ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ КІТАПХАНАСЫ!
Джордж Гордон Байрон
1788-1824
(Англия)
Байрон – керемет ақын! Абайдың «өлең-сөздің патшасы» дегенінің мәнісін түсіндіретін Байрон шығармалары десем, сірә, орынды айтылған сөз болар. Сөз бен сөздің арасына бөтен сөз қоспай сөйлеуде Байронмен кім тең келер екен! Бір сөзге соншама мағына сыйғызуды, түсінікті, мейлінше қысқа қайыруды мен Байроннан кездестірдім! Әрине, мұндай ақындық қуат әрі айтсақ Шекспир мен Гетеде, бері айтсақ Абай мен Пушкинде жоқ деп айта алмаймын...Дегенмен, Байронның әлем әдебиетінде есімі алтын әріптермен жазылған классиктердің ішінен поэзияда өзіндік қолтаңбасы бар ақын екендігін мойындауымыз керек! Себебі, қай елдің әдебиетін алсақ та Байронға еліктеу бар.
Уақыт атты құдірет заман ағымына сай оқырманның да талғам-талабынқалыптастырып, тіпті ұлы классиктердің де шығармашылығына деген көзқарасын өзгертетіні шындық. Әр ұрпақтың өз Шекспирі, өз Гетесі, өз Пушкині, өз Абайы болады.Бірақ, мұның барлығы өткінші құбылыс екендігін әдебиет тарихы анық байқатады. Мысалы, Бен Джонсон атты ағылшын драматургін арнайы зерттеушілерден басқа кім біледі?Оны сол дәуірде Шекспирден де дарынды деп есептеген. Алайда, алысқа бармай-ақ Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» атты драмалық трагедиясын бір оқыған кісі бұл шешімге келісе алмас. Дегенмен... Сондай-ақ Владимир Бенедиктовтің өлеңдері Пушкин жырларынан көш артық саналған. Бірақ, мәртебелі сыншы – уақыт бәрін өз орнына қойып берді.
Көзі тірісінде Байронды да көре алмаушылар көп болды. Себебі, әлем поэзиясында ұлы лирик ақын ретіндегі қаламынан туындаған шығармалар оны биік дәрежеге көтерді. Мысалы, Байронның 1807 жылы «Ұшқыр иірімдер» атты кітабынан кейін «Гяур» мен «Лара» атты әдебиеттегі табысты,жағымды құбылыс ретінде танылған шығармаларын атасақ болады. Оны көре алмаушылар ақынды «жылт етіп жоқ болатын ұшқынға» теңеді. Өз заманының асқақ рухты жырлары арқылы атағы алысқа кеткен ақын уақыт өте келе әлемдік поэзияның ең биік шыңдарының біріне айналды. Ақынның 200 жылдай бұрын жазған шығармалары бүгінгі ұрпақтың да аса қымбат рухани қазынасы болып отырғандығы осының дәлелі. Байронның «Манфред» драмасы, «Қабыл» мистериясы, «Шильон тұтқыны», «Дон-Жуан» дастандарын өздерін зиялы санайтындардың оқып танысулары парыз секілді мен үшін.
Мен ақынның қазақшаға аударылған шығармаларымен Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының «Әлем әдебиеті кітапханасы» сериясы бойынша шығарылған еңбектен танысып шықтым. Ақынның өлеңдерін, «Қабыл» мистериясын, «Шильон тұтқыны» , «Дон-Жуан» атты дастандарын мұқият оқып шықтым. Ендеше, осы шығармаларына жеке-жеке қысқа да нұсқа тоқталып өткенді жөн көріп отырмын. Ескерте кететінім, Абай арқылы Байронмен танысқандығым себепті, ақын өлеңдері мен шығармаларын Абаймен салыстыра отырып түсіндіріп көрейін.
