нағыз жауапсыздық, тіптен адам табиғатына жат қылықтар демекпін. «Маған бәрібір» деу арқылы өз басының бостандығына көңіл бөлмей, өз еркіндігіне өзі балта шапқалы тұр...Енді ол абақтыға түссе не болмақ? Оны алда көреміз..!

-« Сәлден соң мені өзіне бастық шақыртып алды...Ол өзінің  әлі де болса айқындалмаған бір жоспары бар екенін хабарлады.Сол жайында менің пікірімді білмекші.Парижде өз кеңсесінің бөлімшесін ашып, ол іспен сол жердің өзінде тікелей  шұғылданып, ірі париж фирмаларымен келіссөздер жүргізуге тиіс екен.Міне, сол жұмысты қолға алар ма екенсің деп сұрады». [296-бет]

Бастығының бұл ұсынысына ол: « Баруға да болар, бірақ шынтуайттап келгенде маған бәрі бір»,-деп жауап беріп еді, сонда дереу сөз алған бастығы: «Өмір салтын өзгерту сізді қалайша қызықтырмайды?»,-деп сұрады. Ол: «Өмірде ештеңені де өзгерте алмайсың.Бәрі сол баяғы жартас-сол жартас, маған қазіргі қалпымда жүрген жақсы»,-деп жауап қатты. Бастығы оның бетіне аң-таң болып қарап,атақ-даңққа ұмтылмау-зиян екенін айтты.

    Негізі, шығыс ғалымдарының айтуы бойынша, адамның бір күні екінші күніне ұқсамай, ұдайы ізденіс пен өсуде болуы керек. Адам боп өмірге келгеннен кейін еңбектеніп, алдымызға биік мақсаттар қойып, оған жетуіміз үшін бар күшімізді салуымыз қажет. Жаңалықтар ашуға құмар болып, жоғары лауазым иесі болуға ұмтылу біздерге міндет. Елге, халыққа пайдасы тиетін азамат болуың қажет.  Өмірге құштар адам ғана өзгерістерге құмар болады. Ал, Мерсо болса ештеңе өзгерткісі келмейді, өзін қинағысы да келмейді. Алдына мақсаттар қойып,  сол мақсаттарды еңсеруге  мойыны жар бермейді. Яғни, оның тайыз таным- түсінгінен тағы да «бөгделік» байқалып-ақ тұрады.

   Жоғарыда айтылғандай Раймоннан таяқ жеген ашынасының бауыры енді кек жолына түседі... Қыздың бауыры Алжирде ұзақ тұрғаннан ба екен, әйтеуір, арабтармен  жақсы араласып, достасқан секілді. Қасына бес арабты ерітіп алып, Раймоннын соңына түседі... Сол уақыттарда Мерсо Раймонның досы  Масонмен де танысады. Раймон  Масонға өзін арабтар аңдып жүргенін және ол оқиға қалай өрбігенін  айтып береді.

    Бір күні теңіздің жағасындағы құмға барып күнге қыздырынып, суға малтынып қайту үшін Мерсо, оның жүріп жүрген қызы Мари, Масон, оның әйелі Масон ханым және Раймон жолға шығады.  Күнге қыздырынып жатқан кездерінде манағы арабтарды көреді. Раймон мен Масон ол арабтармен төбелесіп қалады...  Екі араб қолма-қол жекпе-жекте бұлармен теңесе алмай жеңілген кездерінде, олар амалсыздан пышақтарын алып шығып, қорқытады. Ақыры Раймон мен Масонды жаралап, қашып кетеді. Арада біраз уақыт өткен соң, топтан оңашаланып, Раймонның тапаншасын салып алып жүрген Мерсо теңіз жағалап кетеді. Сол кезде кенеттен манағы бес арабтың біреуінің  құмда жатқанын көреді. Оны байқап қалған араб пышағын суырса, ал ол тапаншасын кезеп оны қорқытты. Кейін оны байқамай атып алады. Қасына жақындап қараса өліп қалыпты. Неге екені белгісіз өлі денені тағы төрт рет атады. Енді, оны күтіп тұрған абақты өмірі, кейін өлім жазасы. Сотта әр айыпталушыны жақтайтын  адвокат пен оны даттайтын прокурордың болатыны белгілі. Енді шығарма немен , қалай аяқталады? Қызық!

