Бауырым? Жар іздесең, құлақ түр!!!
Бауырым? Жар іздесең, құлақ түр!!!

Бауырым? Жар іздесең, құлақ түр!

Дүниеде сірә сендей маған жар жоқ,

Саған жар менен артық табылса да!

АБАЙ

Соңғы ғасырдың жастары бір-бірімен танысып-білісіп, кездесіп жүріп үйленгенді құп көреді. Және осы жағдайда дұрыс таңдау жасаймыз деп ойлайды. Бұл көзқарас қаншалықты дұрыс?

 

Жасандылық

 

Кез келген некесіз қарым-қатынас жасандылыққа құрылады. Себебі, отбасын құрып көрмеген жастар араларындағы достықты тек сезіммен ғана өлшейді. Адам табиғатынан солай, егер бір жанды ұнатқан болса, оның кемшіліктерін байқамайды, керісінше, ұнатпаған болса, тек нашар тұстарын көреді, біржақтылыққа бой алдырады. «Үйлену оңай, үй болу қиын» демекші, отбасылық өмірдің ыстық-суығынан бейхабар жастарға тек қана сезіммен, «жандым, күйдім» деп шаңырақ көтеру баянсыз болуы мүмкін. Себебі жанұялық өмір басталғанда, сіз армандаған ертегі ханшайымы мен кездесудегі сері жігіттің кемшіліктері аян болып, арадағы сезімнің жалынын сөндіреді. Осындай келеңсіздіктер  болмас үшін қыздың немесе ұлдың жақындары (ата-анасы, аға-әпкесі) келесі тарапты көріп, оның кемшіліктері мен артықшылықтарын айтуға міндетті. Жақындар тарапынан айтылған бұл ескертулер ғайбат болып саналмайды.

 

Адалдықпен шаңырақ көтеру

 

Асыл дінімізде қыз балаға ер адамдармен қол алысып амандасуға, қоян-қолтық араласуға тыйым салынған. Ал қазір қол алысу былай тұрсын, көшеде құшақтасып, сүйісіп тұрған жастарды жиі ұшырастыратынымыз жасырын емес. Ибалы қыз бар сұлулығын, пәктігін жалғыз жарына арнаса, ақылды жігіт тек қана әйеліне махаббаты мен сүйсінпеншілігін көрсетсе қандай керемет!? Адалдықпен құрылған отбасы деген осы емес пе?

 

Жігіттің қызды көру шарттары

 

Ер адамның үйленгісі келген қызды көру талаптары мен шарттары шариғатта былай қарастырылады:

Үйлену ниетінде болуы тиіс. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім бір қызды айттырғысы келсе, оған (мұқият) қарауына рұқсат, егер шынымен де айттыру мақсатында болса. Қыздың (оны көргендігін) білуі шарт емес» дей отырып, қызды тек айттыру мақсатымен көре алатындығын нұсқайды. (Әл-Һайсәми).

Қыздың жүзіне, білезікке дейін қолына қарауына рұқсат. Себебі, шариғат бойынша, арада неке болмағандықтан, қыздың қалған мүшелері жабық болуы шарт.

Қол ұстасу, құшақтасу сияқты тыйым салынған (некесіз) әрекеттерге бармауы керек.

Оңаша қалатын жерде кездеспеуі тиіс. Кездескенде қыз жалғыз емес, қасында туысының бірі болуы керек. Пайғамбарымыз (Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ер кісі өзіне бөтен әйелмен оңаша қалмасын. Сөзсіз, үшіншісі шайтан болады. Бірақ (қыздың) туысын серік қылса, ол басқа» деген. (Ибн Ханбал).

Өз таңдауына толығымен сенімді болуы үшін бірнеше рет көрісуіне рұқсат.

Сондай-ақ, айттырғысы  келген қызды сырттай бақылауға да рұқсат. Жоғарыда келген хадисте Алла Елшісі: «...Қыздың (оны көргендігін) білуі шарт емес» дей отырып, айттырғысы келген қызды сыртынан бақылауға болатындығын меңзейді. Кей кездерде қызды әуелі сырттай көрудің де пайдалы жағы жоқ емес. Өйткені, жігіт ұнатпаған жағдайда, қыздың көңіліне қаяу түспеуіне септігін тигізеді.

