Рамазан айына қазірден бастап дайындалудың он жолы
Автор: Нур Мырза
Дереккөз: seekershub.com
Рамазан айы жақындаған сайын осы жыл біздің жақсы жаққа өзгеретін жыл болады деген сеніммен әр түрлі әрекеттерге кірісеміз. Өйткені, Рамазан айы — тастай алмаған күнәларды тастап, бастай алмаған амалдарды бастаудың ең көркем жолы. Қасиетті айға дайындық осы мақсатқа жетуде үлкен рөл атқаратындықтан, сіздерге Рамазан айына дайындықтың он жолын ұсынамыз.
1. Дұрыс ниет жаса
Қазірден бастап осы Рамазан үлкен рухани құлшыныс пен ықылас айы болатынына ниет ет. Осы ниетті жүзеге асыру үшін, Рамазанда күнделікті атқаратын істердің тізімін жасап қой (Құранның бір бөлігін оқу, зікір ету, пайдалы дәріс алу т.с.с.). Оған қоса, бір айлық жоспар жасаған да дұрыс болады (балалар үйі, қарттар үйіне бару, мұсылман болмаған достарыңды ауызашарға шақырып, Исламмен таныстыру т.б.).
Қараңыз: Амалға дұрыс ниет ету маңыздылығы және Рамазан осында, ал сен қайдасың?
2. Денеңді дайында
Тамақтың саны мен сапасын өзгерту арқылы физикалық түрде дайындал. Чипсы секілді дәмтатымдарды тастап, Рамазанға дейінгі апталарда азырақ тамақтанудан баста. Қасиетті айдың алғашқы күндері шай мен кофенің жоқтығы сені қинамас үшін, күнделікті кофеин, шай мөлшерін де азайту керек. Шағбан айында ораза тұтсаң, сен, әлбетте, жақсы дайындық үстіндесің.
3. Барлық медикалық тексерістерді Рамазанға дейін өтіп ал
Рамазан айы басталмас бұрын барлық медикалық шаруаларыңды бітіріп ал. Белгілі ауруың бар болса, ораза тұтудың маңыздылығын білетін дәрігермен ақылдасып, ораза сен үшін дұрыс шешім болатынына көз жеткіз. Егер сен дәрі қабылдап жүрсең, күндізгі уақыттан гөрі ауызашар кезінде дәрі қабылдауға болатыны жайында дәрігерден сұрап алған жөн. Дәріні жұтудан гөрі, иньекция арқылы қабылдау мүмкіндігін қарастыруға болады, өйткені Ханафи мазхабында иньекция оразаны бұзбайды.
Қараңыз: Ораза жайында жиі қойылатын сұрақтар
4. Нәпіл ораза тұт
Нәпіл ораза — ой, дене және рухыңды Рамазан айына дайындаудың ең ұлы жолы. Күшің жетсе, сүннетке амал етіп, тура Рамазан айына дейін келетін Шағбан айында ораза тұт. Бұл тым ауыр болса, Дүйсенбі мен Бейсенбі күндері немесе «ақ күндері», яғни Ислами айдың 13, 14, 15 жұлдыздарында ораза тұтсаң болады.
Қараңыз: Шағбан айына қатысты шариғат үкімдері
5. Құран оқуды көбейт
Дүйім көпшілік Рамазан айында Құранды кем дегенде бір рет оқып шығуды мақсат тұтады. Егер сенде күнделікті Құран оқу әдеті болмаса, бұл керемет әдетті өміріңе қалыптастыру үшін осы сәтті қолданып қал. Бұл әдет саған Рамазан айында Құранның көбірек бөлігін оқуға көмектеседі. Тіпті толық Құранды бітіру саған тым ауыр болса, күніне бір бет, тіпті бірнеше аят оқуды әдет қылу қасиетті айда да, одан кейін де көптеген берекет әкеледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) айтқандай: «Алланың құзырында ең сүйікті амалдар – үздіксіз жасалатын амалдар, олар аз мөлшерде болса да».
