Тарауих намазы 20 ракағаттан тұрады деушілердің дәлелдері өте қуатты ( 2-бөлім)
Тарауих намазы 20 ракағаттан тұрады деушілердің дәлелдері өте қуатты ( 2-бөлім)

Муфти Джамиль Ахмад Назиридің «Намаз посланника (с.а.с.) Аллаһа» деген кітабынан тақырыпты  орысшадан қазақшаға аударған - Сабырғалиев Нұрлыбек

«Тарауих намазы 20 ракағаттан тұрады деушілердің дәлелдері өте қуатты»

2-бөлім

(Ғылыми мақаланың басын өткен публикациядан оқи аласыздар)

ІІ) 8 ракағаттан артық тарауих намазы

Имам Мәліктің (р.х.м.) «Муатта» атты хадис кітабында 8 ракағаттан артық оқылған намаз туралы мынандай дерек келтіріледі:

«Дауд ибн Хусайн (р.х.м.) Аъмаштың (р.х.м.) былай деп айтқанын жеткізеді: «Мен рамазан айында мұсылмандардың кәпірлерді лағынеттеп жатқанын естідім. Сол кезде имам «Бақара»  сүресін 8 ракағат оқылатын уақыттай оқыды. Кейін 12-ші ракағатқа тұрғанда адамдар оның қырағатты қысқартқанын көрді». [«Муатта» 43-бет]

Хадистің иснады сенімді және оған ешкім таласпаған. Осы хадистен сахабалардың тарауихты 8 ракағаттан көп оқығандары қуатталады. Ең аз дегенде 12 ракағат оқылатыны осы хадисте айтылып, одан да көп оқылуы қате деп айтылмаған. Имам керісінше 8 ракағат бойына «Бақара» сүресін толық оқып шыққан. 8-ші ракағаттан соң имам қырағатты азайтып қысқартқан. Қысқа оқып, рукуғ пен сәждені де жасаған. Бұдан бөлек, намаздың жамағатпен бірге оқылғаны және оның тарауих болғандығы да жанама түрде айтылып тұр.

  Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.) тұсында тарауих намазы тек үш күн оқылғандығына ешкімнің де күмәні болмауы керек. Ол үш күн Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.) өзінің тәжрибесінен дәлелденіп отыр. Бірақ  өзге күндері сахабалар  жеке-жеке жамағатпен бөлек топ құрып оқыған. Ал, Омар (р.а.) өзінің халифатының тұсында бәрін бір имамның артына жинады.

ІІІ) 20 ракағаттан тұратын тарауих намазы

Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.) айтады: « Аллаһ Елшісі (с.а.с) рамазан айында 20 ракағат  және үтірді оқыды» [«Мусаннаф ли Аби Шайба» 2/394, Байһақи 2/496, «Муъжамуль Кабир Табарани» 3/148. «Мунтаһаб Муснад Хамид ибн Хамид» 1/73 т.с.с.]

Бұл хадистің тізбегінде де әлсіз рауи Ибраһим ибн Усман бар.

 

 

2.1.Аллаһ Елшісінен тарауих намазының ракағат саны бізге жеткен бе?

Сонымен, сынға ұшыраған әрі талас тудырмаған не 8 ракағаттық не 20 ракағаттықты баяндайдайтын бірде-бір сенімді хадис жоқ.

Аллаһ Елшісінен (с.а.с.) рамазан айында өзі имам болып өткізген үш күндік тарауихта қанша ракағат оқығаны турасында сенімді тізбекпен және анық мәтінмен ешқандай хадис жетпеген. 8 бе, 20 ма? Осы себепті де бір топ ислам ғалымдары мен зерттеушілері Аллаһ Елшісінің (с.а.с) сөзі мен ісінен не аз, не көп оқыды деп айтатындай тарауих намазының белгілі ракағат саны жетпегенін айтады.

Ғалым ибну Таймия (р.х.м.): « Қыяму рамадан» (яғни тарауих) үшін Аллаһ Елшісінен (с.а.с.) анық ракағат саны бізге жетпеген. Рамазан айында да, өзге айларда да Ол (с.а.с.) он үш ракағаттан асырып намаз оқымаған.  Ол ұзақ ракағаттар оқитын.  Ал Омар (р.а.) барлық жамағатты Үбай ибн Каъбтың  (р.а.) артына жинағанда, Үбай ибн Каъб (р.а.) жамағатқа 20 ракағат және үтір оқыды»

Ибну Таймияның бұл сөзінен, Аллаһ Елшісінің (с.а.с) рамазанда да, өзге айларда да тек 13 ракағат қана оқып, одан асырмағандығын білуге болады. Яғни, 11 емес – 13. Бұдан бөлек Аллаһ Елшісі (с.а.с.) анық ракағат санын анықтап айтқан  намаз туралы бізге ештене айтпады.

