Сәлемге толық жауап беру-Алланың әмірі
Сәлемге толық жауап беру-Алланың әмірі

Сәлемге толық жауап беру-Алланың әмірі

    «Бағамын деп әркімнің қас қабағын, Балам қабақ шытса да жасқанамын.Сәлемімді біреулер алмай кетсе, Екі иығым салбырап, пәс қаламын»,-деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев  күйінгеніндей , өкінішке орай, қазіргі таңда сәлем туралы Құран аяттары мен қасиетті хадистерден хабары жоқ адамдар көптеп кездеседі. Негізі, «қай ғылым саласында ғалым бол, ол жиған ғылымың дінмен сабақтас болмаса-бәрі бекершілік» екені даусыз. Осы кезде, еріксіз, Жүсіп Баласағұнның: «Бұл сөзімді білімдіге арнадым, білімсіздің тілін ұға алмадым»1,- деп жырлаған сөзіне қарап, «Сәлем-сөздің анасы» екенін біле тұра, сол білгендеріне амал етпейтін зиялы қауым өкілдерін кінәлаймыз ба, әлде «Халқым надан болған соң, қайда барып оңайын»2,- деп Абай хәкімнің жырлағанындай Абайша күйініп, жүрегі соқыр, көкірек көзі қиядағыны көрмейтін надандарды кінәлаймыз ба? Әрине, бұл тәрбие саласында діннен хабары бар кәміл мұсылман адамдардан үлгі алсақ, ұтылмаймыз. Жә, сонымен...

     Осыдан бірнеше ай бұрын  дінтанушы Құдайберді Бағашардың  «Ислам және өнеге» атты еңбегінен сәлем туралы мақала оқыдым да, ойға қалдым. Онда: «Сәлемдесу-батыс елдерінде көбінесе «Қайырлы таң! Қайырлы күн! Қайырлы кеш! Қайырлы түн!» болып келеді.Француздар сәнді қалпақтарын көтере бас изесіп, немістер оң қолын көңілдене көтеріп есендік ілтипатын білдіреді. Шығыс елдерінде сәлемдесудің түрі тіптен көп, ал қызығы өз алдына. Мәселен, көне қытайдың халқы бір-бірімен амандасқанда «Чылым-ю?» дейтін болған, онысы- «Тамақ іштің бе?» дегені. Сірә, ашаршылық жанына батқан бұқара халық «қарын тоқ болса, амандық сол» деп ұғынса керек. Алда-жалда жапон фирмасына жұмысқа тұра қалсаңыз, сізге ең алдымен бір ай бойы  кіммен қалай амандасу  керектігін үйретеді екен.Деңгейі өзіңізбен шамалас адамдардың  қасында бірдей ғана бас иесіз, дәрежесі өзіңізден жоғары Че-нің, яғни фирма директорының алдында барынша бүгіліп, иіліп сәлем беруге тура келеді. Тіпті, кейде үлкен басшының алдында жерге жығылып, маңдайды жерге тигізетін жайттар әлі де бар.Төс қағысып құшақтасу, бір тізерлеп отыра қалып, қолын кеудесіне қою, маңдайдан иіскеу, қолынан сүю, бетті-бетке тигізу де шығыс халықтарына тән амандасудың түрлері.

