Джордж Байрон шығармаларының дінмен сабақтастығы 2
Джордж Байрон шығармаларының дінмен сабақтастығы 2

«Қабыл» үш перделі мистериясы!

(Қабыл мен Әбіл - әдебиет әлемінде)

     Мен Байронның «Қабыл» атты үш перделі мистериясын оқып шықтым! Әңгіме жер бетіндегі алғашқы адам Адам ата мен алғашқы қанышер оның ұлы Қабыл жайлы. Шығарманы аударған Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі  Қуаныш Ахметов. Кітаптың 67 мен 159 бет аралығы осы шығармаға арналыпты.

    Бірден айтайын, шығарма мені таңқалдырған жоқ. Себебі, Адам ата мен Хауа ана тақырыбы жеті миллиард халықтың барлығына қатысты. Иудаизм, христиан, ислам  діндерінде  Адам ата мен Хауа ана  туралы әңгімелер  құлаққа әбден сіңісті, айта-айта жауыр болған тақырып. Адам ата ислам дінінде – пайғамбар!   Бұл көпшілік ислам ғұламаларының пікірі.  Ал, уаһһабистердің көсемдерінің бірі  Абдуллаһ бин Зайд: «Адам – пайғамбар да Елші де емес»,-деп қателікке жол беріп алды.[Қ/з: «Әл-иман бил-Әнбия жумләтән». Ливан, Бейрут, «Әл-мәктәб әл-Исләм» баспасы]. Бұл да өз алдына бөлек зерттеліп, әңгімеленетін тақырып.

    Мені толғандырған мәселе – «тұңғыш адам» деген сөз тіркесі. Тұңғыш адам Адамның алғашқы мекені – жұмақ.  Адам атаға мекен болған жұмақ жерден тыс мекен бе?  Көрінбейтін әлемді көрмеу арқылы білу – таным, ал оның бар екенін мақұлдау – сенім.  Сенім мен танымның айырмашылығы бар. Сенім – идеологиялық, ал таным – философиялық ұғым. Алайда материалистік сана – атеизмге бастайды. Біз, қазақ  халқы «жәннат – ананың табанының астында» деп, көрден соңғы өмірге сеніп өткен халықпыз.Ал, оны көрмесек те сенім білдіреміз. Абай: «Халиққа мақұлық ақылы жете алмайды, Оймен білген нәрсенің бәрі- дәһрі» [Абай, екі томдық толық шығармалар жинағы, 1/160. Алматы Жазушы 2004],-дейді. Ойымыз – логика. Ал ақырет өміріне қатысты нәрселерде логикаға ере беру, Алланы тануда бір негізге сүйенбей терең ақылға салыну – қателік. Себебі, Абай айтқандай Жаратушыға жаратылғанның ақылы жете алмайды. Ойға шектеу қоя білу керек. Себебі, ой қиялға берілген кезде ақиқатты мойындамайды, сонысымен ол «дәһрі», яғни пайдасыз болады. Біз жұмақтың қандай болатынын білмейміз. Оған ақылымыз жетпейді. Жұмақ – жаратушының құпия мекені дегенге тоқталған абзал. «Көз көрмеген, құлақ естімеген нығметтердің отаны – жәннат». Олай болса, Аллаһ Адам атаны құтты мекен жұмақта топырақтан жаратқан. Бірақ, қандай топырақтан екеніне тағы да ақылымыз жетпейді. Негізінде алғанда, ол мәселе де емес, себебі жер бетіндегі  топырақтың бәрі де  ғарышта бар элементтерден  тұратыны  ғылымда анықталған.  Мәселе күрделігі екі жағдайға қатысты, бірі – Адам атаны неге Жұмақ мекенінде жаратты, екіншісі – неліктен екеуін Жұмақтан қуды?  Бұл екі сұраққа көрнекті ағылшын жазушысы Джордж Бернард Шоу (1856-1950) «Адам ата- Хауа ана» (Тұңғыш қанішер) атты   екі бөлімді драмасында жауап бермейді. Оны да оқып шығып, сондай әсер алдым. Оны ынталандырған тақырып Адам ата емес, алғашқы қанішер Қабыл тақырыбы. Ал Джордж  Байрон бірінші сауалға жауап бермесе  де, не үшін Жаратқан Адам ата мен Хауа ананы жұмақтан қуғандығына жауап берген.