Джордж Байрон шығармалары туралы герменевтикалық талдау
І. Өлеңдер
1) Кітаптың 474-541-беттері ақын өлеңдеріне арналыпты. Бір қызығы, ең бірінші өлең « Көңілім менің қараңғы. Бол, бол, ақыннан!»бастау алған. [Қ/з: 474-бет, Астана «Аударма» 2005]. Неге? Оның себебі Абайға келіп тіреледі. Өлеңді ағылшыннан Лермонтов аударса, орысшадан Абай аударып отыр! Мені алғаш таңқалдырғаны Абайдың сөзбе-сөз аудара алу қабілеті... Мысалы, аты аталған өлеңнің ең соңғы екі тармағы Лермонтовше былай:
«И если есть в очах застывших капля слез,
Они расстают и прольются»
[Қ/з: Қ.Жұмалиев «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі», 331-бет, Алматы 1960]
Енді Абайға құлақ түрсек, ол: «Қатып қалған көзімде бір тамшы жас, Төгілмей ме бой жылап, ол да ерісе?»,-дейді. Лермонтов поэзиясының бір тамшысы төгілмей толық берілген. Екі тілді адам мұны жете түсіне алады...Бірақ, әттең бұл өлеңді түп нұсқадан, ағылшын тілінде оқысам ғой... Абай мен Байрон екі заманда өмір сүрген ақындар. Абай Байронды түп нұсқадан оқымаса да, аудармасы арқылы Байронды «ашып» беріп отыр! Қалай «ашып» бергенін түсіндіру мақсатында бір-екі мысал келтірейін.Ал, Абайдың аудармашылық қабілеті бөлек сөз етілетін мәселе...Сол кітаптың 479-бетінде Абаймен қоса Ғафу Қайырбековтің де аудармасы берілген... Бірден айтайын, Абайдың «құдіретін» Ғафу Қайырбековтен көре алмадым. Біріншіден, Абай ақынның көңілін «қараңғы» деп алса, Ғафу «сұп-сұр» деп алып отыр.Ойланатын мәселе! Жалпы, адам қартайған сайын қайғыра беретіндігі, көңілінің қарая түсетіндігі жасырын емес. Әрине, мен кез-келген қартайған адам қайғы жамылады деуден аулақпын. Себебі, қайғы – ойлылық, парасаттылықтың белгісі. Қайғы жауапкершіліктен туады. Ойлы адамның көңіл-күйі қайғыға не мұңға толы болмақ. Алайда, мұң мен қайғы бір емес. Мұң –серпілмеген сезім, ашылмаған, айқындалмаған сана. Ол адамның мазасыз әрекетінің нәтижесінде пайда болады. Мазасыздық түбінде қызығушылық, әрі құмарлық жатады. Бұл, мұңның қайғыдан бірінші айырмашылығы. Екіншіден, мұң беймәлімділікті, тұмшаланған болмысты, қиялға айналған арманды бейнелесе, қайғы суық ақылды,айқындықты, заңдылықты тануға бағытталған зерек ой. Сонымен, данышпан адам қартайған сайын қайғыға жем болады. Бірақ, мен бұл жерде жас өлшеміне байланысты қартаюды айтып отырғам жоқ, «қайғы ойлап» ерте қартайған адамды айтып отырмын. Себебі, «қайғы ойлап» қартаю кейбір адамға ерте де келуі мүмкін. Бұл жағдай Байронға, Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Михаил Лермонтовқа қатысты. Ойлап қарасаңыз, Абай бұл өлеңді 48 жасында аударған. Байрон бұны 27 жасында жазып отырса, Лермонтов та отызға жетпей осы өлеңді аударып отыр. Яғни, Байрон, Лермонтов пен Абай «қайғы ойлап» ерте қартайған ақындар. Сол себептен, үшеуі де ерте қартайғандығы себепті көңілдерін «қараңғылыққа» теңеп отыр. Ендеше, Ғафу Қайырбеков өлең мағынасын түсінсе де, оны ашуға лайықты сөзді тауып, оны орынды қолдана алмағаны өкінішті-ақ!