Бірнеше жолдан кейін ғалым ибну Таймия (р.х.м.) былай деп сөзін жалғастырады: «Егер кімде-кім тарауихқа байланысты Аллаһ Елшісінен (с.а.с) айқындалған ракағат саны бізге жетті десе және азайтуға не көбейтуге болады десе, ол – қателесіпті». [«МирқатульМасабих» 2/175]

«Минһадж шарх Сахих Муслим» деген имам Науауидың (р.х.м.) еңбегіне «Шарх Минһадж» деген кітап жазған ғалым, мухаддис Тақиюддин Субки әш-Шафиъи (р.х.м.): « Біл!  Аллаһ Елшісінен (с.а.с.) жамағатпен оқыған ол үш күнде қанша ракағат тарауих оқығандығы турасында дерек мұлдем  келмеген»  [«Тухфатуль Ахияр» 196-бет]

Джалаладдин әс-Суютый (р.х.м.) өзіңің «Мәсәбих» атты кітабында: « Тарауих намазының ракағаттар санына орай ғалымдар бір пікірге келмеген.  Егер Аллаһ Елшісінің (с.а.с.) өз сөзінен тарауихтың ракағат саны белгіленгенде бұндай пікірталас болмас еді»,-деген. [ «Мәсәбих» 42-бет]

Имам Шәукәни (р.х.м.): « Осы тақырыптағы хадистер мен соған ұқсас хадистерден мынандай мағына шығады. Тарауих- шариғатта бар намаз. Оны жамағатпен де, жеке де оқуға рұқсат. Бірақ ол намаздың нақты ракағат саны мен белгіленген қырағаты туралы сенімді дерек жоқ»,-деген. [« Нәйлуль Әутар» 3/53]

 

3.1. Сахабалар тәжірибесіндегі тарауих намазының ракағат саны

Аллаһ Елшісінен (с.а.с.) ешқандай да тарауих намазының  ракағат санына орай сенімді тізбекпен және түсінікті жолмен хадис келмеген. Талас тудыратын және әлсіз хадистерде 8 ракағат та, 20 ракағат та келіп жеткен. Осындай кезде сахабалардың іс-тәжірибесіне назар аударуымыз керек. Олар қанша ракағат оқыған?! Себебі, олар ислам шуағына бірінші болып бөленген жандар және Аллаһ Елшісінің (с.а.с.) сөзі мен ісін түсіндіріп беруші адамдар.  Сүннетке қаттырақ ерген сахабалардан өзге жамағатты іздеу дұрыс емес. Олар сүннетті орындауда қатты тұрғандары соншалық, «ішкен асын жерге қоятын». Олардан кейін келген ұрпақ ешқашан олармен теңесе алмайды.

Көріп отырғанымыздай, Аллаһ Елшісінің (с.а.с.) көзі тірі кезінде-ақ сахабалар бұл сүннетті ( тарауихты) орындайтын. Әр-түрлі бөлек жамағатпен, кейде өздері жеке-жеке  болып тарауих намазын оқитын. Олардың осы әрекеттерін Аллаһ Елшісі (с.а.с.) көрді, бірақ өзінің қарсылығын білдірмеді. Керісінше, Өзі (с.а.с.) тарауихты сүннет қылғандығы себепті, оны құптады, ұнатты.

Абдурахман ибн Ауф (р.а.) : «Аллаһ Елшісі (с.а.с.) рамазан туралы ескерте отырып: «Рамазан- Аллаһ оразаны парыз еткен, ал тарауихты Мен сүннет еткен ай»,-деген риуаятты жеткізді. [ Ибну Маджа, 95-бет, Байһақи, Нәсәии, Абу Шайба]

Саъляба ибн Әби Мәлик Қарзый (р.х.м.): «Рамазан айының бір түнінде Аллаһ Елшісі «Нәбәуи» мешітіне келіп,  бір бұрышта намаз оқып тұрған бір топ жамағатты көреді. Ол (с.а.с.): «Олар не істеп жатыр?»,-деп сұрады. Бір адам: « Уа, Раусуллаһ. Олар Құранды жатқа толық білетін адамдар емес. Үбәй ибн Каъб оларға Құран оқып тұр. Ал олар Үбәйдің атынан ұйып тұр»,-деп жауап берді.  Аллаһ Елшісі (с.а.с.): «Олар дұрыс істеді»,-деп жауап берді. Расуллуллаһ (с.а.с.) олардың бұл әркетін теріске шығармады». [ Байһақи өзінің «Маърифат» атты кітабында жеткізген]

Осындай мағынадағы Әбу Һурайрадан (р.а.) келетін өзге хадис мәтінін имам Әбу Дауд былай деп келтіреді:

« Олар өте дұрыс жасады. Тіпті керемет үлгіде»,-деген. [ Әбу Дәуд 1/211]

Абдуррахман ибн Абдуль Қари (р.х.м.): «Рамазан айының бір түнінде мен Омармен (р.а.) бірге «Нәбәуи» мешітіне бардым. Біз әр бұрыштан  жамағаттарды намаз оқып жатқан күйлерінде таптық. Кейбірі намазды жеке оқып жатса, кейбірі жамағатпен оқып жатырды. Омар (р.а.): « Оларды бір имаманың артына жинасақ жақсы болар еді»,-деді. Ол кейін бірден шешім қабылдады да, бәрін түгел Үбәй ибн Каъбтың (р.а.) артына жинады». [ Бухари 1/269]

