"Тозақ оттары жымыңдайды" повесті туралы бірауыз сөз!
"Тозақ оттары жымыңдайды" повесті туралы бірауыз сөз!

"Тозақ оттары жымыңдайды" повесті туралы бірауыз сөз

- Тозақ оттары!..- дейді Янумака күбірлеп. - Тозақ оттары жымыңдайды.

Көріп тұрсыңдар ма? Тозақтың оты!!! А-а-а!!!

(Төлен Әбдікұлы, "Парасат майданы", 323-бет.Алматы 2012)

Қырық жыл бұрын, орыстардың отарында болған тұсымызда  жазылса да кезінде оқырман қауымның жан жүрегін дүр сілкіндірген, қазір де жас-кәрілеріміздің ойларында жүрген, күндіз оқып қызығына батып, сол шығарманың қызығына тоя алмай түнде жастанып оқуға дейін апарған бір шығарма бар.

Ол үндістер өмірінен шерлі сыр шерткен «Тозақ оттары жымың­дайды» повесі. Бұл зорлық-зомбылықтың зардабын көріп, ақыры ақ адамдармен елі, жері үшін айқаса жүріп, жер бетінен біржолата жойылып кеткен араку тайпасының қасіретті тағдыры жөнінде жазылған повесть еді. Жазушы Төлен Әбдіктен осы шығарманы не себеп түрткі болып жазғаны туралы сұралғанда ол кісі: «Совет үкіметі тарихымызды бұрмалады. Мемлекеті жоқ, шекарасы жоқ, тарихы тек 1917 жылдан басталатын бір ел болып шыға келдік. Енді осы тығырықтан шығу үшін менің ойыма келгені,  әлемде қиянат көріп жатқан халық тек қазақ емес, басқа да ұлттар бар. Қазақтың тағдырын солар арқылы беру, жеткізу. Мен өзім сол кездердегі Бразилиядағы үндістердің тағдырын көп оқыдым. Сол үндістердің тағдыры арқылы қазақтардың ауыр тағдырын жеткізуге болатын шығар деген идея туындады басымда. Сосын бардым да осы «Тозақ оттары жымыңдайды» деген повестті жаздым»,-деген болатын.

Қазақ секілді осындай үлкен тарихи әділетсіздікті басынан кешіріп жатқан  Кеңестік заманда – қазақтың тілінен, ділі­нен, дінінен, керек десең жерінен де айырылуға аз-ақ қал­ған қилы кезеңде ұлттың басына түскен ауырт­палықты ашып жазу мүмкін емес-тін. Олай жасаған жағдайда қаламгер идеялық қателікке жол бергені үшін жазаланар еді ғой. Сондықтан жазушы Төлен төте жолдан ауытқып, ақиқатқа апарар жаңа жол тапқан. Қазақтың басына түскен мұң-зарын, үндістер көрген қорлығын егжей-тегжей сипаттай отырып, жеріне жеткізе баяндап шыққан. Бір қарағанда, алыс Бразилияны мекендеген жауынгер араку тайпасының тұқым-тұяғы қалмай құрып кеткендегінің мұңды баяны сияқты. Алайда, бұл кешегі бодандық бұғауында өлместің күнін кешкен аз ұлттардың, оның ішінде қа­зақтың тағдырына алаңдаудан туған толғаныс болатын. Жазушы медицинаға тұтас бір дәуір әкелген данышпан доктор Эдуард Бейкерді бала кезінде айы­рылған атамекеніне сапар шектіріп, оның араку тай­пасының ең соңғы адамы екенін, зая ғұмыр кеш­кенін есіне түсіріп жандүниесіне төңкеріс жасайды. Сөйтіп, қаламгер қазақ жұртына ой салып, болаша­ғыңды бодандықтан құтқарып, ұрпағыңды рухтан­дырмасаң, сенің де көрген күнің қараң дегенді ишарамен жеткізген. Бұл шын мәнінде орағытып өтіп, орайын келтіріп айтылған ақиқат еді. Түсінген адамға бұл жазушының ерлігі деп бағалайтын еңбек. Төленнен басқа ешбір жазушы мұндай шығарма жазған жоқ...

