Раббысының алдында құлдың ұстанатын әдептері
Раббысының алдында құлдың ұстанатын әдептері

Раббысының алдында құлдың ұстанатын әдептері

Үйге кірерде және шығарда, Алладан қажетіңді сұрап дұға қылғанда, сауда-саттық жасағанда немесе біреуден қарыз алғанда, тамақ ішерде, тіпті, аяқ-киім кигенде және мұнан басқа барлық әрекеттерді атқарарда сіз есте ұстауға тиіс бір қағида бар. Ол әлбетте – мұсылман әдебі. Жаңа жобаның басты мақсаты да – әрбір мұсылманға өмірлік бағыт болатын әдептерді түсіндіру.   

Әдептілікті қайдан үйренеміз немесе бізге әдепті үйретуші кім? Кім өзінің өмірінің барлық күн мен түнін, жұмысы мен ұйқысын, сапары мен тұрғылықты кезін, ауруы мен саулығын Алла Елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) болмысына ыңғайлап, ұқсатуға тырысса Ислам әдептерімен шынайы түрде (безенген)  болып есептеледі. «Кім Алладан және Ақырет күнінен үміттеніп, Алланы көп еске алатын болса, сендер үшін Алла елшісінде көркем үлгі бар» деген.  («Ахзаб» сүресі, 21-аят).

Алла Тағалаға қатысты әдептер – әдептердің төресі. Жаратушымен әдеп дұрысталмаса өзге әдептер шикі болып келеді. Бұл басқалармен болатын әдептің дұрысталуының кепілі.

 

 

Жаратушыға қатысты БІРІНШІ әдеп: Құлшылықты бір Аллаға арнау

Алланың жеке хақысына байланысты әдептер жиынтығы бар. Солардың алғашқысы әрі ең маңыздысы  – құлшылықтың барлық түрлерін тек қана бір Аллаға арнау.  Құранда адам мен жынның жаратылуындағы негізгі мақсат құлшылық екенін көрсететін аят бар. Құлшылықтың барлық түрін Аллаға ғана арнау – дініміздің негізгі қағидасы. Онсыз оқылған намаз, тұтылған ораза, берген зекет, жасаған қажылығымызда нұқсан бар.  Іргетасы әлсіз болған үйдің берекесі қашатыны секілді құлшылығының негізгі мақсатын түсінбеген жан ешқашан Алланың мейіріміне бөлене алмайды. Мұны түсінген бабаларымыз  құлшылығының барлығын тек қана Аллаға арнаған:

 

 Алла атымен бастадым сөз әлібін,

Жарылқаған, жаратқан бір тәңірім!

(Жүсіп Баласағұн).

 

 

Бір Аллаға сыйынып,

Кел балалар оқылық!

(Ы.Алтынсарин).

 

 Қалың елім жиылды

Бастап келген өзге емес,

Жиембет сынды биіңді

Малың салып алдына

Әр саладан құйылды,

Он екі ата Байұлы

Бір тәңірге сыйынды.

(Жиембет).

Егер мұқтаж жанға жүгін көтеруге  жәрдемдесетін болсақ ол адамнан рақымет деген сөзді күтеріміз анық. Немесе істен шыққан көліктің жүруіне себепші болсақ та жылы сөзден дәмеліміз. Досымызға жақсылық жасасақ жауабын күтуге асығамыз. Егер біз осындай ізгі істерді сол адамнан пайда көріп қалу үшін жасасақ, әлгі адам рахыметін айтпаса ренжіп, саған жақсылық жасамаса қапалануымыз мүмкін. Бұл әлбетте әдепке жатпайтын іс. Ал егер құлшылыққа баланған  көптеген әрекетімізді Бір Алланың разылығын алып, мейіріміне бөлену үшін жасасақ онда Аллаға деген әдебіміз дұрыс болып саналады. Мұны қай жерде жүрсек те естен шығармағанымыз жөн.

 

 Бір Аллаға сыйынудың беретін пайдасы

Таухид ұстанған кісі – ақиқаттың үстіндегі тура жолды ұстанған адам. Ол нақты дәлел мен нақты сенімге сүйенеді;

Бір Аллаға сыйынған адам Жәннатқа кіреді;

Алла Тағала таухид егесінің амалдарын толық қабыл етеді;

Алла ол адамның басқа барлық күнәларын кешіреді;

Бұл адамды басқа нәрселерге (нәпсі, дүние, атақ пен абыройға) құл болудан сақтайды;

Таухид ұстанушы адасушылық пен рухани азғындықтан аман болады.