     Адамның саналы әрекеті немесе оның арманы, қиялы емес,жазушы өз әдеби талдауына қарапайым адамның күнделікті тұрмысын алған. Шығармада әлемдік, ерлік немесе қоғам, адам алдындағы жауапкершілік туралы  сөз жоқ, қайта керісінше адамның жауапсыздығы баяндалған. Біз Мерсоның бойынан адам табиғатына жат қылықтарды байқаймыз. Бұл қорытынды шындыққа өте жақын, бірақ біз шындық деп нендей мәселеге тоқталмақпыз? Мәселенің қиындығы сонда.Мерсо үшін шындық пен  біздің айтпақ шындығымыз екі бағытқа қарай өрбитін істер. Мерсо өзін бұл өмірге, тіптен өз болмысына бөгде, яғни бөгделік көзқараста.  Ол өмірін шындық деп қабылдаудан қалған. Өз әрекеті-бөгде адамның әрекеті.Мерсо әрекетінің еш мақсаты жоқ және өз әрекеті үшін жауапты деп те сезінбейді.Ол біледі,иә, өзі жасаған қылығы үшін , ол заң алдында жауап беруі керек. Сондықтан, Мерсо өз жауапкершілігінен еш қашпайды. Дұрысы, сол кісі өлтірген адам заңды  түрде жазалануы керек.  Бірақ әрекет  мақсаты айқын  болмағандықтан, адамды жазалау қиын іс. Сондықтан прокурор Мерсоның шешесі қайтыс болғанда  жыламағанын, бетін ашып көргісі келмегенін, азалы жерде темекі тартып, кофе ішкенін  қылмысқа дәлелдер ретінде келтірді. Мерсо адвокаты шешесінің өліміне қатысты қойған сұраққа  ол былай жауап берген: «Әрине, анамды жақсы көретінмін, сүйетінмін. Ал бұның бұл арада қандай мәні бар?Ақыл- есі түзу кез-келген адам бәрібір де жақсы көретіндерінің  өзіне де өлім тілейтіні  бекер ме! [ А. Камю. Оба.Роман мен повесть.- А.: Аударма, 2002.- 311-бет]. Анасы дүниеден қайтқандағы  көрсеткен қылықтарын толық куәлікке келтірген айыптаушы: « Өзгені қойып, өз қылығына өкіне ме екен ол? Шынын айтқанда, жалпы онда жан деген жоқ, кісіліктен құр алақан. Мен сіздерден қылмыскердің   басын алуды талап етемін»,-деп үкім шығарды. [340-б].