 Басқа бір хадисте былай айтылады:

«Нәуфиль ибн Ияс Хазали (р.х.м.): « Омардың (р.а.) халифалығының тұсында «Нәбәуи» мешітінде  біздер тарауих намазын әр-түрлі бөлек  жамағат болып оқитынбыз. Бір тобымыз –мына жақта, бір тобымыз – ана жақта. Адамдардың көбі кімнің дауысы әдемі болса, сол кісінің артына тұрып ұюды әдетке айналдыра бастады. Осыны көріп Омар (р.а.): « Мен бұл адамдардың Құранды құр әнге айналдырып жібергенін көріп тұрмын. Уаллаһи! Егер менің мүмкіндігім болса, бұл олқылықтың орнын толтырамын».  Үш түн өтпеді, Үбәй ибн Қаъбқа бұйрық берді. Кейін ол (Үбәй ибн Каъб)  жамағатқа намаз жүргізе бастады» [ «Әсәр әс-сунән» 2/51]

Бұл хадистерден төмендегі жағдайлар белгілі болды:

1. Аллаһ Елшісінің (с.а.с.) заманында-ақ сахабалар тарауих намазын оқыды. Оны Аллаһ Елшісі (с.а.с.) құптады

2. Ол кезде тарауих әр-түрлі жамағатпен оқылды. Бірақ бір имамның артына емес. Мешітте тарауих  әр-түрлі имамдарға ұюмен атқарылды.

3. Әр-түрлі жамағатпен тарауих оқу Аллаһ Елшісі (с.а.с.) тұсында да, Одан кейін де болды.  Мысалы, Аллаһ Елшісі (с.а.с.) заманында оқылған тарауихқа дәлел ретінде Саъляба ибн Аби Мәлик Қарзый мен Әбу Һурайрадан (р.анһум) жеткен риуаяттарды  алсақ болады. Омардың (р.а.) тұсында да әр-түрлі жамағатпен тарауих оқылғанын Абдуррахман ибн Абдуль Қарыйдың және Нәуфиль ибн Иястың (р.х.м) риуаяттарынан көруге болады.

4. Омар (р.а.) әр-түрлі жамағатты бір жамағат қылып, оны бір имаманың соңына ілесіп оқуды бұйырды. Бұның себебі -  әр-түрлі жамағаттың адамдарында келіспеушіліктер мен уайым-қайғы болмас үшін және олардың барлығы көздегендеріндей, Құранды сауатты оқитын жанның соңына ілестіру. Аллаһ Елшісі (с.а.с.) Үбәй ибн Каъб (р.а.) туралы: «Сендердің араларыңдағы ең керемет Құран оқитын адам – Үбәй ибн Каъб»,-деген. Ескерту! Аллаһ Елшісі (с.а.с.) тарауих намазын парыз болып кете ме деп және егер парыз болса оны кейбірі атқара алмай қала ма деп қорққандығы себепті  3-ақ күн оқыды.  Аллаһ Елшісі (с.а.с.) өмірден өзған соң ол намаз міндет болмады. Ол сүннет үкімінде болды. Бұл намазды атқармауға еш кедергі болмаған соң Омар (р.а.) барлық жамағатты Аллаһ Елшісінің (с.а.с.) заманындағыдай бір имамның артына жинады. Ешқандай сахабаның Омардың (р.а.) бұл ісіне қарсы шықпай және барлығы осы істі қайталағандығы себепті бекітілген сүннет болып бекіді.

5. Бірақ бұл хадистерден бір мәселе анық айтылмады. Аллаһ Елшісі (с.а.с.) заманында сахабалар әр-түрлі жамағатпен топ-топ болып тарауих намазын оқығанда неше ракағат оқыды? Және Омардың (р.а.) бұйрығына дейін сол әр-түрлі жамағат неше ракағат қылып  тарауих намазын оқыды? Сегіз бе? Жиырма ма? Әлде қанша?

 Әрине, Дауд ибн Хусайннан жеткен риуаятта (имам Мәлик «Муатта», 43-бет) сахабалардың тарауихтары 12 ракағат болғандығы сенімді жолмен жеткен. Ал, бұдан да көп оқылуға еш кедергі жоқ болуымен бірге, сол хадистің стилінде де белгілі болып тұрғанындай, намаз әрмен қарай жалғасқан.

