Мұхтар Әуезов шығармаларындағы қорғансыздар рухы
Мұхтар Әуезов шығармаларындағы қорғансыздар рухы

Мұхтар Әуезов  шығармаларындағы қорғансыздар  рухы

 

      Мұхтар Әуезов туындыларына уақыт өзі өлмейтін нұр дарытқан, себебі әрбір шығарма  халқына деген ерекше махаббатынан туған. Суреткер шығармаларындағы қорғансыздар тақырыбы - ең негізгі тақырып. Бұл тақырып сонау 1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күнінен» бастап, «Жетім»,    «Қараш-қараш оқиғасы       », «Қилы заман» шығармаларында көрсетілген. Байырғы қазақ аулындағы әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздік, озбырлық, отаршылдық, жалпы айтқанда қорғансыздар күні жазушы шығармаларының өзекті мәселесі. Алайда жазушы тәуелсіздікті ұмтылған халықтың қаншама қорғансыз болғанмен, рухтары мықты, намысқор екенін әр шығармасында  көрсетіп  отырған. «Қорғансыздың  күні» әңгімесі оқырманың көз алдына байырғы қазақ аулындағы кедейлер өмірінің бұл көрінісін тамыр тереңмен қопарып әкеліп, бейшара қорғансыз  жандардың тұрмыс тіршілігіндегі жан түршігерлік азап пен ауыртпашылықты аса шыншылдықпен әсерлі жазады. Қорғансыздар тұрмысы неткен ауыр! «Еркектері өлгенен  бері қалған әйелдердің уайымынан босаған шағы осы бөтен кісілер келгенде ғана болатын. Одан басқа уақытты үшеуі үйде оңаша отырғанда, жетімдікті те, жесірлік те, қорғансыздық – сорлылық та көздеріне айқын көрініп, көңілдерін мұң мен зардап айықтырмаушы еді» \ «Атамұра», 2002, 15-б\ «Біз жетім - жесір қалған панасыз бейшарамыз. Барлық дүниенің тауқыметін арқалап қалған жас балам-анау». «Әрі–бері өтіп жүргенде сондайлық бейшаралар еді-ау!» деп, есіне ала жүрсін деп айтып қояйын деп отырмын. Күндердің күні болып жүдеп-жадап, біреуден зорлық, біреуден қорлық көре отырған үстіне келсең, көз қырыңды саларсың.... Ең болмаса - жылы  сөзіңді  айтарсың» \11-б\

     Осы ауыр тұрмысты, зорлық-зомбылықты көрсете отыра  Мұхтар Әуезов осынау жандардың бойында өздеріне лайық намыс, жігер барын көрсетіп қана қоймай, сол зорлықшыларға мойындатады да. «Кемпір келешекте көзі көретін ауыртпашылықтың, қайғының бәрін де көз алдына анықтап келтіріп, ішінен «Осының бәрін көретінім рас,осындай азап, қасірет тартқаным шын» деп бас иіп отыр. Бірақ адамның жүрегін пішінінен  танитын кісі болса, кемпірдің жүзіндегі халді көргенде, еріксіз бұл адамды көңілмен құрметтегендей еді.... Күйіп-пісіп жасырған жоқ. Сынбаған ажар, қайтпаған қайрат  кең  салқын  ерлік  бар».  «Жас күнінен бір үйдің түгелімен еркелетіп, алақанына салған баласы. Еш уақытта қанаттыға қақтырып, тұмсықтыға шоқытқан емес. Жүрегінде ар-ұят та, жігер-намыс та бірге өскен. Кедейлігінен, қорғансыздығынан басқа міні жоқ, салмақты, таза тәрбиелі бала бұл күнде сол не көріп отыр?» \24-б\

    Алайда жас қыздың Ақан әлеміне қарсы күші жетпейді. Соның құрбаны болды. Бар қарсылығымен намыс оты билеген қыз бұл өмірден өлім арқылы қоштасты. «Осыны ойлаған сайын жүрегін ыза керней бастады. Көңілдегі күшті намыс сілкініп оянғандай болды. Барша басынан кешірген жетімдікке, бейнетке, жалғыздыққа қорлық-мазаққа түгелімен қарсылық ойлады. Өмірінде сыртына шықпаған ашу, ыза, намыс барлық еркін билеп, дуылдап басына шықты»\25-б\. «Жауыздықтың жас құрбаны қасіретке толы өмірінің азапты  ақтүтегінен  адасып, өлімі  мәңгі  толас тапқандай»