     Мұсылманшылықты бойларына сіңірген қазақ халқы сәлемдесуге үлкен мән берген.Дуалы ауыз иелерінің, ақын-жазушылардың қай шығармаларына көз тігіп, құлақ түрсеңіз де сәлем салу, жауап беру және оның сүннет амал екендігіне көзіңіз жетеді. Мысалы, Ақтан Керейұлы: «Әдептен құр қалмассың, Үлкенге сәлем бергенің»,-десе, Бұқар жырау: «Әй, айташы, айтсаң айт! Құдіретімен жаратқан, Он сегіз мың ғаламды айт, Ақтан сия танытқан Дәуіт пенен қаламды айт, Сөйлеу үшін жаратқан, Сөз анасы сәлемді айт»,-дейді. Ал, мәшһүр Ислам ғұламасы Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Біздерге сәлем беру болды сүннет, Пайғамбар сүннетін тұт болсаң үммет»,-деу арқылы ұлтымыз қазақ бағзыдан бері сәлем беру сүннетіне аса үлкен жауапкершілікпен қарағандығын қадап айтып отыр. Қасиетті Құранды ашсақ, мынандай әдемі аятқа көзіміз түседі: «و إذا حييتم بتحية فحيوا بأحسن منها أو ردوها», яғни бұл: «Егер сендерге біреу амандасса, сәлемін одан да асыра не дәл солай қабыл алыңыздар»3,-деген мағынада. Ал хадистер не айтады екен?! Құлақ түрейік! Ардақты Елші, екі дүние Сардары Мұхаммед (с.а.у.): «Сендер толық иман келтірмейінше жәннатқа кіре алмайсыңдар, бір-бірлеріңді сүймейінше толық иман келтірген болып саналмайсыңдар. Өз-ара сүйіспеншілікті арттыруға септігі тиетін нәрсені айтайын ба? Өз-ара сәлемдесуді жайыңдар!»4,-деген болатын. Сонымен, бұдан шығар қорытынды бар. Сәлем беру және оны қабылдау бізді тәрбиелейді:

    -кішіпейілділікке;

    - бір-бірімізбен тез тіл табысуымызға;

    - әңгімелесіп, араласуымызға;

    - өз-ара сыйластық пен татулыққа;

     - бауырмашылдық пен жолдастыққа;

     - достық құруымызға;

      -Алла Тағаланың разылығына бөленуімізге және Пайғамбарымыздың (с.а.у.)  шапағатына кенелуімізге.

    Міне, осы себептен Мұхаммед ( с.а.у.): «Көлікте отыратын адам-жаяуға, жаяу адам-отырғанға, аз адамдар-көпшілікке, жасы кіші-жасы үлкенге сәлем берсін»5,-деу арқылы біздер үшін алтын әріптермен жазылатын заңды орнатып берді. «Аллаһ мінсіз әуелден, пайғамбар-хақ»6,- деп жырлаған Абай атамыз, «Бірінші тілек тілеңіз-бір Аллаһқа жазбасқа»7,- деп жырлаған Бұқар жырауымыздың, «Ғибадат пен адалдық, ар үшін жи»8,- деп өсиет еткен Шәкәрім атамыздың пайғамбар сүннетінен нәр алып, сусындап,біздерге өсиет етіп қалдырған аманаты да-осы. Ендеше, аманатқа қиянат жасамайық!

   Сәлем беру-адамға жақсылық, есендік пен саулық  тілеу дегенді білдіреді.  Жүсіп Баласағұн бабамыз: «Сәлем жолы-есендіктен адамға, Сәлем бердің, саулық бердің-оларға. Игі тілек танытқанға мейірім, Аллаһ силар деннің саулық, хайырын»,-дейді. «Ислам» дегеннің өзі сол есендік,  татулық, бейбітшілікті бүтіндеуден туады. «Әссәләму әлейкум» (السلام عليكم) деген сөз  «Сізге амандық, тыныштық тілеймін» дегенді білдіреді.  Ал, «уә әләйкум әссәләм» (و عليكم اسلام)  деген сөз «Маған тілеген есен-саулықты сізге де  тілеймін» дегендік. Кейде сәлемді артығымен қабыл алу мақсатында « Әс сәләму әлейкум уә рахмәтуллаһ» (Сізге Алланың тыныштығы, есен-саулығымен қатар рақымын да тілеймін) деп, оған: «Уә әлейкум әссәләм уә рахмәтуллаһ» (сізге Алланың тыныштығымен қоса,рақымын, оған қоса берекетін тілеймін) деп те жауап беріліп жатады»-делінген.9