    Иә, Мерсо қариялар үйінде  өмір сүріп, қайтыс болған анасына аяушылық білдірмеген, өзі атып өлтірген арабқа деген өш  алушылығы  немесе «неге  осылай еттім?» деген өкініші болмаған. Бұл сөзіме дәлел  ретінде Мерсоның өз сөзін келтірейін. Ол: «Өз басым болған іске онша өкінгенім жоқ»,- дейді. [339-б]. Енді, міне, сотталып жатқанда да осы мені өлім жазасына кесуі мүмкін деп, өзін-өзі қорғауға ешқандай талаптанбай, өз сотына өзі бөгде адам көзімен қарауда. Бұл не күй?  Адамның өзін-өзі сақтау инстинкінің соншама тот басуына себеп не?Өзін қоршаған адамдардың пікірі неге Мерсоны елең еткізбейді? Күнәлі болған соң оны мойындау ғана емес, одан арылудың жолын іздестіру керек емес пе? Мұндай сана Мерсода керағар ойларға түсіреді: « Осынау ұзақ, аса ұзақ мерзімнің ішінде алғаш рет анам туралы ойладым. Сірә, өмірінің соңында оның өзіне неліктен  «күйеу» тапқанын, барлығын басынан бастайтындай неліктен бұндай ойынға барғанын енді түсінгендеймін.Адам өмірі сөніп бара жатқан  қарттар үйінің аясындағы сол бір азалы кеш те мұңға  батырып, ойға жетелердей тыныштық емес пе еді?Анам дәл өлерінің алдында, бәлкім, өзін барлығын жаңадан бастап, қайта бастан кешіруге әзір еркін, азат сезінген шығар. Оған кінә артып күстәналауға ешкімнің де хақысы жоқ.Міне, мен де, бәрін бастан қайта кешіруге әзірмін.Ашу-ызаның алапат екпіні мені аурудан айықтырып, үміттен арылтып, жұмбақ нышандар мен жұлдыздарға  толы осынау түннің алдында әлемнің үнсіз енжарлығына қарсы  ең алғаш ашылып, шешіліп отырмын.Ол да маған  бауырым сияқты ұқсас. Сондықтанда өзімді бақытты сезінгенмін.Қазір де бақыттымын.Барлығы да шапшаң бітіп, жалғыздықтан жапа шекпеуім үшін  бір ғана тілейтінім- мені жазалап өлтірер  күні көрермендер көбірек жиналып, олар мені өшпенділік айқайымен алқаласа екен». [356-бет].

     Бұл Мерсоның өлім алдындағы соңғы ойлары. Ол өмір сүрудің мәнін мүлдем өзге арнаға салған. Өмір сүрудің мәнін ол мәнсіздікке айналдырған. Қайдағы жаңа өмір? Егер де ол дінге сенген адам болса бір жөн. Мерсо- дінсіз жан, ол Құдайды мойындамайды. [315, 351-беттер].  Қаза алдында келген священикті қабылдамады.[345-бет].  Яғни, діндегі екі өмірді ол қабылдап отырған жоқ.  Сондағы оның ойына тірек болған не нәрсе? Тірліктің соншама берекесіз (абсурд) болғаны ма?Мерсо біз түсінетін үміттен безінуде.  «Үмітсіз-шайтан» деуші еді, ал Мерсо болса шайтан емес, адам ғой. Ал адамның үмітсіз болуы ақылға сыйымды емес.Мерсоның бөгделігінің сыры да осы, оның үміттен күдер үзіп, басқа нәрсеге бойлауы, ал ол басқа нәрсенің не екенін қайдан білсін? Бұл- Альбер Камюдың қойған жауабы жоқ сұрақтарының бірі.

    А. Камю шығармасына «Бөгде» деп ат қойды. Неге Мерсо бөгде адам?Бөгделік дегеніміздің өзі- бір адамның екіге жарылуы, яғни «мен» және «мен емес». Бөгде адамның санасы «мен еместе». Мен онтологиялық мәнде болса, «мен емес»-субъект. Бірақ ол белсенді субъект емес, ол әрекет иесі емес. Әрекетсіз болғандықтан, оның үміт  туралы  ойы да өзгеше. Ол жаңа басталатын өмірден үміт іздейтін сияқты. Мен жойылғаннан кейінгі ол қайдағы жаңа өмір?  Атеистер «адаммен бірге жан да өледі»  демеуші ме еді? Абай хәкім: «Мені» мен «менікінің» айырылғанын, өлді деп ат қойыпты өңкей білмес»,-дей келе, «меннің»-тән, «менікінің»- жан екенін айтып отыр. Мерсоның «адаммен бірге жан өлмейді» деп есептеуі оның атеист емес екеніне дәлел емес. Ол-атеист. Құдайға сенбейді. Мұндай жағдайда  мен өлгеннен кейін  жаңадан басталатын өмірдің  мәні неден көрінбек? Меннен безініп, «мен емеске»  айналудың мәні неде? Менің ұғымымда бұл мәнсіздік. Ал мәнсіздіктен мән іздеуге бола ма?  А. Камюдың Мерсосы дәл осы мәнсіздіктен мән іздеуде. Сірә, біздің көбіміз натуралиспіз. Себебі, қалыптасқан, сіңісті болған түсініктермен өмір сүреміз. Қандай нәрседен, істен болмасын мән іздейміз. Сөйтіп, проблемалар туғызып, оларды талдауға кірісеміз. Ал басқалай жағдай болса, айталық адам болмысы мәнсіз болса не болмақ? Тіптен, адам осы табиғат болмысының өзімен-өзі болуына бөгет, бөгде болса не болмақ? Бүгінгі күні адам табиғатқа өзінің бөгделігін әбден дәлелдеді. Сөйтіп, экология деген сана туды.  Бұл адам әрекетінің  бұл дүниеге бөгделігінен туған іс. Бөгде, бөгделік бізді жақсы ойға бастамайды. Бірақ, амал қанша, бұл проблеманың бары ақиқат.