Бұл жерде анық сахабалардың 8 ракағаттан да көп намаз оқығандары белгілі болып отыр. Осы риуаят арқылы 12 ракағатты 20 ракағатқа дейін көтеріп алып келуге толық негіз бар. Қазір, төменде келтіретініміздей, Омардың (р.а.)  бұйрығына келсек, Ол (р.а.)  Үбәй ибн Каъбке (р.а.) 20 ракағат оқуға бұйырды.  Бұл бұйрықты ешбір сахаба теріске шығармады. Тіпті, 8 ракағат оқу керек дейтіндердің  дәлелдерін жеткізген Айша анамыздың (р.а.) өзі қарсы шықпады. Себебі, 20 ракатты Ол (р.а.) да сүннет деп білді. Осман, Әли, Абдуллаһ ибн Аббас, Абдуллаһ ибн Масғуд Абдуллаһ ибн Омар (р.анһум) және тағы да басқа сахабалар бірауыздан 20 ракағатқа келісті. Үбәй ибн Каъбтың ғана соңына ұйып оқуды да олар (р.анһум) Аллаһ Елшісінің (с.а.с.) сүннеті екенін білді.  Ал бір ғана адамның әлсіздігі себепті дәлел ретінде қабылданбаған 20 ракағат туралы келген ибн Аббастың (р.а.) хадисін сахабалар қуаттап, «сохих» дәрежесіне көтерді. Уақыт өте келе әлсізге шыққан ибн Аббастың (р.а.) риуаяты әлсіз емес екені дәлелденді.  Егер ол хадисті сахабалар әлсізге шығарса және ол сүннетке қарсы келгенде, сахабалар тарапынан бұл (20 ракағат етіп тарауих оқу) әрекет жек көрінішті болатын еді. Құран мен сүннет әр уақытта  сахабалардың (р.анһум) сүннетке ешқандай тың өзгеріс алып келмегендігін және олар қандай да қиындықтар мен сынақтарға тап келсе де ақиқаттан аттап өтпегенін айғақтайды.

Олар үшін бір Омардың (р.а.) өзі кім болуышы еді?  Бір емес, тіпті олар 100 болса да сахабалар ешқашан ырыққа жығылып, сүннетке қайшы амал жасамайды. Ал Омардың (р.а.) өзіне келсек, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Өзі былай деген:

«Егер менен кейін пайғамбар келер болса, сөзсіз ол Омар болар еді».

«Аллаһ Тағала Омардың тілі мен жүрегін тек ақиқатты айтуға үйретті».

«Ей, Омар! Тіпті сенен шайтан да қорқады».

Ал Әли (р.а.) былай дейді: « Тіпті «сакинаның» өзі де Омардың тілімен сөйлейтініне біз, яғни сахабалар, көз жеткізетінбіз»,-деген. (Хадистердің барлығы «Мишкат» (2/556) атты кітапта «Омардың артықшылығы» атты тарауда имам Тирмизи, Әбу Дәуд, Байһақиларға сілтеме ретінде келтірілген).

Міне, пайғамбарымыз Мухаммад (с.а.с.) пен сахабалар «куәлік» беріп кеткен Омар (р.а.) адамдарға 8 ракағатты тастаттырып, 20 ракағат оқуға бұйыруы мүмкін бе? Әлбетте жоқ, ешқашан.

Имам Әбу Дауд айтады: « Егер бір-біріне қайшы келетін хадистерді кездестірсек,  сахабалар не істегендеріне қарау керек». [«Әбу Дәуд» 1/263]

Күдіксіз, тарауих намазының ракағат санын белгілейтін ешқандай сенімді әрі түсінкті риуаят Аллаһ Елшісінің (с.а.с.) сөзі мен ісінен бізге жетпеді. Бірақ, сахабалардың әрекеті Аллаһ Елшісінің (с.а.с) тарауих намазы 20 ракағат болғандығын және сол сүннетке сай келетіндігін дәлелдеп тұр. Осыған орай 20 ракағат туралы баяндайтын ибн Аббастың (р.а.) риуаяты сахабалар дәуірінде сенімді хабар болғандығын және дәлел ретінде жүруге жарайтынын біз көріп отырмыз. Сахабалар дәуірінен кейін хадис тізбегіне бір сенімсіз рауидың кіруі бұл үкімді жоққа шығара алмады. Егер, келіспеушілік болар еді, сахабалар 20 ракатты мойындамағанда. Бұл жерде, белгілі болғандай әділ халифалардың тұсында, табиғин мен табаға табиғиндердің, 4 имамның барлығы 20 ракағатты сүннет деп отыр.

Соз соңында, кейбір санаулы адамдардан бөлек көпшілік ғалымдар 20 ракатты сүннет

деп  бекітті. Ендеше, ибн Аббастың (р.а.) хадисіне қандай күмәндарыңыз бар?

 

Бұл адамдар өзгелерге сүннетті қалдыруға бұйырар ма еді? Олар Аллаһ Елшісін (с.а.с.) сүймейтін бе еді?

Енді, әділ халифалардың, танымал сахабалар мен табиғиндердің, табаға табиғиндердің, төрт имамның  және күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан үммет ғалымдарының сөздеріне көз жүгіртейік.

