Мінезді өзгертудің жолдары...
Мінезді өзгертудің жолдары...

Мінезді өзгертудің жолдары

"Адам  (өз) мінезін өзгертіп болмайды дегендердің басын кесер едім" 

Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы

     Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің араларыңнан ең жақсы көретінімді және Қияметте маған ең жақын болатындарың кім екенін айтайын ба?,-деген сұрағын үш немесе екі рет қайталады. Адамдар: «Ей, Алла Елшісі! Иә, айтыңыз»,-деді. Ол:

 

–     Мінез-құлқы жақсыларың,-деді». (Имам Ахмад).

 

Көркем мінез бойыңызда бар ма?

 

   Абдулла ибн Мүбарак көркем мінезділікті сипаттап: «Көркем мінез дегеніміз – жайдары болу, игілік істеу мен зиян келтірмеу» деген екен. Тағы бір топ ғұламалар: «Ислам үш нәрседен құралады. Ол: иман, шариғат және көркем мінез. Бойында осы үш қасиет болмаған адам кәміл мұсылман бола алмайды» деген болатын. Имам Хасанның айтуынша, «көркем мінез дегеніміз – кеңпейілдік, жомарттық пен сабырлылық». Ал Имам Ахмад: «Көркем мінез дегеніміз – ашуды баса білуің және кек сақтамауың, адамдардың қылықтарына сабыр етуің» деген екен.

 

Қалай болғанда да, пендеге берілгендердің ішіндегі ең абзалы – көркем мінезділік, адамдардың ішіндегі абзалы да – көркем мінез иесі екені анық. Қиямет күні таразыға қойылған нәрсенің ішінде көркем мінезден ауыр нәрсе болмайды. Тіпті, көркем мінез иесі күндіз ораза ұстап және түні бойы намаз оқығанның дәрежесіне жетеді. (Тирмизи).

 

Мінезі ең көркем адам кім?

 

    Мына қара жерді ержүректігімен, жомарттығымен, жуастығымен, ақылымен аты шыққан талай адам басып өтті. Бірақ, ешкім де кемел пенде бола алған жоқ. Тек бір адам, Алланың сүйікті құлы болған Мұхаммед Пайғамбар ғана барлық жақсы мінездің қожайыны болды. Бұл туралы құдіретті Алла: «Сен, шын мәнінде, ұлы мінезге иесің» («Қалам» сүресі, 4-аят) деп ризашылық білдірсе, сүйікті жары болған Аиша анамыз оны «Оның мінезі – Құран еді» деп сипаттайды. (Муслим). Ол адамдардың арасындағы ең сабырлы, ең кішіпейіл, ең мейірімді, ең жомарт, ең батыр, ең  кешірімді, ең байсалды, ең жұмсақ, ең әділ, ең шыншыл, ең ұялшақ адам болатын...

 

«Қап соны істеуің керек еді...»

 

«Әли Имран» сүресінің 159-аятында: «Алланың рақымдылығымен сен оларға жұмсақтық таныттың. Егер қатал жүректі болғаныңда, олар маңайыңнан тарап кетер еді» делінген. 

 

Сахабаларымыздан Әнас ибн Мәлік Пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) жұмсақ мінезділігін былай деп еске алады: «Он жыл бойы Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қызмет қылдым. Он жылдың ішінде бір де бір рет мені сөккен емес, бір істі істемесем, «Қап соны істеуің керек еді» деп, не болмаса «Мұны неге олай істедің?»,-деп қабақ шытқанын көрген емеспін». (Бұхари). Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала барлық тіршілік иелеріне жақсы қарауды бұйырды. Олай болса, мал бауыздағанда да, оны қинамаңыздар. Малды бауыздарда пышақтарыңызды жақсы қайрап, оны жұмсақ бауыздаңыздар» деу арқылы, адамға ғана емес, жан-жануарға да жұмсақтық пен аяушылық танытуды өсиет етті. (Муслим).

 

«Пайғамбарымыздың ең жақсы көретін адамы мен шығармын...»

 

Оның адамдармен қарым-қатынаста жұмсақтығы соншалықты, жүзінен нұр, жүрегінен жылу төгіліп тұратындықтан әрбір сахаба Пайғамбарымыздың ең жақсы көретін адамы мен шығармын деп ойлайтын болған. Бір сахабаға: «Сенде Алла сүйетін екі тамаша қасиет бар: ол жұмсақтығың мен ықтияттылығың» деген. (Муслим).

 

«Бүтін болмай, жарты болған нәрсе іске жарай ма?»

 

Ол тағы бірде «дін дегеніміз?» не деп сұраған адамға екі рет «көркем мінез», үшіншісінде «ашуланбау» деп жауап берген. Екінші адам кеңес сұрағанда, үш рет «ашуланба» деп өсиет еткен екен. Алла Тағала бұл туралы: «Солар тақуалар (жеңілдікте) де және қиындықта да (Алла разылығы үшін) жұмсайтындар, ашуын ұстайтындар және адамдарды кешіретіндер. Алла жақсылықты ықыласпен істеушілерді жақсы көреді» дейді. («Әли Имран» сүресі, 134-аят).  Алты алашқа танымал Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Әдеп – діннің қақ жартысы. Әдепсіз болған соң, дін жарты болып қалады екен. Бүтін болмай, жарты болған нәрсе іске жарай ма?», – дейді.