     Ал келесі бір әңгіме          «Жетім» кейіпкері дүниеқоңыз, безбүйрек ағайынсымағы Иса мен оның «ұрысқақ долы қатыны Қадишаның» өгейлік тепкісіне төзе алмай жанжалдасып шығып, қараңғы түн ішінде  ата-анасының зиратын  іздеп  келе жатып үрейі  ұшып өлген он  жасар кішкене Қасым. «Қасым ұйықтаса, бақытқа жеткендей болып, өзін алдына алып сүйіп уатып, көзін сүртіп жүрген әке-шешелеріне көруші еді. Бәрі де-біз тіріліп келдік, енді өлмейміз. Сен қорғансыз емессің, сен жыламайсың, сенің көз жасың бізді қайта алып келді....деуші еді » \109-б\. Бұл да нағыз қорғансыз. Бірақ Қасым да қолынан келген қарсылығын жасады. «-Мені мұндай сорлы қылғандай не жазып едім....неңді жеп едім? Жазығым-қуарып қалған жетімдігім бе?»,- деп жерде жатқан үлкен тасты ала салып, төніп келіп қалған Исаны тізесінен періп кеп жіберіп, далаға қарай  қаша жөнеліп еді» \110-б\. Ғазиза да, Қасым да жас балалар еді. Олар өзін-өзі қорғай алмады. Алайда біз олардың бойынан өршіл сезімдердің ұшқынын сезгендей  боламыз. Жазушы идеясы  да  осыны  меңзегендей.

         «Қараш-қараш оқиғасындағы» Бақтығұл өз тағдырының құлы емес, қожасы болуға ұмтылған адам. Інісінің өлімі Бақтығұлдың жан дүниесін қатты сілікті, кеудесі шермен бірге кекке толды. Енді дұшпанды бұның сіліккісі келді. «Аспай сөйле, мырза! Қорқытсаң, дұрысыңмен қорқытасың. Шошан қағып, беталды тасырлағаныңа үрейім ұшпайды»,- дей бергенде, Сәлмен оң қолында бүктеп ұстап отырған сарала қамшымен Бақтығұлды бастан шапшаң тартып-тартып жіберіп, әкеден құлдилатып, шұбырлатып боқтай жөнеледі. Сәлмен боқтай жөнелгенде, Бақтығұл не болса да қарсыласып өлуді тіледі. Сейіттің жан ұшырып, ара түсуі әке жанын  өртеп жібергендей болды. Жан дәрмен қолына ұстап отырған қайың көсеуді жұлып ала, Сәлменің қамшысын сол қолымен жұлқа қалып, атып тұрып көз жұмғандай  шапшаңдықпен Сәлменді қақ бастан үш-төрт рет тарс-тарс періп-періп жіберді». \214-б\. Осылайша Сәлменге қарсы шықса, сеніп барған Жарасбай опаздық жасағанда көзсіз қимылға басты. Оны атып өлтірді. Бұл күрес-әділдік үшін айқас. Қорғансыздар бас көтерді. Рух биіктеді. «Денесі талай заманнан тұқыртып басып жүрген дерт пен ызадан бір сәттің ішінде құлан-таза сауығып, айыққандай болды. Сергіп, көтеріліп ойнақшығандай, жолшыбай кез келген өзін танымайтын бір жалғыз аттыға:       «Мен бүгін бір бұғы атып келемін»деп, мұрт астынан нығыз жымиып өте берді. \267-б\.  Мұхтар Әуезов шығармаларындағы қорғансыздар рухы жеке адам рухынан бүкілхалықтық рухқа ұласа біледі. Суреткердің әрі ашық, әрі астарлы көркемдік - философиялық өлмес-өшпес ойларындағы ұлттық тәуелсіздік рухы, азаттық пен еркіндік сүйгені халқымыздың әрі қымбат, әрі қастерлі қайсар болмыстары,  жігерлі де табанды шайқастары өміршең асқақтығымен ерекше көркемдік биіктерге жетелейді.

 

 

 

 

     «Қараш-қараш оқиғасы» да революция қарсаңындағы қазақ қоғамының шындығынан туған, ескі ауылдағы әлеуметтік теңсіздік тәрізді өткір тартысқа құрылған. Мұнда да жиырмасыншы жылдардың әңгімелерін дегідей дала билеушілерінің заңсыз жуандығы – байлардың кедейлерге жасар өктемдігі, зорлығы, кедейлердің  байлардың көрер қиянаты ,қорлығы .... 

        Бірақ повестің бас кейіпкері Бақтығұлдың ісі мен мінезі өзіне дейінгі өзі секілділерден өзгеше . Бұл – олар секілді өз тағдырының құлы емес, қожасы болуға қамтылған адам. Өзі – күрделі тип: бір өзінің басында бірнеше қайшылықтар, кереғар қарама - қарсылықтар тоғысып жатыр. Бақтығұлдың мінезі  осы шытырманнан  шығар жол табу әрекетінде, қимыл үстінде қалыптасады.