    Шығарманы талдаудан алдын әуелі қанішерлік пен малғұндық мәселесіне тоқталып өтейін. Айтуға ауыр, бірақ та адамзат болмысы қанішерлік   мәселесімен  толығып,  тарихқа  айналғанын  мойындамасқа амал жоқ. Сөз болып отырған мистерияда   мың жасаған  Адам ата жер щұқылап, ұрпақ өсіруден  өзге белсенді іс бітірмей  дүниеден өткен. Ал, қанішер Қабыл болса Құдайға  сенуді сырып қойып, белсенді іс-әрекетке кірісіп, дүниені өзгертуді  мақсат етіп, әзәзілге қызмет ете бастаған. Қанішер Қабылдың кейінгі ізбасар-шәкірттері: Александр Македонский, Рим императорлары, Шыңғыс хан, Наполеон, Гитлер, Сталин т.б. Қанішерлік жолға түсіп, адамзат тарихында ілім жасаушылар да болған, айталық, Ленин, Мао ілімдері және т.б.

    Өлтіру – табиғатқа, адам болмысына қарсылық. Ол – күнәнің ең ауыры, бірақ адамзат неге  қанішерлікке бас иіп, оларды  құрмет тұтады? Бұл сауалдың жауабын Бернард Шоудан да, Байроннан да таба алмадым. Бірақ, оны Исламнан да іздеуге болмайды. Себебі, Ислам - адамзат неге  қанішерлікке бас иіп, оларды  құрмет тұтады деген тақырыпты емес, қанішерлікті күнә санап, ол індеттен арылудың жолын қарастыруды талап ететін дін.  Әйел заты қиналып, алпыс екі тамырын идіріп дүниеге бала әкелсе, еркектер оларды қырып-жоюмен әлек болуда, неге осылай? Бұл – Хауа ана сауалы! Бұл сауал – ХХІ ғасырда өз шешімін таппаған ауыр мәселе!

   Мен «малғұндық» дегенді түсіне алмай жүр едім. Құранды оқып, хадисті тоқығалы «шайтан», «малғұн» деген термин сөздердің мәнісін түсіне бастадым. Бұл тақырып мені дін мәселесіне терең бойлауыма апарды. Мысалы, Қожа Ахмед Иасауи: «Шайтан малғұн  ноқта салмай мінді достар», [Қожа Ахмет Иасауи. «Диуани Хикмет».-Алматы, 1993.73-бет] дейді.  Осыдан келіп, «шайтан», «малғұн», «малғұндық» деген түсініктердің мағынасын ашып беру қажеттілігі туып тұр.

    «Малғұн» деген сөз араб тілінен енген кірме сөз. Арабтың (ملعون) малғұн болған, яғни лағынеттелген деген сөзінен  туындаған зат есім. Орыстар бұл сөзді «дьявол, проклятый» деп аударып жүр.[Қараңыз: «Арабско-русский словарь»- Ташкент, 1994. 708-бет]

    Сонымен «малғұн» – шайтан, «малғұндық» – шайтанның ісі. Сонда малғұндықтың мәнісі неде? Оның жауабын шешу үшін малғұндыққа қарама-қарсы түсінікті анықтап алайық.  Малғұндыққа мән жағынан қарама-қарсы екі ұғым бар. Олар: періштелік және адамшылық. Періштелікті малғұндықтың антонимі деуге келмес. Себебі, періште тым пәк, әрі олар нұрдан жаратылғандықтан күнә жасамайды. Сол себептен, адамшылық деген ұғымды малғұндықтың антонимі деуге толық негіз бар.Себебі, адамшылықтың  болмыс-табиғаты періштелік сияқты таза емес. Адамшылықта бәрі бар.Адамшылық дегеніміз – пенденің адам болып қалуы үшін жасайтын харекеттерінің жиынтығы. Адамшылық – адамның өзінің  төл дүниетанымы. Сондықтан да адамшылық – малғұндықты сыртқа тебетін, қабылдамайтын күш. ( Ғ.Есім. «Тұлғалар-қаламгерлер». Астана, Раритет)

    Мистерияға қайта оралайын. Адам ата ізгілік жағында. Бірақ ол өте әлсіз. Баласы Қабыл болса –нағыз революционер, ойы – әлемді өзгерту. Тіпті, ата-анасын да жойып жіберуден тартынбайды. Бір қызығы, Бернард Шоу Қабылды өз інісін өлтіргеніне өкіндірмесе, [ Бернард Шоу, Адам ата-Хауа ана. -«Әлем әдебиеті» журналы.-2012.№2.182-183-бб] ал Байрон өкіндіріп қояды. Алайда, өкініштен пайда жоқ.[ Байрон Джордж. Қабыл.-Астана.2005. 147-148-бб.]