Екіншіден, көңілін «қараңғылық» торлаған Абай өзіне «ақынды» шақырса, Ғафу Қайырбеков «әншіні» шақырып отыр. Ойланып көрелік! Ақындық пен әншілік екеуі де екінің біріне бұйырмайтын өнер болғанмен, екеуі үндеспейтін қабілеттер. Ақынды ақын ғана түсіне алады. Сол себептен, Абайдың «ақынды» шақыруы орынды.
Үшіншіден, Абай: «Қатып қалған көзімде бір тамшы жас, Төгілмей ме бой жылап, ол да ерісе?»,-десе, Ғафу Қайырбеков: « Көзімдегі ақ сүңгі-ақырғы жас, Ет қызумен ерісін о да балқып»,-дейді... Абай Лермонтовтағы «застывших» деген сөзді сөзбе-сөз аударып «қатып қалған» деп алса, Ғафу оны аудармай кетіп отыр. Ақылға салса, қатқан нәрсе ғана еруі керек-ті.
2) Байрон: «Өз мұңымды әлдеқашан ұмытқам, Сұм өмірден көңілімді суытқам»,-дейді.[Сонда, 478-бет, Астана «Аударма» 2005] Бұл өлең жолдары Абайдың: «Өмір, дүние дегенің ағып жатқан су екен. Жақсы-жаман көргенің ойлай берсең у екен»,-дегенін есіме салады. Дүние мен өмір синоним десек, онда екі ақын да өмірді «сұм» деп отыр. Бұл – екі ақынның «есті» ойы. Ал есті ой өзін қабылдайтын жанның да есті болуын талап етеді. Байронның айтып отырғаны – «есейген ой». Мұны жиырмалар шамасындағы жас буын өкілдеріне қабылдату қиынға соғар. Себебі, олар дүниенің сұм екендігін қайдан білсін?! «Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ» екенін қайдан қабылдасын? Олар әлі өмірдің дәмін татып үлгермесе, тәттінің дәмін татып көрмесе, ол тәттінің де дәмі бұзылатынын қайдан ойласын?Мұның бәрін есейген, ойы толысып, бір тоқтамға келген, ең бастысы тәубесі бар жан ғана ұғына алады. «Дінім үшін бар бақыттан айырылғам, Тәңірім өзі көңілімді жай қылған. Жүрегім де, арманым да қолында, Десе де еркі: «Жер бетінен тай жылдам»,- [Сонда, 486-бет] деп жырлаған Байрон – «тәубесіне» келген ақын. Жаратушының разылығын алуды көздеп, тәубенің есігін Байронның замандасы, немістің классик ақыны Гете де (1749-1832) «қаққандығын» еске салайын... Жалпы, данышпандар «білген сайын, ілімге құмартқан сайын» өздерінің түк білмейтіндіктеріне көздері жетіп, әлсіздіктерін сезініп, тәубесіне келеді. Бұл диалемма әр данышпан әр заманда өмір сүрсе де олардың бастарын қосып, адамды бір ойға жетелейді. Мысалы, Гете: « Жасаған шебер ісіне, Қарасаң тілің байланар, Өз ісіңе қарашы, Кәкір-шүкір айналаң»,-дейді. [Гете, 1/425]. Бұл, ақындардың «діншілдігі»- бөлек тақырып. Айтайын дегенім басқа.