        Басында Бақтығұлды да онша орғып , қарғып тұрған асаулық жоқты. Інісі Тектіғұл екеуі Сәт, Сәлмен байлардың есігінде жалшылықты жүргенде бұл да «бетегеден биік, жусаннан аласа» болатын. Бірақ  байлар опа бермеді, бастарынан таяқ айырғысы келмеді. Ақырында Тектіғұлды  соққыға жықты; ол төсек тартып ұзақ  жатып, азаппен үзілді. Інісінің  өлімі Бақтығұлдың  жан дүниесін қатты сілікті, кеудесі шермен бірге кекке толды. Енді дұшпан бұл сіліккісі  келді  (Сәлменнен жылқы ұрлады), онысы үш есе ауырлыққа түсті. Күнкөріс қамымен басқа байға – Жарасбайға жалданды, ол мұны ұрлыққа салды, барымтаға жұмсады, ақыр- аяғында бар қылмысты бұған аударып, сатып кетті. Бұл тағы  ширықты, ыза болды, ашынды, көкрегін өшпенділік жайлады. Бұл  енді көзсіз қимылға басты, Жарасбай  болысты  атып  өлтірді,  абақтыға түсті.

       Осының бәрі стихиялық сиптта болса да – күрес, тіршілік үшін тартыс , әділдік  үшін айқас. Демек , Бақтығұл әшейін ат ұрлаушы , барымташы емес , өзін осыған мәжбүр еткен  байларда кеткен есесі үшін егеске түскен ер, кек қайтарушы , қимыл- әрекет адамы. Оның өзіне кейінгі өзі секілділерден өзгешелігі де , тіпті , артықшылығы да осында жатыр. Бақтығұл бейнесін осылай бедерлеп , оған осындай мағына дарытқан автор «Қараш- қараш оқиғасын» бұдан да гөрі биігірек идеялық  салмақпен  аяқтайды.Түрмедегі  Бақтығұл панасыздықтан тентіреп – тозғындаған , әдірә қалған үй- ұясынан Сейіт деген үлкен ұлын қасына  алады. Бұлармен абақтыда бірге жатқан Афанасий  (Бақтығұл оны «Апанас » атап кеткен) Сейітті оқытып , кәдімгідей  тәрбиелейді, әрнәрсеге баулиды. «Сөйте жүріп , бірге кезде Сейіттен ойда жоқ бір сөз сұрап:

    - Сейітқа, қалай, сен  ауылды  сағынады  ма?-деп еді.

 Сейіт:

-         Жоқ! – деді.

-         Неге? Абақты жақсы ма?- дегенде Сейіт шынымен  Апанастың ашық көк  көзіне барынша шынын айта қадала қарап:

-         Ауылдан абақты жақсы,-деді».

     Бұл – екі адамның арасындағы диалог қана емес , автордың ішкі монологін мегзейтін ой қазығы. Революция алдындағы шиеленіскен қайшылыққа толы, алатопалаң алыс- жұлысқа , қаныпезерлік пен қатыгездікке толы ескі ауылдың адам үшін абақтыдан жаман екенін  автор осылай  жас геройының  аузымен  айтқан.

      Сөйтіп , «оқуға ұғымды, ерекше талапты момын  қара бала болашақ заманын  белгісіз бір жарығына осы абақты ішінде сенген көңілмен күн санап ер жетіп келе жатты». Повесть  осылай  аяқталады.

      Мұхтар өзінің атақты « Көксерек» повесінде , алдымен әр алуан жабайы жыртқыш  азулы  аңдардың  мекен  ететін жерлерін  суреттеуден бастайды.

       «Қара адырдың қарағанда сайы елсіз. Айналада қабат- қабат шұбар адырлар. Жақын төбелердің  барлығын аласа боз қарағай, тобылғы басқан. Сай бойында май айының салқын лебі  еседі. Бастары көгеріп, бүрленіп қалған қалың қарағай  жел лебімен сыбдыр- сыбдыр қағып теңселіп, ырғалып қояды. Маңайдан  жуалардың , жас шөптердің исі келеді. Ұзын кең өлкені қаптай басқан  қарағанның ортасында терең, құр жар бар. Соның бас жағында итмұрынды қалың арасында қасқыр іні бар. Жақын елге мәлім ескі ін. Жазғы  салымнан  бері соны екі  қасқыр  келіп  мекен  етті...»