 

 

3.1. 20 ракағаттық тарауихқа дәлел ретінде халифалардың іс-тәжірибесі

Омар, Осман, Әли (р.анһум) атты халифалардың тұсында 20 ракағаттық тарауих оқылғанына мынандай хадистер дәлел:

1)      Яхья ибн Саъид (р.а.) : « Омар ибн әль Хаттаб (р.а.) бір адамға жамағатқа 20 ракағат тарауих оқытсын деп бұйырды» [«Мусаннаф ибн Аби Шәйбә» 2/393]

2)      Язид ибн Руман (р.х.м.) Омардың (р.а.) тұсында  сахабалар мен табиғиндер 23 ракағат оқығандарын айтады. [« Муатта имам Мәлик» 43-бет]

3)      Язид ибн Хасифа (р.х.м.) Сәйиб ибн Язидтен (р.а.) өздерінің Омардың (р.а.) тұсында 20 ракағат оқығандығын жеткізген. Сәйиб ибн Язидтің (р.а.) айтуы бойынша, тарауих намазында олар бірнеше жүздеген аяттарды оқитын. Ал Османның (р.а.) тұсында қиямда ұзақ тұрулары себепті таяққа сүйенетін. [Байһақи 2/496 ]

4)      «Канзул Уммал» атты еңбекте Омардың (р.а.) Үбәй ибн Каъбқа (р.а.) 20 ракағат оқуды бұйырғаны келтірілген. «Сол себептен Ол (р.а.) жамағатқа 20 ракағат оқыды» [«Канзуль Уммал» 2/484]

5)      Абдуллаһ ибн Рафиъ (р.х.м.)   Үбәй ибн Каъбтың (р.а.) Медина қаласында адамдарға 20 ракағат тарауих және 3 ракағат үтір оқығандығын айтады. [«Мусаннаф ибн Аби Шайба» 2/393]

6)      Абдуррахман ас Салями (р.х.м.): « Әли (р.а.) рамазан айында Құран оқитындарды жинап, олардың біреуіне 20 ракағат тарауих өткізуін бұйырды. Өзі үтір намазына имам болды». [Байһақи «Маърифат ас Сунан» 1/477, «Сунан әл Кубра лиль-Байһақи» 2/496]

3.2. Омардың (р.а.) бұйрығы – «марфуъ» хадис

Бұл жерде назар аудару тиіс болған мәселе сол, неге Омар (р.а.) 20 ракағат оқуға бұйырды? Одан аз, не көп емес! Қай намазды қанша ракағат оқу керек және қалай оқу керектігі – ақылға салып шешетін нәрсе емес. Омардың (р.а.)  20 ракағатқа бұйыруы және Осман мен Әлидің және өзге де сахабалардың (р.анһум) оны құптауы Аллаһ Елшісінің (с.а.с.) сөзі не ісінен намаздың сол күйде оқылуын сахабалардың көріп не білгендігін дәлелдеуде. Расулуллаһтың (с.а.с.) ешбір сөзі не ісі болмастан сахабалардың не аз, не көп емес, дәл 20 ракағатқа сөзсіз келісуі мүмкін емес. Тарауихтың 20 ракағат оқылуы ижтиһад пен ойлаудан туындамаған. Ал, ижтиһадқа жол жоқ болған мәселеде сахабалардың бірауыздан келісуі хадисті «марфуъ» дәрежесіне көтереді.

Хафиз ибну Хаджар Әсқалани (р.х.м.) былай деп жазады: « Исраиляттардың хабарларынан (еврейлердің тарихынан) алынбаған, ешқандай ижтиһадқа жол берілмеген және ешкімнің түсіндіріп және талдауына мүмкіндік берілместен сахабалардың бір мәселеде бірауыздан келісулері – марфуъ хадис ретінде жүреді. Ал, басқаша болғанда кез-келген хабар тізбекті (иснад) қажет етеді. Ижтиһадқа жол берілмеген хабарды жеткізушінің міндетті түрде негіз ретінде сүйенері болуы керек. Ал ол негіздің Аллаһ Елшісінен (с.а.с.) басқа адамның болуы мүмкін емес». [« Шарх Нәбхатуль Фикр» 76-бет]

Жоғары Қазы (сот) болған Әбу Юсуф (р.х.м.) өзінің ұстазы Әбу Ханифадан (р.х.м.): «Омар (р.а.) Аллаһ Елшісінің (с.а.с.) іс-тәжірибесінен 20 ракағат  тарауих туралы хабар алды ма?»,-деп сұрады. Сонда Әбу Ханифа (р.х.м.): « Омар (р.а.) бидғатшы емес»,-деген. [Файзул Бари фии Шарх Сахих аль Бухари 2/420, «Марақил Фалях» 81-бет. «Бәхр әр-Ройқ» 2/66]

3.3. Өзге де сахабалар (р.анһум)  мен табиғиндердің (р.х.м.алейһим) сөздерінен.

1) «Қыямул Ләйлде» Аъмаштың (р.х.м.) былай дегені жеткен: «Абдуллаһ ибн Масъуд (р.а.) 20 ракағат тарауих және 3 ракағат үтір оқыды» [«Тухфатул Ахуази шарх Сунан әт-Тирмизи» 2/75]

2) Әбу әл Хасиб (р.х.м.): «Суайд ибн Ъафля (р.а.) рамазан айында бізге имам болды және ол бес тарауихадан тұратын тарауих оқыды». [Байһақи 2/496]

3) Нәфиъ (р.х.м.): « Ибн Әбу Мәлика (р.х.м.) рамазанда бізге 20 ракағат оқыды» [2/393]

4) «Әли ибн Рабиъа (р.х.м.) арамазан айында жамағатқа 20 ракағат тарауих және үш ракағат үтір оқыды» [«Мусаннаф Әби Шәйба» 2/393]