Байрон: « Сұм өмірден көңілімді суытқам»,-десе, Абай: « Сұм дүние тонап жатыр ісің бар ма?»,-дейді. Ойланатын мәселе! Дүниенің сұм екендігін одан көңілі суыған адам ғана айта алады. Дүниені қызық-шыжық, думан-сауық деп қалыптастырған адамға неліктен дүние сұм болмақ? Иә, неге осы дүние сұм? Себебі, ол тұрақсыз,өзгермелі, өз бергенін өзі алып, адамға еш нәрсе қалдырмайды. Байқап отырсақ, бұл дүние өзіңді тонап алады, ол тіптен сұм емес – қарақшы. Сонда неңді тонап алады? Абай күшіңді алады, түсіңді алады десе, Байрон күндеріңді ұрлайды, жастығың мен уақытыңды ұрлайды дейді. Енді, бір қызықты қараңыз...Осы уақытқа дейін біз өмір қызығы – өмір сүру үшін қажет дейтінбіз. Алайда Байронның бұл өлеңінен кейін мен өмірдің қызығы адамды өлімге бастайтын алдамшы, мифтік сана дегенге ой бұрдым. Байрон жоғарыда келтірген екі тармақты өлеңінен кейінгі екі тармағында былай деп ойын жалғайды: «Арманым жоқ АЖАЛЫМДЫ тапсам мен, Жақын жаннан, сүйіктімнен, жуықтан»,-дейді. Бұл өлеңді толық нұсқасын оқысаңыз қызы әкесі Иеффайға: «Жаным, әкем, құрбандыққа мені шал», -дейді. Мен бұл жерде, өмір сұм болғандығы себепті адамдар өмір сүрмей жастайынан қыршын кетіп, өздеріне қол сұқсын, өздеріне өлім тілесін деуден аулақпын. Менің айтайын дегенім, адам әр кез өлімге дайын болып жүру керек. Өлім – жалған, сұм өмірден мәңгі әрі әділдік орнайтын екінші дүниеге кіретін есік болуы керек дегенді ұсынғым келеді. Өлімнен қорқудың қажеті шамалы.
3)Байрон: «Мақтанға құмар маңызсыз қалпың, Сүйсінтпес жұртты, жирентер қайта»,-дейді.[Сонда, 540-бет. Астана «Аударма» 2015].
Мақтан деген – өте күрделі нәрсе. Мақтан іздемеген адамды мен көрмедім. Алайда, Абайша айтсақ, мақтаншақтықтың үш түрі болады. Жиырма бірінші сөзде Абай: « Мақтаншақтықтың біріншісі... Біреуі жатқа мақтанарлық мақтанды іздейді. Ол – надан, бірақ надан болса да адам»,-дейді.Жатқа мақталсам дегенде елім мақтаса екен деп ойлайды.Ел не үшін мақтауы керек екенімен оның жұмысы жоқ. Ал, ел «еліне елеулі, халқына қалаулы» азаматты мақтаса керек-ті. Ондай ойсыз, әншейін «мені басқа ел мақтаса екен» деу – надандық. Алайда Абай ондайларды адам санатынан шығармайды. Себебі, бұл сөз ел басқарған адамдарға қатысты болса керек. Ел басқаруға да көп нәрсе керек. Екіншісі: «Өз елінің ішінде мақтанарлық мақтанды іздейді. Оның надандығы толық, адамдығы әбден толық емес». Мұндай мақтаншақтың ойы ағайын мені мақтасын дегенге саяды. Ағайын мұны не үшін мақтамақ? «Алыстағы туысыңнан, жақындағы көршің артық» дейді қазақ! Егер біреу жетістікке жетіп жатса, оны бір туысы көре алмай «артық сөйлеп, артық іс» жасап жатса, не үшін оны туысы мақтайды екен? Осы жерде осы қаламыздағы атақты ғалымдарымыздың бірі, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанұлының: «Қазір екінің бірі трайвализммен айналысып кетті. Екінің бірі өз ұрпағы, ата-шежіресімен мақтанып, кітап шығаруға құмар! Неге? Көпке топырақ шашпайын, дегенмен, көбісі мақтан үшін»,-дегені есіме түсіп отыр. Мақтаншақтықтың үшінші ең сорақы түрі – өзге кісі қостамайтын мақтанды іздеу. Оны Абай: «Ол – наданның наданы, ләкин өзі адам емес»,-деп сипаттайды.Ағайын ішінде беделге өзін-өзі мақтатып жетем деу, әрине, адамдық қасиетке жатпайды. Мұндай мақтаншақтық – адамның ақылсыздығының, талапсыздығының, жалқаулығының белгісі. Кедей тыраш келеді, жалқау мақтаншақ келеді.Себебі, кедейлік пен жалқаулық – ағайындас. Одан адамдардың бойынан байлаусыздық, әдепсіздік, арсыздық, өсекшілік, өтірік айту сықылды қылықтар табылуы ықтимал. Ең жаманы – мақтаншақ сол қылықтарды танып, біліп, оларды қорлық деп есептемейді.Абайдың айтуынша «десін» дейді, «демесін» демейді.Қай әрекеті, не қылығы, ісі ұнап, біреу оған «десін» дейді, онда мақтаншақтың шаруасы жоқ. Әйтеуір өзі туралы біреу «десе» болғаны. Оны Ислам ғалымдары «рия» деп атайды. Бұл қылықтан пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) сақтандырған.