    Енді, бұл мақаланы маған қолыма қалам алдыртып жаздырған себепке келейін.  Қарапайым қараша халықтың арасында берілген сәлемге « Уә әлейкум» деп салқын әрі қысқа жауап беріп жүргендер кездеседі екен. Жалпы, сәлемге деген қасиетті сенімге селкеу түсірмей, құрметіне құрсау салмаған қазақ азаматтарының дәстүріне қарсы болатын бұл керағар хәрекет ұлтымызға, мұсылманшылығымызға жараспайтын қылық әрі күнә, әрі арымызға сын.Осы жауаптың мағынасын түсініп, парқына жеткен әр-бір азамат көңіліне кірбің түсірері ақиқат. Әрине, оның себебі, Раббысын танымаған кәпірлерге қарата айтылатын бұл жауап сондай суық естіледі екен.

    Бірақ, сәлемге жауап бермеген немесе жоғарыдағыдай сәлемге кәпір адаммен тілдескен секілді қысқа жауап беріп жүрген азаматтарға бола іштей ренжіп, сәлемдесуден суып қалудың қажеті жоқ. Өйткені, «Сәлем» Аллаһ Тағаланың көркем есімдерінен.Сондықтан, бәрібір де сәлем беруші сәлем бергенінен ұтылмай, артық сауапқа ие болады. Хадистерде егер берген сәлеміңді қарсы жақ алмаса, әрбір сенің сәлеміңді одан гөрі жақсырақ, абзалырақ періштелердің алатындығы айтылған.10

    P.S.  Халқымыздың өз алдына егемендік алғаны  елімізге құт-береке әкелді.Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы арманы жүзеге асты Алланың қалауымен. Ұлттың негізін құрайтын тіл, діл, дін, дәстүр, тарихи жадымызды  жоюды, жерімізді алуды мақсат еткен  отаршыл империя келмеске кетті. Енді, азаттықпен бірге тіл, мәдениет, әсіресе ең көп зардап шеккен, қудаланған имандылығымыз қайта оралуда. Соның әсері ме екен, «сәлемді-иманнан» деп білген дана халқымыз сәлем берместен сөз сөйлеген, амандық сұраспай құрмет көрсетпегендерге халқымыз «тәрбиесіз» деп «диагноз»  қойып жатады. Міне, сол себептен тал бесіктен жер бесікке дейін берілетін тәрбиені ата-ана балаларына  ерте  берулері керек.  Жүсіп Баласағұн бабамыз: «Ұл-қызыңа әдеп үйрет, білім бер, Қос жалғанда нәсіп көріп, күлімдер»,-деп ұл-қызды қалай тәрбиелеу керектігін тіліне тиек етіп кеткен-ді. Ендеше, қарап қалмай, болашақта бәрі кеш болғанда  «қап, әттеген-ай» деп қапыда қалмас үшін әрекет етейік. Атырау мен Алтайдың, Арқар мен Алатаудың арасындағы ұлан ғайыр атырапта бейбіт өмір, тыныш заманды бастарынан кешіріп жатқан еліміз аман,жұртымыз тыныш болсын!

Нұрлыбек САБЫРҒАЛИЕВ

1«Он ғасыр жырлайды», 22-бет, Алматы, 2006

2 Абай Құнанбаев, «Екі томдық толық шығармалар жинағы», 2/23. Алматы, 2004

3. Ниса 4/86

4. Муслим «Сахих»

5. Муслим «Сахих»

6. «Он ғасыр жырлайды», 273-бет, Алматы, 2006

7. Сонда, 133-бет

8. Сонда, 278-бет

9. Қ.Бағашар, «Ислам және өнеге», 12-бет

10. Ахмад, «Муснад», 4/20

 

Нурлыбек СабыргалиевНурлыбек Сабыргалиев
8 жыл бұрын 27344
0 пікір
Блог туралы