Қараңыз: Құран оқудың артықшылығы
6. Нәпіл намаз орында
Егер сенде қаза болған парыз намаздарың болмаса, Рамазан айындағы құлшылықтарға дайындық ретінде нәпіл сүннет намаздарды оқи баста. Егер сенде қаза намаздар болса, нәпіл сүннет намаз оқитын уақытыңды қазаларыңды өтеуге арна. Нәпіл сүннет құлшылықтардан қалып жатырмын деп ойлама, өйткені Алла Тағала Жәбреил періштеден жеткен атақты хадисте былай дейді: «Пендем Менің сүйген істерімнен парыз еткенімді орындау арқылы Маған жақындағандай, басқа ешнәрсемен жақындай алмайды»
7. Садақа бер
Рамазанға дейінгі апталарда қажеттілігі бар адамдарға көмектесіп, садақаны көбейтумен айналыс. Бұл жергілікті тұрғындарға ақшалай қол ұшын созудан бастап, Сириялық қашқын отбасыларына көмектесуге дейінгі кез-келген іс-шара болуы мүмкін. Садақа беру сенің байлығыңды тазартудың бір жолы болғандықтан, сен қасиетті Рамазан айына асқан тазалықпен кіре аласың. Оған қоса, бұл өрісіңнің кеңеюіне де жол ашады, сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) айтқандай: «Алла айтты: “Ей, адам баласы, беріңдер! Сендерге де беріледі.”».
8. Қызмет ету шараларына аралас
Рамазан айына дейін жергілікті қайырымдылық немесе қоғамдық қызмет көрсету ұжымдарымен байланысып, олармен бірлесіп жұмыс жаса. Бұл мұсылман қауымы немесе одан кеңірек ұйым да болуы мүмкін. Рамазан айына дейін бұл ісіңді бастасаң, ұйымға тезірек сіңіп, не үшін тамаққа шықпайтыныңды түсіндіре аласың әрі уақытыңды ұтымды өткізесің.
9. Мінезіңе ерекше көңіл бөл
Имам Ғазали өзінің атақты «Ихия улум әд-Дин» (Діни ілімдердің жандануы) атты еңбегінде ораза ұстаудың ішкі көрінісін талқылайды, оны Рамазан айына дейін де сезінуге болады. Оның айтуынша, жүрекке зиянды нәрселердің барлығынан сақтану үшін, барлық дене мүшелерімен ораза тұтуды үйрену керек. Мысалы, сен көзіңді ұятсяздық пен зинадан сақтау үшін түрлі ТВ бағдарламаларды қарамай, құлағыңды жағымсыз сөздерден сақтау үшін кейбір әңгімені тастап, тіліңді дау мен ұрыстан сақтау үшін нәпсіңді тыюың керек. Ішкі ораза — Рамазан айындағы оразаның ең маңызды бөлігі және әдетте тамақ, су, жыныстық қатынастан тыйылу секілді физикалық оразадан әлдеқайда қиын болып келеді. Сондықтан, бұған ертерек амал қылғаның дұрыс.
Қараңыз: Әзіл әдебі, Жүректі шайтан азғыруларынан сақтау жолдары және Оразаның шариғатқа ену сыры
10. Ысырап, қалдықтарды және бұдан шығатын ауруды азайту үшін өміріңді жоспарла
Бүгінгі мұсылмандардың Рамазан айын өткізудегі ең өзекті мәселелердің бірі – қасиетті айда ысырапшылдық пен қалдықтардың көптігі. Бұл шынайы Пайғамбарлық дәстүрге толықтай қарама-қайшы келеді. Имам Заид Шакир және басқалары бүгінгі мұсылман қауымы өткізіп жатырған «жасыл» Рамазан үрдісі жайында айтты (ауд: Яғни, қалдықтарды барынша азайту арқылы экологияға пайда тигізу). Сондай-ақ, Рамазан айын пайдаланып, халал, этикалық компанияларды да қолдауға болады.
Имам Заидтің Окландтағы мешіті — осы үрдістің керемет үлгісі. Олар сәл ғана ынта мен ұйымдастырушылық арқасында ұжымдық ауызашарларға бір қолданатын пластмасс ыдыстар емес, кәдімгі ыдыстар мен күміспен қапталған ыдыстарды қолданып жүр (достары, көршілері, жергілікті мұсылман мейрамханаларының көмегі арқылы). Қағаз салфетка орнына, жуылатын мата орамалдар қолданылады. Осы амалдар арқылы сақталған қоқыс мөлшері өте үлкен және Пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) «Әлемдерге жіберілген мейірім» үлгісін іс жүзінде көрсетеді.
P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Hanafi.kz сайтына тиесілі.
Hanafi.kz сайтында жарияланған кез келген ақпараттарды көшіріп алып, өзге желілерге таратушылардан және басқа сайттарға жариялаушылардан міндетті түрде Hanafi.kz сайтына сілтеме қоюларыңызды сұраймыз.