Енді, Байронға келейік. Өлең «Мақтаншақ бойжеткенге» деп аталған. Зерттеушілердің пікірінше Байрон мұны Анна Изабелла Милбэнкке арнаған секілді. Изабелла өз құрбысына әңгімелесіп отырып сырын сақтай алмай мақтанған қалпы: « Бір ғарып жан бар, менің жолымда жанын қиюға әзір»,-дейді. Кейін қасыңдағы әйел оған мысқылдап күледі. Сонда Байрон Аннаға: « Жігіттер бір мақтай қалса оған алданба. Себебі, жігіттің көбі бір-ақ көрсеғашық бола қалады. Алданба!»,-дейді де ойын былайша сабақтайды: «Мақтан сөз майын тамызып тілден, Құрбыңа бөсіп, соққанда талай. Сұрқия жанның мазақ қып күлген, Зұлымдық ойын ұқпадың қалай?».[Cонда, 539-бет. Астана «Аударма» 2015].Сыр дегеннің өзі ақын тілінде адамшылық дегенмен мәндес келіп отыр.Себебі,адамшылықтың өзі сырға байланысты. Сыр –адамның құпиясы. Сыры жоқ жан – желмен бірге домалаған қаңбақ.Сыр сақтаған адамды қазақ зор тұтқан. Себебі, сыр бір күнде ақтарыла салатын нәрсе емес, ол – жағдайға, іс мәнісіне, оқиға желісіне орай аңғарылып отыратын білім арнасы. Оны сақтай білу керек. Егер оны өзгеге айтып қойса ол сыр болудан қалады. Осыны Байрон: «Дарақы болма, келгенше шама, Құпия сырға таба біл тіреу»,-деп түсіндіреді.
4) Байрон: «Жөнсіздік оған қарысып көнбеу, Өмірден өшу-құтылмақ үлес. Маңдайға сірә жазылмас өлмеу, Ажалмен күрес-баянсыз күрес»,-дейді.
Өзекті мәселе! Өмір мен өлім! Осы мәселе төңірегінде қаншама діндер, философиялық жүйелер, теориялар құрылмады десеңізші. Ғалымдардың, хакімдердің бәрі-бәрі өмір, өлім туралы өз ойларын айтты, осылардың себебін іздестірді, бірақ толық жауап берген ешкім жоқ, Бұл мәселеге Байрон да жауап бермеген. Байрон да Абай секілді тән мен жанды екіге бөледі.Дегенмен, бір қызығы Байрон тәнді «тән» десе де, жанды «жан» демей «рух» деп атайды. Мысалы: «Ысырып сонда, рухым перде, Аспанға таяу түнекті жарып»,-дейді Байрон. Екеуінің аруақты жан мен рух деп түсінуіне үлкен себеп – екі ақынның екі түрлі дін өкілі болуында. Ислам діні аруақты жан десе, христиан діні рух дейді. Бірақ, аруақ деген сөз рух деген сөздің көпше түрі екенін де ескеріңіздер.