 

Тамшылаудан танбаған су ғана тасты теседі

 

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзіне жасалған қастандықтар үшін ешкімнен кек алуды көздемеген. Елшілік міндетін орындап, ислам дінін тарата бастаған алғашқы жылдары Құрайыштың азулы азғындары оны мазақтап, келеке-қылжаққа айналдырып, үстіне түйенің қан-жынын төккенде, басқалар тас лақтырғанда олар үшін кешірім сұрап, дұға жасайтын. Сиқыршы, айлакер, арбағыш, балгер, өлең шығарғыш, ана мен баланы ажыратушы деген жан түршігерлік айыптарға шыдамдылық танытты. Өйткені, ол қаттылыққа қарағанда жұмсақтықтың анағұрлым артық екенін, тамшылаудан танбаған су ғана тасты тесетінін, зорлықты тек сүйіспеншілікпен жеңуге болатынын жақсы білетін. Жұмсақтық туралы: «Қиямет күні Алланың алдында дәрежесі тұрғысынан адамдардың ең жаманы – мінезінің дөрекілігінен жұрт қашатын адам», «Алла Тағала – жұмсақ әрі ісінде жұмсақтық танытқандарды жақсы көреді, жұмсақ мінезділерге нәсіп еткен игіліктерінен басқа ешкімге нәсіп етпейді», «Жұмсақтықтан мақұрым адам – барлық жақсылық атаулыдан мақұрым» (Муслим), «Адамдарға істің оңайын білдіріп, жұмсақтық танытқан мүмин тозаққа түспейді» (Тирмизи) деген болатын. Сондай-ақ, дінді ауырлатпауды, жеңілдетуді, жек көргізбеуді, керісінше, сүйдіруді бұйыратын. (Бұхари). Ал исламда жоқ адамдар біздің Құранымызды немесе хадисімізді емес, мінез-құлқымызды оқиды емес пе? Пайғамбарыңызды сүйсеңіз, дініңізге жаныңыз ашыса, бүгіннен бастап мінезді түзеуге кіріскеніңіз жөн.

 

Мінезді түзеуге болмайды дегеннің тілі кесілсін...

 

Иә, солай, Алла разылығын іздеген әрбір мұсылман міндетті түрде өзін көркем мінез-құлықпен безендіруі тиіс. Бұл мүмкін емес дейсіз бе? Олай болса, «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деген дана Абайдың сөзін қалай жоққа шығарасыз?

 

Ақиқатында, ешкім де нашар адам, жағымсыз мінез иесі болғысы келмейді. Тек, өзіңнің қателіктеріңді түсінгенде, уақытында ескермегендіктен, бойыңды түзеу, тәрбиелеу қиынға соғып жатады. Қаншама жылдар бойы қалыптасқан мінезді көркемдеу үшін бір күн тым аз. Керек десеңіз, бір жыл емес, бес, он жыл уақыт қажет болуы мүмкін. Бастысы, дұрыс ұстаз таңдай білуіңіз. Бұл мақсат жолында сіздің ұстазыңыз бар. Ол – көркем мінез-құлықтарды топтастыру үшін келдім деген адамзаттың ардақтысы Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын). Ал ұстазы жақсының – ұстамы жақсы болмақ.

 

Мінезді түзеудің 3 жолы

 

Өзіңізді тәрбиелеудің, көркем мінез-құлыққа баулудың басты жолы – ұстазыңызбен барынша жақын танысу және оның өсиеттерін (хадистерді) бұлжытпай орындау, өмірдің кез келген сәтінде оның істерінен үлгі ала білу, сүннетті серік ету. Екінші бір тәсілі – мінезі көркем адамдармен жолдас болу, олармен жиі әңгімелесу. Адамдардың жаман қылықтарынан жирену, жақсы тұстарын үйрену. Үшінші бір тәсілі – Омар ибн әл-Хаттабтың өсиетіне еру. Ол: «Адам бойында болмысынан келе жатқан он мінез бар, оның тоғызы – жақсы, біреуі – жаман. Жаманының басын бос қоя берсең, басқаларын бұзады» деген екен. Яғни, жақсылыққа ермес бұрын жаман мінездеріңізбен күресу.

 

Сөз соңында айтарымыз, кез келген іс Алла разылығы үшін және шынайы ықыласпен жасалғанда оңайға түспек, ендеше, алдымен ниетіңізді түзеуден бастаңыз.

Нурлыбек СабыргалиевНурлыбек Сабыргалиев
9 жыл бұрын 17507
2 пікір
Блог туралы