5) Ъато ибн Раббах (р.х.м.) : «Мен үтірмен қосқанда 23 ракағат намаз оқыған сахабаларды көрдім»,-деген. [«Мусаннаф Әби Шайба» 2/393]

6) Әлидің  (р.а.) шәкірттерінің бірі болған Шәтр ибн Шәкл (р.х.м.) рамазан айында жамағатқа 20 ракағат тарауих және 3 ракағат үтір оқыды [«Мусаннаф ибн Әби Шәйба» 2/393, Байһақи 2/496]

7) Харис (р.х.м.) имам болып, жамағатқа 20 ракағат тарауих оқытқан [«Мусаннаф ибн Әби Шайба» 2/393]

8) Мухаммад ибн Каъб әл Қарзый (р.х.м.): «Омардың (р.а.) тұсында сахабалар мен табиғиндер 20 ракағат тарауих оқыды» [«Қыямул Ләйл» 91-бет]

9)  Ибн Қудама әл Мақдиси әл-Ханбали (р.х.м.) сахабалардың 20 ракағат тарауихта ижмаъ бар екенін жеткізеді. [«Әл Муғни әл Мухтәдж» 2/167]. Бұлмен  Ибн Хаджар, әл Хайсами, ибн Абдуль Барр (р.х.м.-һим) келіскен. [«Тухфатул Ахияр» 197-бет, «Мирқатуль Масабих» 2/174]. Тіпті имам Ғазали (р.х.м.) да осы пікірде. [ «Ихья улумуддин» 1/208]

3.4. Төрт имам (р.х.м.алейһим)

 Имам Әбу Ханифа, Имам Мәлик, Имам Шафиъи және Имам Ахмад ибн Ханбаль (рахматуллаһи алейһим) 20 ракағат тарауих намазының сүннет екенін қолдайды. Әрине, имам Мәлік (р.х.м.) 36 ракағат деген пікірді ұнатқан. Яғни 20 ракағаттан бөлек тағы 16 ракағат. Бұның себебі, Мекке халқы әр 4 ракағат сайын Кағбаны 7 рет тауаф қылатын. Ал,Медина халқының ондай мүмкіндігі жоқ екені айдан анық белгілі жайт. Сол себептен әр төрт ракағат  сайын Мединеліктер Меккеліктердің сауапты амалымен теңесу үшін қосымша 4 ракағат оқитын. Имам Мәлик  (р.х.м.) Медине халқының амалын дәлелге алуына орай, ол да 16 ракағат қосымша намаз оқуды ұнамды көрді.

     Ибн Қудама әл Муқаддаси әл Ханбали (р.х.м.): «Медине халқы  Мекке халқымен теңесу үшін осылай жасады.  Меккеліктер әр таруиха сайын Кағбаны жеті рет тауаф қылатын. Сол себептен Мединеліктер әр таруиха сайын төрт ракағат қосымша намаз оқитын»,-деген. [«Муғни» 2/167]

Кейін ибн Қудама (р.х.м.) сахабалардан 20 ракағат тарауих сенімді жолдармен жеткен соң, оны қай жерде болмасын дәл сол қалпында 20 ракағат қып атқарылуы дұрыс екенін айтады. Кейін сөзін: « Сахабалар – ереуге  ең жақсы және ең лайықты тұлғалар»,-деп аяқтайды. [«Әл Муғни» 2/167]

Ибн Рушд әл Мәлики (р.х.м.): «Муджтаһид имамдар тарауих намазының ракағат санында пікірталасқа түсті. Имам Мәлікте (р.х.м.) бұл мәселеде екі түрлі иджтиһады бар. Әбу Ханифа, Имам әш-Шафиъи, имам Ахмад ибн Ханбал мен Дауд әз-Зоһирилер (р.х.м.һим) 3 ракағат үтірден бөлек 20 ракағатты дұрыс көрді. Абдуррахман ибн Қасим (р.х.м.) имам Мәлік (р.х.м.) туралы айта келе, оның 36 ракағат тарауих пен 3 ракағат үтірді дұрыс көргенін жеткізеді»,-деген. [«Бидятул муджтаһид» 1/179]

«Тауших»  атты кітапта Шафиъи мәзһабында да 20 ракағат екені айтылады. [ Халил Ахмад Сахаранпури «Базль ал-Маджһуд» 2/305]

Ибн Қудама әл Мақдиси (р.х.м.): « Имам Әбу Әбдулланың (Ахмад ибн Ханбал) пікірінде 20 ракағат таңдалған. Бұл пікірді сонымен қатар Суфиян Саури, Әбу Ханифа, Имам Шафиъи (р.х.м.һим) ұстанады. Ал имам Мәлік (р.х.м.) Медина халқының әрекеті бойынша 36 ракағат тарауих оқу керек деп айтады»,-дейді. [«Әл Муғни» 2/167]

 