 

 

Жаратушыға қатысты ЕКІНШІ әдеп: Алланы ұлықтау

Алланы ұлықтау әдебі Алланың барлық нәрседен күш құдыретінің артық екенін, ұлы екенін сезіну арқылы жүзеге асады. Ахмед Игүнеки: «БІРлігіңді білуге ұмтылғандар жалғыз заттан мың түрлі дәлел табар» - дей отырып көп нәрсені меңзеген. Расында жаратылыстарға қарай отырып олардың сондай үйлесімділікпен, асқан шеберлікпен, ешбір ақаусыз жасалғанына таңғаласың. Адам көкпен таласқан тауларға, нулы ормандар мен мұхиттарға, тіпті бір-біріне ұқсамайтын жануарлар мен өсімдіктерге қарай отырып та Алланың ұлықтығын сезе алады. Ал оны сезіне алмау қасырет. Сол үшін қазақ «Көздің соқырлығынан көңілдің соқырлығы жаман» - деген.

Теңіз бен мұхит әлемін зерттеген бірегей ғалым Жакив Кусто. Ол өмірінің көп бөлігін осы салаға арнады. Ғылыми ізденістер барысында бір теңіз суының жартысы ащы ал жартысы тұщы екеніне көзі жеткен ғалым таңданысын жасыра алмай Алланың  ұлылығын сезіп, хақпен қауышты. Айға алғаш табан тіреген Армстронг, немістің ұлы ақыны Гете, орыстың мақтанышы Пушкин пен Лев Толстой да ислам дінінің хақ екеніне көз жеткізіп, ойы мен пікірін хатқа түсіріп кетті. Эмбриология саласын бүге шүгесіне дейін зерттеген канадалық Кейт Мур баланың ана жатырындағы өсіп жетілуін зерттей отырып Алланың  ұлылығын таныды.

 

 Алланы ұлықтау әдебін ұстанудың пайдалары:

Бұл әдеп Аллаға ынта-ықыласпен құлшылық етуге алып барады

Адамның көбірек ізгі амал жасауына себепші

Үшіншіден осы әдепті түсінген жан күнә мен бүкіл жамандық атаулыдан бойын аулақ ұстайды

 

 

Жаратушыға қатысты ҮШІНШІ әдеп: Алладан қорқу

 

«Құдайдан қорықпағаннан қорық» - деген қазақ осы сөзбен талай өнеге қалдырды. Құдайдан қорықпаған адам өзгенің ала жібін аттап, небір жат қылықтарға бой алдырады. Нәпсінің жетегіне ерген жан Алланың назарын ұмыт қалдырады. Сол үшін Құдайдан қорқу әдебі Алланың болмысымен танысып, күш-құдыретін сезінген кезде пайда болады. Дана Абай әдептің бұл түрін «Құдайдан қорық, пендеден ұял» - деген тіркестермен айқын ашып көрсетті.  «Иман – қой, ақыл – қойшы, нәпсі – бөрі, Бөріге қой алдырмас ердің ері» - деп Шал Құлекеұлы бабамыз жырлағанындай азғырушы шайтани нәпсіден құтылатын жалғыз жол – Алладан қорқу.

 

 Алладан қорқу әдебін түсінудің пайдалары:

Қорқыныш адамның Алланың ашуын тудыратын істерге баруына тосқауыл болады. Әсіресе жас кезде бұл әдептің маңызы зор

Алланың көруші, естуші, білуші екенін білсек, әрдайым Алланың назарынан тыс қалмайтынымызды түсінеміз. Алла Тағала тек сыртқы емес, ішкі дүние ой қатпарларында ненің барлығын, тіпті бетімізге қанша әжім түсетінін де білуші Құдырет иесі

Алладан қорыққан адам артық сөз, артық амал, жаман ойлардан да өзін тыяды. Ешкім көріп тұрмаса да, күнә жасамайды

Алладан ғана қорқып үйренген жүрек басқа ешнәрседен қорықпайды

Алла Тағала тек өзінен қорыққан пенделерінің айбатын арттырып, дәрежесін көтеріп қояды.