     Қабыл мен Ібіліс өлім патшалығында ажал туралы әңгімелеседі. Ібілістің тұрағы мен өлген адамдардың жай-күйі Қабылды қызықтырып, екі Өмірдің ұлы құпиясын салыстырып білгісі келеді. Кейін Ібіліс оған: «Біздің тұрақты көргің келсе өлуің керек»,- деп айтқанда, ол « Көрсем болды, өлсем өліп қалайын... Қорықпаймын, міне, енді, өлімнен»,-деп жауап қатады. [Сонда, 126-127-беттер]. Ал Ібілістің Қабылды шақырып отырған тұрағы әлі өмірге келмегендер мен өмірден өткендерден тұратын сұрапыл дүние. [Сонда, 104-бет]

 Қабыл «өлім» мен «өлтірудің» мағынасын ажырата алмаған бейбақ. Міне, осының кесірінен ол төмендегі бірнеше факторларды себеп етіп өз інісін өлтірді.Сонымен, біріншіден: Адам ата мен Хауа ананың Абылды өзіне қарағанда қаттырақ жақсы көруі; [Сонда, 123-бет], Екіншіден: құрбандық шалғанда Әбілдің ошағындағы оттың алаулап жанып,жалынының көкке көтеріліп, құрбандығының қабыл болып, ал өзінікі қабыл болмай, алапат дауыл оның ошағын құлатуы; [Сонда, 144-бет], Үшіншіден: өмір ағашының емес, білім ағашының жемісін жеп, жаннаттан қуылған әкесіне деген кегі мен ызасы. [Сонда, 107]. Қабыл – өзі ойлап тапқан мақсаттың құлы. Қабыл әлемге Адам атадан өзгеше ой өрісін әкелуші. Осыны Байрон  Әбілдің қарындасы Селланың тілімен: «Ажал келді дүниеге» [Сонда, 148-бет],-деп сөйлетеді. Ал ажалды әкелген мына менмін дейді Қабыл. Туысы Әбіл болса, өлтіру, жан алу дегеннің мәнісін ашқан. Аңшылықпен айналысты. Бұл – қажеттілік. Аңшылық деген де жан алу, өлтіру емес пе? Әлемде жан алу, өлтіру деген болса, міне осыны Қабыл інісіне қолданды. Ол ағашпен інісінің қарақұсынан соғып өлтіреді. [Cонда, 146-бет].  Сонымен, жер бетіндегі алғашқы қанішер Қабыл әркеті арқылы «өлім» мен «өлтірудің» аражігі ажыратылды. Міне, осыдан бастап ар, ұят, ізгілік және зұлымдық дегендер саралана бастады.

   Қабыл өлтіруді еркіндік, бақыт, күш деп санайтын дүниетаным әкелді. Бұл – қырғын соғыс философиясы. Гегельдің « соғыс-қажеттілік» деп жүргені осы Қабыл философиясы.Соғыс адамзаттың қозғаушы күші дейтін «Қабылдар» бүгінгі күні де жеткілікті.

    Қабыл Ібілісті Құдай санады. [Сонда, 85-бет]. Ол Құдайға құлшылық жасамады. Әкесі қанша үгіттесе де мойынұсынбады. [Сонда, 83-бет.] Міне, осыны пайдаланған Ібіліс оны азғыра жөнелді. Адам ата – жалғыз.Ол таза еңбекпен ізгілік жолындамын деген сенімде. Адам атаның бұл сенімі екі ұлына айтқан: «Кірісейік үйреншікті жұмысқа, Осыменен аяқталды құлшылық. Жер өңдеген еңбегіміз. Бөлеп жатыр ырысқа.Еккеніміз тұр шығып»,-дегенінен байқалады.