Қазіргі таңда жоғарыдағы талаптарға ден қойылмайтындықтан, ысырылып тасталғандықтан, арты сүйкімсіз әрекеттер жиі орын алуда.

 

Ғаламтордағы таныстық

 

Сонымен қатар, бүгінгі қыз бен жігіт достығының тағы бір өзекті мәселелесі – ғаламтор. Неше түрлі әлеуметтік желілерде отыратын бауырларымыздың виртуалды махаббат құрып, тіпті исламға енді келіп жүрген қыздарды алдап-соғып жүргендерін де кездестіруге болады. Виртуалды қарым-қатынастың соңы жақсылыққа апармайтыны баршамызға мәлім.

Ғаламтордағы байланыстың тағы бір кемшілігі – бір-бірін көрмей тұрған екі адам еркін сөйлесе беруі. Жазып отырған адамның қандай көңіл-күймен отырғанын білмеудің салдары екінші тараппен түсініспеушілік орнатады. Бес саусақтай таныдым дегеніңіз мүлде басқа адам болып шыға келеді. Оған қоса, әйел адамды ер адамның мысы басып тұратындықтан, ықылым заманнан бері ер адамға дауыс көтеріп сөйлеуге ұялатын болған. Ал, әлеуметтік желіде қарсы тараптағы адамды көрмей отырғандықтан, кез келген ауыр сөзді оп-оңай жаза алады. Нәтижесінде, адам бойындағы «ұят» деген қасиеттің жойылуына әкеліп соғады.

Осы тұста «қыз бен жігіт болып, қыдырып, жүруге болмайды, ғаламтормен сөйлесуге болмайды, сонда қалай үйленеміз?» деген сұрақ туындайтыны анық.

 

Жастар бір-бірін жақсы танығысы келсе, бізді жаратқан Алла Тағаланың Құранын, Оның Елшісінің сүннетін басшылыққа алсын. Мұнда бақытты өмірдің кілті бар.

 

Тәніне емес, тегіне қарап, денесіне емес дініне қарап үйлен!

 

Үйленудің көптеген қоғамдық, әлеуметтік пайдалы тұстары бар. Ислам өзінің жан-жақты қамтыған шариғат жүйесімен үйленбекші болған әрбір қыз бен жігітке бірнеше ережелер мен үкімдер белгілеп берген. Егер адам баласы сол белгіленген ережелер мен үкімдер бойынша жүрсе, отбасында түсіністік, келісім, сүйіспеншілік орнамақ. Алла қаласа, олардан дүниеге келген ұл-қыздар иманды, көркем мінезді, ибалы, ақылды болып жетіледі. Ендеше, аталған ережелер мен үкімдердің ең маңыздыларын келтірейік.

 

1.     Дініне қарап таңдау

 

Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла сендердің бейнелерің мен денелеріңе қарамайды. Бәлкім сендердің жүректерің мен амалдарыңа қарайды» деген. (Муслим). Сондықтан сүйікті Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үйленуге ниет еткен адамға діндар әйелге үйленуді нұсқады. Сонда әйел күйеуінің, балаларының, сондай-ақ үй шаруасындағы хақтарын ислам бұйырғандай, Пайғамбарымыз ( оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)  көрсеткендей толық орындайды.

 

 Алланың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Әйел адамның төрт нәрсесіне: мал-дүниесіне, атақ-абыройына, сұлулығына және дініне қарап үйлену керек. Ендеше, сен діндармен жетістікке жет, қолың топырақ болғыр» деген. (Бұхари, Муслим) (Мұндағы мағына: «Мал-дүниесі және басқа да артықшылығына қарамай-ақ діндарымен жетістікке жет, мал-дүниесі және басқасына қарамауға болады» дегенді аңғартады).

 

Сондай-ақ Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)  атастыратын қыздың ата-аналарына діндар, жақсы мінезді жігітті қарастыруға кеңес берген. Сондай жігіт қана отбасын асырау, балаларын тәрбиелеу, намысты қорғау, үйді қажетті нәрселермен қамтамасыз етудегі міндеттерін толық орындайды.