Өмірге бөгде көзбен қарау  деген не сөз? Мұндай көзқарастың сыры неде?  Әңгіме былай, Адам «мені» екіге жарылған, оның заман болмысына қатысты мазмұны, мәнін жойып, мәнсізденіп, ал жеке адам ретіндегі  көзқарасы тазаланып, өзінен-өзі  объект ретінде қарауға дағдыланған. Сонда, А.Камюдің бұл адамы «толық» емес, «жарты адам», сондықтан ол «абсурдный» адам. Бірақ, ол неліктен өз болмысынан  қашып, «жарты адам» болуға ынталы болған деген мәселе тағы да  алдымыздан шығады. Менің айтарым, ол жанның тән қамы туралы жауапкершілікті жоюынан. Әдетте, тән жанның тұрағы болғандықтан, жанның тән қамы үшін жасамайтын әрекеті жоқ. Жан жанұшырып жақсылыққа да, жамандыққа да, зұлымдыққа да барады. Камюдің «Бөгде» шығармасындағы  кейіпкердің  жаны тәнді тұрағы деп сақтануға барғысы жоқ.Әрине, Камюдің айтып отырғаны-көркем шығарма шындығы. Нағыз өмірде Мерсо сияқты мүмкін бар, мүмкін жоқ. Шығарма деген – идея шындығы, өмір шындығы емес.

 Нұрлыбек САБЫРҒАЛИЕВ

КТ-420  топ студенті

Ақтөбе гуманитарлық колледжі

 

 

 

Нурлыбек СабыргалиевНурлыбек Сабыргалиев
9 лет назад 8878
4 комментария
  • камюді біржақты талдапсың, орысшасын қайта оқып шықсаң, нұрлыбек, негізі айтқысы келгені басқа - мораль әлбетті алдыңғы планға шығады, бірақ, өзің айтпақшы "абсурдизм" - төңірегінен іздеп көрсең болады, камюдің пьесаларын оқып көрсең де артық емес, сәттілік тілеймін
    9 лет назад
  • Ия, оқып көрейін. Бірақ аудармасын болмаса... Орыс тіліндегі "әдеби" сөздерді түсіну қиын. Бірақ, аудармаларын оқумен әлі де танысармын. Алайда "Бөгде" повесі маған ұнамады. Бұным Альбер Камюге еш қатысы жоқ.Повесін талдағанда қорытынды шығарған ойым
    9 лет назад
  • оны "посторонный" еткен адамзаттың өмір сүру салтының тым ескіріп кеткендігін шенейді қаламгер. бұл - бір, екіншіден, оның "тазалығы" да осында емес пе - бойын аулақ салуы бәрінен, басқа мораль, басқа құндылық бар ма өзі?
    9 лет назад
  • әлем әдебиеті мұхит қой, оқысаң - өмір сүру ауырлап кетеді, һз басымның тәжірибесінен айтып отырмын.
    9 лет назад