   Қабыл қолдан құдай жасау идеясына кіріскен. Ол – ілім.Демек, алғашқы ілім жасаушы да қанішер – Қабыл.Табиғатынан қанішерлігі жоқ жан ілім жасауға ниеттенбейді, таза адам дін жасауы мүмкін, ол бірақ ілімге айналмауы керек. Қабыл жалған ғұмыр формуласын жасаушы. Енді мен бұл жерде Бернард Шоудың драмасына назар аударайын. Байроннан өлім мен өлтірудің аражігін  Қабыл қалай ажыратқанын кездестіре алмадым. Мысалы, Байрон Қабылға: «Ажалды әкелген, өлімді әкелген мен»,-дегізсе, Бернард Шоу: «Өлтіруді ойлап тапқан мен емес»,-дегізеді. Кейін Қабыл бауыры Абылдың өліміне кім кінәлі деп сауал тастайды. Мұның жауабын маған Бернард Шоу берді, Байрон емес. Абылдың жеткен жері табиғат, қазіргі тілмен айтсақ, мал шаруашылығы. Қабыл болса темірді игеруден туған дүние таным  құшағында. Темір – жансыз өлі табиғат, оны мүдде, мақсат тұтқандардан қанішерлік шығуы түсінікті.Қабыл – соғыс. Қандай соғыс болмасын кісі өлтіруден басталып, сонымен аяқталады. Соғыс – бейбітшілік үшін болмайды, соғыстың аты – соғыс, қырғын. Қабыл бұл көзқарасын айқын білдірген.Ол өлім мен өлтіруді айыра білген.Өлім зат алмасуы болса, өлтіру – зорлық.Осы тұста Хауа ана зары басталады:

    Адам ата: « Жалмауыз! Естимісің, Хауа, ұлыңның не айтып тұрғанын?»

     Хауа ана: «Бәсе, бетімді күнге бұрамын дегенін енді түсіндім бұл бәленің.Адам жегіш! Бір заманда менің қайсар да қабілетті ұлым жұмақ өмірді қиялдайды, қиялдағаным болса екен деп тілеп, соның жүзеге асуына  қол жеткізеді деп армандағанымды қайтейін.Сөйтсем, сенің бар ойың – аю болсам, адам өлтірсем деген екен» [Бернард Шоу, Адам ата-Хауа ана.-«Әлем әдебиеті» журналы,2001, №2.189-бет].

    Қабыл мүлдем топас емес. Керісінше, ол  сауалдардың  мәнін мейілінше  ашық түсінгісі келеді.Бірақ оған ешкім жауап бере алмақ емес. Тыңдаңыз:

   «Қабыл: Бірақ түйсігім мықты.Ол маған өлімнің адамзат тіршілігінде ерекше орын алатынын сездірді.Өзің айтшы, анашым, өлімді кім ойлап тапты?».

   Адам ата: «Сен, ұлым, сұмдық ауыр сұрақ қойдың!».

    Хауа ана: «Өлтіруді ойлап тапқан сенсің! Ал енді қанағаттандың ба жауабыма?».

   Қабыл: «Өлтіру – өлім емес.Менің не айтпағымды түсінетін шығарсыңдар? Менен ажал тапқандарды, егер аяушылық білдіріп аман жіберсем, олар өлімнен бәрібір құтылмас еді.Демек,  біреу қолынан болмаса да, бір күні кезегімде мен де өлемін.Ендеше менің тағдырыма осындай ажалды қақпан құрған кім?Өлімді  ойлап тапқан кім?» [Сонда, 191-бет]

    Бұның жауабын Байрон да, Бернард Шоу да бермеген. Бірақ, екі драманы оқып отырған кез-келген зиялы адам бұған Қабыл кінәлі екенін, өлімді ойлап тапқан Қабылдың өзі екеніне анық көзі жетеді. Алайда, бұл үлкен күнәні «шайтан жасаттырды» деп шайтанға  жаба  салуға болмайды. Шайтан –бізбен паралельно өмір сүретін, көзге көрінбейтін, өзіндік адамға ұқсамайтын өмір сүру тәртібі бар, адамдарды азғыру үшін жаратылған мақұлық. Қабылға «ініңді өлтір» деп сыбырлаған, ой салған осы – шайтан. Ешкім Қабылға шайтанды тыңда деп кеңес бермеді.