 

Алла Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер сіздерге дініне, мінез-құлқына риза болатын (жігіт қыздарыңызды сұрап) келсе, (қыздарыңызды) оған беріңіздер. Егер олай істемесеңіздер, жер бетінде іріткі кеңінен етек жайған бұзықтық болады» деген. (Тирмизи).

 

2.     Тегіне қарап үйлену

 

 «Шешесіне қарап қызын ал» деген аталы сөз бекер айтылмаған. Ислам діні жар таңдаушыға әйелді жақсылығы, көркем мінезділігі, тегі, абыройлы, тамырын терең жайған отбасынан таңдауға кеңес береді. Өйткені, адамның кен қазбалары сияқты ұлықтығы мен төмендігі, жақсысы мен жаманы болады.

Осы негізге сүйене отырып, Осман ибн Әби әл-Ас әс-Сақафи өз балаларына: «Ей, балаларым! Үйленіп жатқан адам бейне бір ағаш отырғызып жатқан адам тәрізді. Сондықтан әркім ағашын қайда отырғызатынына мән берсін. Нашар тұқымның жақсыны дүниеге келтіруі сирек кездеседі. Олай болса, біраз уақыт өтсе де, таңдаңдар», -деген.

 

3.     Есік көрмеген қызға үйленудің артықшылығы

 

Ислам дінінің өмірлік жар таңдаудағы жолдауларының тағы бірі –пайда мен даналық үшін есік көргенмен емес, бесік көргенмен үйленуге үндегені дер едік. «Есік көргенді емес, бесік көргенді ал» деген бабаларымыз мұны жақсы білген. Бұл даналықтың мәні –тыныштықты бұзып, талас-тартыс тудыратын нәрселерден отбасын қорғау әрі ерлі-зайыптылық, сүйіспеншілік байланысын бекем байлау. Өйткені, бұрын тұрмыста болмаған қыз күйеуімен тез тіл табысып кетеді. Ал, бұрын тұрмыста болған әйел екінші күйеуімен бірінші жағдайды қайталап, жарасып кете алмауы мүмкін.

Алла Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұрын тұрмыста болмаған қызға үйленудің кейбір себептерін ашып айтады. Ибн Мәжаһ мен Байһақи риуаят еткен хадисте: «Бұрын тұрмыста болмаған қызға үйленіңіздер. Себебі, олар тілдері тәтті, көп туатын, қулығы аз және қанағатшыл болып келеді» делінген.

 

4.     Көп бала туатын әйелге үйленудің артықшылығы

Әйел таңдауда ескерілетін тағы бір артықшылық – көп бала туатын әйелді таңдау. Мұны білудің бір жолы әйелдің анасына және тұрмыс құрған әпкелеріне қарау. Егер олар көп перзентті болса, қыз да осындай артықшылыққа ие болады. Медицинада анықталғандай, көп бала табатын әйелдің денсаулығы мықты, қуатты болып келеді. Бойында осындай қасиеті бар әйел үй шаруасын да, тәрбиелік міндеттерін де, ерлі-зайыптылық хақтарын да толық орындай алады.

Ескерте кетейік: көп туатын әйелге үйленіп, көп бала сүюді қалаған адам, асырау, тәрбиелеу, оқыту тәрізді міндеттерді орындауы тиіс. Немқұрайлылық танытып, міндеттерін дұрыс атқармаған жағдайда Алла алдында жауап береді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала әрбір жауапты адамнан қоластындағыларды қорғағаны не зәбір қылғаны жайында сұрайды. Тіпті еркектен үй-іші (бала-шағасы) жайлы сұрайды» деген. (Ибну Хиббан).

 

P. S: Үбірлі-шүбірлі ұрпақ өрбітіп, үлгілі, өнегелі отбасын құрғыңыз келсе, үйіңіздің діңгегін дұрыс қалаңыз!

МАТЕРИАЛ ASYLARNA.KZ САЙТЫНАН АЛЫНДЫ

Нурлыбек СабыргалиевНурлыбек Сабыргалиев
8 жыл бұрын 6935
0 пікір
Блог туралы