Жә, адам – мәңгі өмір сүре алмайды. Шәкәрімше айтсам, «Алланың ақ өлімі келгенде, амалсыз қара тастай қатамыз». Өлім-ақиқат! Оны мойындамау-ақымақтық! Өмір бар секілді, өлім де бар!Ажалдан Қорқыт та қашып құтыла алмаған. «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» деген аталы сөз бар! Бұл – мағынасы терең афоризм. Бұл – философиялық ұғым. Бұл афоризмнің мағынасы неде? Қара жердің бетінде, адамзат ғұмырында шамасыз, шексіз еш нәрсенің жоқтығын баяндау!Бар нәрсенің бәрінің өлшемі бар, шамасы, шегі бар.Шамаңнан асып еш қайда бара алмақ емессің.Адамның да шамасы бар, ол таусылғанда тағдырға мойынұсынасың, Білге Қорқыттың айтқанына амалсыздан көнесің. Қорқытты неге араға кірістіріп отырмын? Жауап берейін. Байронның: «Рақат қой жер қайғысын ұмытып, Өлмес өмір жайын ғана қозғамақ»,- [Байрон, 476-бет, Астана «Аударма», 2005] деген уайымы Қорқытты да толғандырды. Екеуі де мәңгі өмірді аңсаған!
Ең маңыздысы сол, сұрақ, «неге адам өледі?» дегенде емес, «адам қалай, кім болып өлуі керек?» дегенде. Бұл туралы Исламның сопылық бағытының аса ірі өкілі, ислам ғұламасы Хасан әл-Басри: «Сен туылғанда бәрі қуанды, сен жыладың. Сол сияқты, сен дүниеден өткенде олар жылап жатқанда сен қуанып кететіндей амал жасап кет»,-дейді. Орынды айтылған афоризм! Адам сауапты амалдарды көптеп жасап, жақсы ұрпақ тәрбиелеп, ешқашан «өлмейтін» сөздерін қалдырса, еш өкініші болмаса, қызын қияға ұшырып, ұлын ұяға қондырып кетсе, әрине, қуанарлық жағдай.
Яғни, сөзімді түйіндей келе айтарым, өлімнен қашып құтылу жоқ, ол –тағдыр. Тағдырға кім қарсы тұра алған? Ондай жан бар ма? Әрине, жоқ! Міне, осы жоқ болуымен де өмір қызық! Себебі, адам мәңгі өмір сүрсе «өмір сынақ үшін берілген» деген афоризмнің мәні жоғалар еді! Байрон: «Әлем неге осылай жаратылған, оның құпиясы неде?» деген сұраққа жауап іздеген, бірақ таба алмаған. Бұны ақынның «Қабыл» атты мистериясын оқысаңыз түсінесіз. Егер Байрон осы сауалына жауап тапқанда тарихта аты қалмас еді! Тарихта сауалға жауап тапқандар емес, таба алмағандар қалады! Бұл өз кезегінде Қадыр Мырза Әліге де қатысты! Қадырдың өмір мен өлімге деген көзқарасы – бір кітап әңгіме, бөлек тақырып.
Негізі, Байронның өлеңдерінің әр-біріне түсіндірме жазар ем. Зерттеп жүрген тақырыбым ғой. Алар үлгі, түйер ой өте көп. Оқыған сайын бойың балқып, Исдам дінімен салыстыра отырып керемет күйге енесің! Дегенмен, өлеңдеріне талдау жұмысымды осымен тоқтатайын. Келесі көлемді шығармаларына кезек берейін. Мысалы, атақты "Қабыл" мистериясы туралы. Бұл Қабыл мен Әбіл туралы. (Жалғасы бар)