    Осы шайтанды Аллаһ не үшін жаратады? Әдейі адам баласы оған «ерсін де тозаққа түссін» деп жаратылған ба? Бұл сұраққа түріктің атақты ғалымы, исламтанушы, теолог Фетхуллаһ Гүлен былай деп жауап береді: «Егер шайтан жаратылмаса, адам жаратылысының  да ешқандай мәні болмас еді.Өйткені, күнә істемейтін, шайтанның азғыруына түспейтін періште тәрізді Аллаһ тағаланың сан мыңдаған мақұлықтары бар.Аллаһ тағала адамды өсімдіктер мен жануарлардан ерекше Өзінің Құдайлық сипатын паш ететін өнер туындысы етіп жаратқан. Сондықтан, адам бойына дарытқан бүкіл қабілеттерді жетілдіріп, шыңдау үшін оған қарсылас ретінде жын-шайтандарды қоса жаратқан. Солардың тұзағына түспес үшін адам әрдайым сақ болып өмір сүреді. Негізінен шайтанның жаратылуында еш жамандық жоқ.Керісінше, оның артынан ілесіп, оның айтқанын істеген адам жаман іс істейді.Әрдайым қылмыс істеген жан кінәлі,  ал қылмыста қолданылған пышаққа немесе  қаруға кінә тақпаймыз. Сондықтан басты қылмыскер – қылмыс істеген адам. Міне, шайтан да жаман іс істеген адамның қолындағы  құрал іспетті... Тағы да қайталаймын, шайтанның азғырушы екенін біле тұра, оны мүлдем керек емес, несіне жаратылған дей алмаймыз. Мысалы, отқа қолымызды созсақ, күйдіреді. Осыған қарап, отты   «мүлдем зиянды» деуге бола ма? Түптеп келгенде, оны зиянды етіп тұрған – біздің өзіміз ғой. Тіпті, осындай кішігірім зиянды болса да, біз жалпы нәтижелерге қарап, оттың пайдалы әрі қажет екенін ұғынамыз. Оттың өзінің пайдасын осылай ұғынсақ, сол оттың өзінен жаратылған шайтанды да «керек» деп неге қабылдамасқа? Сол шайтанның азғыруына көнбей, нәпсімізбен күресу арқылы жәннатқа кірмейтін бе едік?!» [Фетхуллаһ Гүлен, «Иман аясында».-Алматы, 2009. 170-172-бб]

     Енді, шығарма соңын Байронның аяқтауы бойынша әңгімелейін. Мысалы, Бернард Шоу секілді Байронда да Қабылға деген биразылығын Адам ата мен Хауа ана  білдіреді. [Байрон, «Қабыл».- Астана, 2005.-150-151-бб.]   Әкесі мен анасы оның ауылдан кетуін талап етіп, қуып шыққанын талап еткеннен кейін Қабылды және баласын  Ада (Қабылдың әйелі) ілестіріп, алыс жерге кеткісі келеді. Кейін періште келіп, оған Иегованың ( Иегова – иудаизм дініндегі құдайдың есімі) ашуын жеткізеді де, Қабыл қай жерде жүрсе де оған ешкім зиян тигізбесін деп маңдайына таңба салып береді. Кейін, Қабыл баласымен, әйелімен бірге ауылды тастап кетеді. Мистерия осылай аяқталады. Алайда, «Өмір бар жерде өлім бар». Қылмыс жасау – әсіресе, қиямет жақындаған сайын күшейіп бара жатқанына еріксіз жаның ауырады.Амал нешік?

   Құрметті оқырман! Бұл жай ғана жазушының шығармасын талдауым. Бұндағы айтылғандар Ислам дінімен кей жерінде сәйкес келсе, кей жерінде сәйкестік жоқ. Бұл – бөлек зерттелінген қисса. Ол туралы «Пайғамбарлар тарихы» (Қ.Ержан) кітабынан біле аласыздар.

Нұрлыбек Мусағалиұлы

«Ақтөбе гуманитарлық колледжінің»

4-курс студенті

 

Нурлыбек СабыргалиевНурлыбек Сабыргалиев
8 жыл бұрын 4067
0 пікір
Блог туралы