        Әңгіменің композициялық мен сюжеті оқиғадан  оқиға тудырып, тез өзгереді. Мұның өзі оқиғаның шапшаң дамуына  тыңдаушысын дегбірсіздендіріп, енді інді мекен еткен екі қасқырдың енді бір сәтте балаларын  қоректендіру  үшін  қозы әкеліп  жеп  жатқаны  суреттелген:

«...Қозы екі қомағай ауыздың кергісінде қан жоса болып дар-дар айрылады. Сырт-сырт етіп жас сүйек сынды, Қапаш-құпаш , қорқ-қорқ етіп, қомағай қанды ауыздар асайды. Тұмсығы мен бастары, мойын жүндері қып-қызыл болған  қасқырдың  жасыл көздері от шашады».

       Мұның өзі жоғарыда айтқанымыздай оқиғада  оқиғаның тууын байқатады. Сөз зергері жыртқыш аңдар мекенін қалай әсерлі суреттесе , олардың ашқарақ қомағайлығын одан да гөрі әсерлендіре түскен. Жан түршігерлік осындай көріністер жас оқушыларының еркін билеп, олардың төбе шаштарын тік тұрғызады. Жыртқыш аңдар мекені мен олардың күн көрісі бірден –ақ  айқындалып, осы бір жанды көрініс жас  өспірімдердің көз алдына  тұрғандай , жас қозыға жаны ашып, оқиғаға өздері де араласып кеткендей болады. Өйткені мұны да азсынғандай, соңынан бөлтірігінен айрылған екі қасқыр ашулы ызамен маңайдағы елдерді күндіз-түні у-шу қылып , азан-қазан  етеді. Қойларын жаралап, қозыларын алып қашады. Өрістегі бұзауларды жарып, далада құлындаған биелердің бірнеше құлындарын жеп кетеді. Мұнда күрделі екі мәселенің қатар тұрғаны балаларға ерекше әсер етеді. Оның бірі жыртқыш аңдар озбырлығы болса, екіншісі қазақ жерінің сұлу табиғаты мен қаймағы бұзылмаған ен байлығының сөз болуы. Жаратылыстың көркем көріністерін сондайлық әсерлі суреттеудегі сөз зергерінің мақсаты тек қана әсем көрініске зер салып қоюды ұқтыру емес, ол сонымен қатар одан эстетикалық нәр алып, соны сезіну, сондағы бар байлықты құрметтеу , қадірлеу жағына үйретуді көздейді. Жаратылыстағы көркемдік пен ондағы бар байлықты пайдалану үшін алдымен оны білу керектігін мегзейді. Мұның өзі түптеп келгенде өз өлкеңдегі бар байлықты құрметтеуге, соны қадірлеуге, сақтай білуге баулиды.

       Әңгіме кейіпкері кішкене Құрмаштың асырап алған Көксерегі болғандықтан , сөз зергері оны әлі де айқындай түсу үшін бөрі бөлтірігі өз қасында тұрғандай, оны  жетегінде  ұстатқандай  суреттейді:        «Жетілмей келе жатқан тісі ғана. Көксерек арлан еді. Сондықтан бұның бойы биіктене береді. Әлі тұрқы шығып ұзарған  жоқ. Барлық жүні қара – көк , жотасы күдірейіп , аузы омыртқа  мен құйрығына шейін тұп-тұтас болып, күлдіреуіштей сүйірленген бір бітімі бар. Өзі ешкімге ізденіп соқтықпайды. Ит баласына заты қастай, жібімейді. Әлі күнге бір рет жадырап, ойнап  көрген емес. Татулық жоқ, суық. Жалғыз-ақ атын біледі....Өскен сайын сызданып , суықтанып  келеді».

       Мұхтар бұл жерде жас организмнің жетілу жайын суреттей келіп, соған байланысты оның  мінез өзгешеліктерінің, жыртқыш аңдар  психологиясының бірден-бірге қалыптасу , өзгеру жолдарын аңғартып отырады.