Жалпы бұл шығарма мәңгілік, өлмейтін тақырыпты қозғайтындығымен құнды. Бұл шығарманы тұтас халықтың тағдыры деп те, жеке адамның тағдыры деп те қарастыруға болады. Бейкердің өкініші арқылы жазушы адам өкінішінің өлшемін көрсететін секілді. Осы өкініш арқылы жалпы адам болып ғұмыр кешудің мәні мен мақсаты айқындалатындай. Алтын тақта отырып, қайғы мұңсыз ғұмыр кешсе де адам неге белгілі бір сәтте туған халқы туралы, тамыры туралы, кіндік қаны тамған топырағы туралы ойлайды? Бұл - сөзбен айтылмайтын, терең түйсікпен ғана шешілетін жұмбақ. Қандай цивилизация келсе де, қандай қоғам орнаса да, бұл басты құндылық болып қала береді. Адам осы құқы үшін, ақиқаты үшін күресуден ешқашан танбайтын болады. Түптеп келгенде, дүниедегі барлық үлкенді-кішілі күрестер осы үшін болып жатыр. 

 «Тозақ оттары жымыңдайды" – мәңгі өлмейтін шығарма. Себебі, аз халықтар, оларды қорлау, жойып жіберуге тырысу бұрын да болған, қазір де бар, болашақта да бола бермек. Адам өзінің тегінен, туған топырағынан жеріп опа таппайды дегенді түсіндіргендей болады екен. Классикалық шығарма»,- деп түйдім.

    Ақ нәсілділер әкелген электр жарығын қарт үндіс тозақ отына теңейді. Себебі, ақ нәсілділер келгеннен кейін үндістердің өмірі тозаққа айналған еді... Ақ нәсілділердің барлық нәрсесін жек көреді... 
Өзіме шығарманың мына жолдары қатты ұнады:

- Сонда олардың жазығы не? - деді журналист әңгімесін сабақтай. - Бразилия орманында жаратылып, өсіп-өнгендігі ме? Әлде қисапсыз байлығы ма? Иә, иә, дәл солай. Бұл күнде жердің кеңдігі мен байлығы да халықтың сорына айналған. Болмаса XVІІ ғасырда темірден зат жасап, мәдениет құрған, Пастерге дейін жыланның уына ем ойлап тапқан, Европаға картоп пен помидор егуді, қызыл бұрыш пен темекі егуді үйреткен 2 миллион индеецтен бірнеше жүзі қалғанына кім жауап береді? Ғалымдардың айтуынша, енді он жылдан кейін бір де бір индеец қалмайды. Қалса, тек зоопаркке қоюға бірді-екісі қалуы мүмкін. Менімен айтысқан бір миссионер: "Олар қолдарына түскен тұтқындарын жейтін көрінеді ғой" деп жаз­ғырды. Бүкіл Бразилияда адам етін жейтін бір де бір тайпа жоқ. Ол - дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Сонда шын мәніндегі адам жегіштер кімдер болып шықты?! - Журналист қалтасынан сигарет алып тұтатты да, көкшіл түтін арасынан сығырайып, кінәлаған адамдай докторға қарады. - Мен осылардың бәрін құлағыммен естіп, көзіммен көрдім. Көрдім де бұл бүкіл адамзаттың арына басылған өшпес қара дақ деп түсіндім. Біз жұмсақ диванда жатып, қосыла алмаған екі жас туралы романдар оқып немесе фильмдер көріп, көзімізге жас аламыз. Біз бір адамның тағдыры үшін жер жүзінің прессаларын шулатып, ұрандар ұстап, көшеге шығамыз, қылмыстының жазалануын талап етеміз. Өлім жазасына бұйырамыз. Ал тұтас бір нәсілдің, бірнеше халықтың құрып кетуін қай тілде суреттеп беруге болады. Халықты өлтірушілерге адам­ға біткен санамен қандай жаза ойлап табуға болады, доктор Бейкер?».

Повестің осыдан қырық жыл бұрын жазылғанын ұққанымда таң қалдым. Өткен ғасырда жазылса да, шығарма өзектілігі әлі жойылмаған...

Бұл шығарма мен үшін - өкініш жыры. Ары бармай-ақ, мәдениетіміз, танымымыз күрделі өзгерістерге түсіп жатқан соңғы жүз жылдың ғана қасіретін сезінгіңіз келсе, "Тозақ оттарын" оқуға шақырамын. Бұл - біз туралы толғам...

 Жас зерттеуші:

Сабырғалиев Нұрлыбек

Нурлыбек СабыргалиевНурлыбек Сабыргалиев
9 жыл бұрын 13444
2 пікір
Блог туралы