 

 

Жаратушыға қатысты ТӨРТІНШІ әдеп: Аллаға деген махаббат

Жоғарыда айтылғандай адам қоршаған орта және өз бойындағы сансыз нығыметтерді көрген кезде осы әдеп түріне қол жеткізе алады. Аллаға деген махаббат барлық жаратылыстарға деген сүйіспеншіліктен артық тұруы керек. «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сенде сүй ол Алланы жаннан тәтті» дей отырып, Абай махаббат шыңының қандай болуы керектігін меңзейді. Яғни, әрбір адамның бойында Аллаға деген, Пайғамбарымызға деген сүйіспеншілік болуы керек. Біз Алланы қаншалықты жақсы көрсек бізге мейірімі төгіледі. Егер Алла бір пендесін жақсы көрсе адамдар да оны жақсы көреді. Егер Алла бір пендесін жек көрсе періштелер де, адамдар да оны жаман көреді.

 

 Аллаға деген махаббатқа қандай істер жатады:

Алланы және Пайғамбарды (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бәрінен артық жақсы көру;

Алла жақсы көретін салих құлдарды жақсы көру;

Ізгі амалдар жасауды жақсы көру;

Алла жақсы көрмейтінді ұнатпау;

Алла бұйырған істерді орындауға асығу;

Күнәларға бой алдырмау.

 

 

Жаратушыға қатысты БЕСІНШІ әдеп: Аллаға тәуекел ету

 

«Имандылар /мүминдер/ Аллаға жүгініп, өздерін Оған тапсырсын /тәуекел етсін/». («Тәубе» сүресі, 51-аят). 

Тәуекел сөзі «сенім арту, істі біреуге тапсыру» деген мағыналарды білдіреді. Ал, шариғаттағы терминдік мағынасы: «Белгілі бір мақсатқа, нәтижеге қол жеткізу үшін қажетті заттық және рухани барлық себеп-салдарларды орындағаннан кейін нәтижесін Аллаға тапсыру, күту. Тәуекел – өз-өзіне сеніп кету емес, өзінің дәрменсіз, әлсіз екенін мойындай отырып, Алланың құдыреттілігіне сүйеніп, Оның еркі мен тағдырына ризашылықпен көну деген сөз. 

 

Алла Тағалаға тәуекел етудің пайдалары:

Барлық себебін жасап барып Аллаға тәуекел етуші мұсылман осы арқылы жүрегін қуаттай түседі;

Бұл әдепті үнемі жүзеге асыратын адам Хақ Тағаланың бұйырған бұйрығы мен әмірлерін қиналмай орындайды;

Ешкімнен қорықпайды, сескенбейді;

Әдепті түсінген жан ешкім ешкімге Алланың рұқсатынсыз пайда немесе зиян бере алмайтынына сенімді болады. Себебі ол тек Аллаға үміт артып, тәуекел етеді.

 

 

Жаратушыға қатысты АЛТЫНШЫ әдеп: Алладан ұялу

Бүгінгі қоғамда айналамыздан байқалып жүрген көптеген теріс қылықтар мен ұнамсыз көріністердің бір себебі – жүректерде ұят сезімінің азаюы немесе мүлдем жоғалуы болса керек. Киім кию, сөз сөйлеу, адамдармен қарым-қатынас жасау, өз міндетімізді атқару – жалпы кез келген ісімізде ұяттың алар орны орасан зор. Біздің ұятымыздың күшті болуының кепілі ол әлбетте Алладан ұялу әдебімізді дұрыстау. Шынайы мүмин Алланың әрбір сөзін ести алатынын, барлық амалды көре алатынын, жария мен құпияны біле алатынын және бүкіл істі бақылып тұрғанын түйсінгенде жүрегінде Жаратушыдан ұялу сезімі оянады.  Ғұламалардан ұят туралы көптеген аталы сөздер де қалған. Олардың бірі: «ұялу – адамның ұнамсыз істерден қысылып, оларды жасаудан тыйылуы» деп түсіндірсе, енді бірі: «көңілге қонымсыз, жақсылыққа жат әрекеттерге байланысты жүректе орнайтын қынжылыс, уайым» деген.

 

 

Алладан ұялу әдебін түсінудің пайдалары:

Алладан ұялған пенде жаман сөз сөйлеуден өз-өзін тыяды.

Күнә мен жаман қылықтарға бой алдырып қоюдан сақтанады.