3.5. Өзге ұлы имамдар мен  ғалым-зерттеушілер

Сонымен, имам Мәликтен (р.х.м.) өзге имамдардың барлығы дерлік 20 ракағатты сүннет екеніне келіскен. Тіпті, кейбір имамдар 36 ракағаттан да көп оқу керек деп үкім береді. Мысалы, имам Тирмизи (р.х.м.): «Қыяму рамаданның» ракағат санына орай ғалымдар бірауыздан пікірге келе алмады. Кейбірі үтірмен қосқанда 41 ракағат қылып оқуды құп көреді. Бұл Медина халқының құп көрген тарауих намазының ракағат саны.Көпшілік ғалымдар 20 ракағатты дұрыс санайды. Бұл риуаят Әли, Омар және өзге де сахабалардан жеткен. Бұл және Суфиян әс Сауридің, Абдуллаһ ибн Мубарактың және имам Шафиъилердің көзқарастары. Имам Шафиъи өзінің Мекке қаласында да барлық жамағаттың 20 ракағат оқығанын көргенін айтады»,-деген.  [      Тирмизи 1/99]

Ескерту:

-          Имам Тирмизи (р.х.м.) Медине халқының  үтірді қосқанда 41 ракағат оқитындарын

да жеткізген. Яғни, 36 ракағат тарауих, 5 ракағат үтір. Бұл жерде ешқандай  қарама-қайшылық жоқ. [«Фәтхул Бәри» 4/253]

-          Медине мен Мекке қалаларында да күні бүгінге дейін тарауихты 20 ракағат қылып оқиды.

-          Осы уақытқа дейін тарауих ракағат санына орай көптеген хадистер келтірілді. Олардың ешбірінде 8 ракағат туралы әңгіме қозғалмады. Керісінше, 20 не одан да көп оқылу үлгісі айтылып жатыр.

 

Ибну Тәймия (р.х.м.) да Омардың (р.а.) халифалығы тұсында үтірден бөлек 20 ракағат тарауих оқылғанын мойындайды. Және оны оқыған Үбәй ибн Каъб (р.а.).  Әрмен қарай ғалым, Омардың (р.а.) халифалығы тұсында ол 20 ракағатты барша сахабалар мақұлдап және одан қайтармағанын жазады: «Сенімді жолмен бекігені – Үбәй ибн Каъб (р.а.) рамазан айында сахабалар мен табиғиндермен 20 ракағат тарауих пен 3 ракағат үтір оқығаны. 20 ракағатты көптеген ғалымдар сүннет деген. Себебі, Үбәй ибн Каъб 20 ракағатты муһажирлер мен ансарлардың алдарында оқыды және бұны ешқайсысы терістемеді». [«Фатауа ибн Тәймия» 23/112 ]

            «Кәшфуль Ъамма» атты кітапта (1/167) Имам Абдул Уаһһаб Шаърани (р.х.м.) да осыны жазып, сөзін былайша аяқтайды: «Барлық ислам елдерінде осыған сай амал етіледі».

            Бұл пікірді қолдағандар: имам Абдул Қадир Джайлани (р.х.м.) («Ъуниятут толибин» 2/10,11), имам Ғазали  (р.х.м.) («Ихья улумуддин» 1/208), және Шах Уалиуллаһ әд-Дәһләуи (р.х.м.) («Худжатуллаһи Бәлиъа» 2/67).

            Бұл ғалымдардың барлығы да осы 20 ракағатты сүннет деп есептеген.

             Ахмад Руми (р.х.м.) «Маджалисуль Абрар» деген кітабында: «Ол уақытта көптеген сахабалар болды. Осман, Әли, Абдуллаһ ибну Масъуд, Аббас, Абдуллаһибн Аббас,Талха, Зубайр және Муаз ибн Джәбәл. Олардан бөлек өзге ансарлар мен муһаджирлер болды және олардың ешбірі Омарды (р.а.) мінемеді, керісінше, келісті, оны қолдады, әміріне бой ұсынды және бұйрығы бойынша амал етті. Әли (р.а.) оны мақтап, ол үшін: « Аллаһ Омардың қабірін біздің мешітімізді нұрландырғанындай нұрлы қылсын»,-деп дұға етті. Осыған орай мынандай хадис бар: «Сендер менің және тура жолдағы халифалардың сүннетіне еріңдер». Ал сол тура жолдағы халифалардың сүннеті – 20 ракағат»,-деп жазған. [«Маджалисуль Абрар» 28/187]

 

3.6. 1437  жыл бойы тарауих намазы 8 ракағат болып оқылып келгеніне бірде-бір дәлел жоқ

Хадистерге шарх жазушы ұлы имам Мәуләнә Хабибуррахман (р.х.м.) өзінің «Ракаъати тарауих» атты кітабында: «Омардан (р.а.) бастап һижри үшінші ғасырға дейін тарауих намазына байланысты мәзһабтардың барысы осындай болды. Сол үшінші ғасырда Меккеде де, Мединеде де, Куфада да, Басрада да, Хорасанда да мұсылмандардың іс-тәжірибесі осылай болды. Фикһ кітаптарын ашып оқып көріңіз, олар 8 ракағатты құп көрді ме және соны орындады ма?!