       Осының өзі қолға үйренген байырғы хайуанаттардан гөрі қолға үйренбеген азулы жыртқыш аңдарда болатын психологиялық өзгешеліктерді танытады. Оны жастайынан қанша басқа да, күтсе де, тіпті Құрмаш оны өзімен бірге қойнына  алып жатса да, сызданып суықтана беруі жас оқушысын таң-тамаша етеді, ойға қалдырады. Көксеректің қолға үйренбеуі Құрмаш түгіл үлкен кісілердің өздеріне де ой тудырады. Ол жайында: «Түнде қозының құйрығын иіскелеп жүреді. Қойды үркіте береді. Түнде даланы жақсы көреді»,- деген сияқты  ауыл адамдарының күдіктері Көксеректің мінезіне байланысты туған. Осының себептерін білу де балалар үшін өмір танытарлық үлкен сабақ. Өйткені Көксеректің сыртқы портретінің әсерлі суреттелуінен азулы жыртқыш аңдардың жай ғана көрінісі емес , мұнда соның мінезі мен өсу роцесінің дамуы көрініп отырады. Сонымен қатар бірден бірге өріс алып бара жатқан оқиға сюжеті әігіменің ішкі құбылысын айқындай түседі. Осыған  байланысты жас оқушы да Көксеректің алдағы тағдырын аса қызыға бақылап, әңгіменің бағытына, зер салады. Көксерек олар үшін әңгімедегі ең басты тұлға болып көрінеді. Екіншіден , «Көксерек » оқиғасының жетегіне де ере отырып, оқушы жаратылыс құбылыстарында болатын өзіне белгісіз бір алуан  өзгешеліктерді байқайды. Кейіпкерлердің бастан кешірген бірталай қиыншылықтарына  бірде сүйсініп , бірде күйініп  отырады. Көксерек иесінен безіп, адырға шығып кеткендегі оның тағылық қылығын сөз зергері былай суреттеген:

        «...Қатты аяздан тұмсығының ұшы, аузы ашып, шыдатпай тоңа бастайды. Табанынан өткен ызғар да аяқтарын қарып, қатырып барады.Қайта  жорытып адырға шықты. Алғашқы рет амалсыздан көкке қарап аузын ашып, ышқынғанда ішінен зор дауыс шықты. Күтпеген  дауыс. Көксеректің ең әуелгі ұлығаны осы еді. Қарлы, әлсіз адырды басына көтеріп дауыс салды. Тынбай  ұзақ-ұзақ ұлыды...» Шығарманың былай суреттелуі балаларды ойға қалдырады. Өйткені  Көксеректің асырауға көнбеу себебі , күтімді керек етпеуі неге  байланысты екені- олар үшін жұмбақ. Осының бәрі де оқиғаны бірден-бірге шиеленістіріп, ол шарықтау шегіне жеткенге дейін үрей тудырады.

         Повесте оқиғаның болған жері әр жыл мезгілдерінде қандай жағдайда болғанына дейін, тіпті хайуанаттардың түс-таңбалары, оның мінез өзгешеліктеріне дейін айқын көрініп , көз алдында  тұрғандай рет- ретімен сипатталады: Ісіне түскен ауыл адамдарына әбден  өшіккен Көксерек өзінің серігі ақ қасқырдың, оның бөлтіріктерінен айрылған соң, бұрынғысынан да бетер ашына түседі: «...Сонымен қуғын күні Көксерек түні бойы ақ  қасқырдың  ізіне түсіп жортып еді. Бір төбенің бойына келгенде исі жоқ; оның орнына ет, адам исі мол білінеді. Ағып  ұйып қалған қан көрінеді. Азғана иіскелеп , бір рет жалап дәмін де көрді. Түн бойы көп ұлыды, таң атқанша жер тарпып, шаң боратты, ыңырсыды, аунады. Ай астында әрлі-берлі сенделіп , көп аяндап жүрді. Қасында көлеңкесі ғана жүр еді. Тағы да жалғыз жортуылға түсті..» Көксеректің ауыл үйде Құрмашпен бірге жүргендегі тағылық белгілері мен мінез өзгешеліктері бір түрлі суреттелсе , ал енді әбден кемеліне келіп, өсіп жетілгендегі нағыз жыртқыш аңдарға тән псиологиясы мүлде бір басқа.

         Құрмаштың өлімі трагедиялық өлім болып аяқталғанмен ,жас оқушының  көңілінде  жақсылықтан басқаны ойламаған аяулы адал жанның бейнесі қалады.

        Оқиға желісі жас оқушыны қызыға тыңдатумен қатар, олардың ой-қиялының, өз пікірлерінің дамуына жол ашады. Кейіпкерлердің мінез -өзгешеліктерін , жаратылысын түсінуге баулиды.

         «Көксерек» повесі жас өспірімдерге өмір танытарлық осындай оқиғаларды суреттеп берумен қатар, оларға қазақ халқының ана тіліндегі бай мұра мен оның сұлу да көркем құрылысымен таныстырады, ана тіліне деген сүйіспеншілігін  арттырып , сөз  байлығын  молайта  беруге  жәрдемдеседі.

 

 Нұрлыбек Сабырғалиев

 

 

Нурлыбек СабыргалиевНурлыбек Сабыргалиев
7 жыл бұрын 13684
0 пікір
Блог туралы