Тіпті жалғыз, ел көзінен таса жерде қалып қойса да арсыз ұятсыз әрекеттерге бармайды.

Алладан ұялу әдебін ұстанған жан адамдар арасында да ең ұятты адам болады.

 

 

Жаратушыға қатысты ЖЕТІНШІ әдеп: Алла туралы жақсы ойлау

Біреудің жақыны қайтыс болса, туысы не өзі ауырса, айлығы көбеймей өзінің қателігі себепті жолы болмай қалса «Мен Құдайға не жаздым сонша? Өзгелерге берілген нығмет маған неге берілмейді» - деп байбаламға салынатыны бар. Біз қандай жағдайда да  Алла туралы жаман ойдан бойымызды аулақ ұстануымыз керек. Бәлкім бізге бұйырмай қалған жұмыс, қол жеткізе алмай қалған көліктің, тіпті пәтер ала алмай қалуымыздың өз қайыры бар болуы мүмкін. «Қашан оларға бір қайғы жетсе: «Олар шын мәнінде біз Аллаға тәнбіз әрі Оған қайтушымыз» деді. Міне, соларға Раббылары жақтан жарылқау және мәрхамет бар. Әрі олар тура жолдағылар». («Бақара» сүресі, 157-аят).

 

 Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді» - демекші, әр адам тағдырында жазылған несібесін міндетті түрде алатынын ұмытпайық. Сол үшін қандай хәлде болсақ та Аллаға сансыз шүкіршілік айтуымыз керек. Егер сынақ көрсек күнәміз кешіріледі, ризыққа бөленсек шүкірлігіміз артуы тиіс.   Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мүміннің жағдайы  таңқаларлық, оның ісі  барлық жағдайда қайырлысымен келеді  және ол мүміннен басқаға берілмеген. Егер бір қуаныш болса, оған (Аллаға) шүкір қылады және ол өзіне қайырлы, ал егер бір қиыншылық келсе, оған сабырлық танытады және ол өзіне қайырлы» деген (Муслим).

 

 

 

Жаратушыға қатысты СЕГІЗІНШІ әдеп: Алланы көп еске алу

Ұлы Жаратушыны естен шығармай, әрдайым жадында ұстап, кез-келген жерде, кез-келген уақытта тілмен айтып жүру – зікір деп аталады. Оны әдетке айналдырып, амалға асырып жүру – Алланың пендеге сыйлаған ең үлкен нығметі, ерекше тартуы. Себебі ол адам рухының азығы, жүрегінің қуаты мен қуанышы. Адамды бақытқа жеткізер тікелей жол. Пенде әрдайым оған зәру, оған мұқтаж. Алла Тағала Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Алланы өте жиі еске алыңдар» деп бұйырады. («Ахзаб» сүресі, 41-аят).

Әбуд-Дарда (оған Алла разы болсын): «Әрбір нәрсенің тазартушысы бар. Жүректерді тазартатын нәрсе – Алланы зікір ету» деген. Тәніміз жерден шыққан әртүрлі жеміс-жидектермен қоректенеді. Қарын тойса ұйқы келеді. Ал адамның рухы Алланы зікір етумен тоятын болса ол адамның белсенділігі артып, ол үшін қабылет есіктері ашылады. Алла Тағала Құдси хадисте: «Кімде кім менен сұрамай тек мені зікір ететін болса сұрағандарға бергенімнен артығын беремін» деген.  Осылайша Құран оқудан басқа Алланың есім сипаттарын айту, Алланы мақтау мадақтау, шүкіршілік етіп алғыс білдіру, Алланың үкімдерін айту да зікірге жатады.

 Алланы үнемі еске алудың (зікірдің) пайдалары:

Адамның жүрегінен уайым-қайғыны кетіреді;

Ризықты молайтады;

Зікір ету адамға түсінік есіктерін ашады;

Адамды екі дүниеде де бақытқа жеткізеді;

Жүрек пен денеге күш береді;

Тілді ғайбат, өсек, өтірік т.б нәрселерден қорғайды;

Жүректі таттан тазартады;

Бұл Аллаға ең қатты жақындататын нәрсе;

Қиындықты жеңілдетеді, машақатты кетіреді;

Алланы көп еске алу пендені екіжүзділіктен сақтайды.

Нурлыбек СабыргалиевНурлыбек Сабыргалиев
8 жыл бұрын 7693
0 пікір
Блог туралы