            Кейін, һижри үшінші ғасырда өмірден төрт имам да өздерінің шәкірттерін фикһқа үйретіп өмірден өтті. Күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан олардың фикһ мектебі сол кезден-ақ кең қанат жая бастады. Қазіргі уақытты төрт мазһаб фикһы туралы мыңдаған еңбектер бар. Бірақ, олардың біреуі де 8 ракағатпен қанағаттануға үйретпейді. Тағы ескере кететіні, сол имамдар тұсында және олардан кейін де көптеген имамдардың мәзһабтары өмір сүрді. Мысалы, Суфиян әс Сауридің (р.х.м.), Дауд Зоһиридің (р.х.м.) т.б. Бірақ бір қызығы, олар да 20 ракағатты сүннет деп санады. 8 ракағатпен қанағаттануды айтпады.

            8 ракағатты дәлелге алып, Мухаммад (с.а.с.) пайғамбарымыздан бастап аһли сунна имамдарының кітаптарын ашып, салыстырып көріңіз.Омардың (р.а.) халифалығынан бастап, күні бүгінге дейін ислам әлмінің бірде –бір бұрышынан ондай іс-тәжірибені таба алмайсыз. Және бұған қарсы әлсіз тұжырымдаманы да келтіруге болмайды»,-дейді. [«Ракаъат тарауих мазил бард ануар масабих» 35-бет]

            Ал бір уақытта, қайдан шыққандары белгісіз, бір сектанттар келеді де 20 ракағатты сүннет емес дейді. Ал сүннет бойынша 8 ракағат екен!!! Сонда 20 ракағат оқып келе жатқан Омардан (р.а.) бастап, сахабалар, табиғиндер, табаға табиғиндер мен төрт имам және ғалымдар 8 ракағат оқымай сүннетті тастағаны ма? Сонда олар Аллаһ Елшісінің (с.а.с.) бір сүннетінің жойылуына себепкер болды ма? (нәъузу билләһи мин зәлик).Сонда барлығы бірауыздан адасты ма?! Қызық екен, бір сүннетті өмір бойына тастап кету қаншалықты деңгейде адасуды білдіреді екен?!

Ал, Аллаһ Елшісі (с.а.с.): «Үмметім адасушылықта бірікпейді»,- [«Мишкәт» 1/30] дегені қайда қалды сонда?!

Барша сахабалар, табиғиндер, табаға табиғиндер мен имамдардың сөзін жоққа шығарып жатқандар бір сәтке ойлансын. Олар керісінше Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бір хадисін жоққа шығарып жатқан жоқ па екен?! Негізінде, оларға 20 ракағат сүннет болуы себепті ұнамайды. 8 ракағатты оқу өте ыңғайлы әрі жеңіл. Адам тез босайды намаздан. Бүгінгі дінімізде рақат өмірді сүруге барлық жағдай жасалған.

Мәуләнә Қасым Нанотви (р.х.м.): «Бүгінгі замандағы үммет тарауих намазын тым жеңілдетіп жіберген.20 ракағаттан 8 жасап алыпты. Бұл бәріне ұнады. Бірақ, хадисте келтірілген 8 ракағаттық намаздың таһажжуд екені ешкімнің қаперіне де кіріп шықпады. Тахажжуд ол – бір. Ал тарауих - мүлдем басқа. Тарауих 20 ракағаттық намаз»,-деген. [« Тасфиятул Ақаид» 38-бет ]

 

3.7. Қай кезде хадис тізбегін қарау керек?

Бұл жерде көңіл аударуымыз тиіс бір жайт бар. 8 ракағатты сүннет деп, ал 20 ракағатты сүннет деп мойындамайтындар 20 ракағат туралы баяндайтын Абдуллаһ ибн Аббастың хадисін бір адамның кемшілігіне бола әлсізге шығарып отыр.Бірақ, олар қандай жағдайда хадис иснадын қарау керек екенін білмейді екен.

Бір хадис бар – ол бүкіл үммет мойындаған хадис. Сахабалар,табиғиндер, табаға табиғиндер, төрт имам мен зерттеуші-ғалымдардың барлығы оны мойындаған. Барлығы соған сай амал жасайды. Екінші хадис – пікірталасқа душар болған хадис. Оның үкімімен не сахабалар, не үммет келіспеген. Бұл жерде бірінші хадисті емес, екінші хадистің иснадын қарау керек екені көрініп тұр.

Мәуләнә Муфти Абдуррахим: «Иснадқа қажеттілік пікірталас бар хадиске туындайды. Мысалы, «әминді» Аллаһ Елшісі (с.а.с.) іштей айтты ма, сырттай айты ма? Ал пікірталас болмаған, сахабалардан бастап күні бүгінге дейін барлық  халық сенетін хадисті шархтаушы ғалымдар мен муджтаһид имамдардың тауатур жолмен құптап растаулары арқылы қабылданған иснад сенімді болып есептеледі»,-деген. [« Фатауа Рахимия» 1/291-бет]

(Жалғасы бар...)

Нурлыбек СабыргалиевНурлыбек Сабыргалиев
8 жыл бұрын 8465
0 пікір
Блог туралы