Амр ибн әл-Ас (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) : «Уа, Алланың Елшісі! Ең жақсы көретін адамың кім?» деп сұрайды. Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
– Айша, - деп жауап береді. Мұндай жауапты күтпеген Амр аздап қысылып:
– Ал, ер кісілерден ше? - дегенде, ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
– Оның әкесі, - деген (Бұхари).
Адамзаттың абзалы, Алланың сүйіктісі Мұхаммед пен күллі мұсылмандардың иманын таразыда басып озатын шыншыл Әбу Бәкірдің (оған Алла разы болсын) беліндегі бір тамшы судан жаралған, ислам нұрына бөленген отбасынан нәр алған салиқалы да текті Айшаның (оған Алла разы болсын) некесі мөлдір судай таза, Алланың алдында адал, ел-жұртқа әшкере әрі үлгі бола алды. Ғасырдан-ғасырға шертілетін аңыз махаббат. Ол екеуінің арасындағы ерекше байланысты барша халықтың білетіндігі сол, сый-сияпаттарын, тарту-таралғыларын Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Айшаның (оған Алла разы болсын) үйіне түсетін күні әкелетін. Сегіз жыл, бес айға жалғасқан ақ-ғұмырдан махаббат пен нәзіктіктің, шаттық пен еркеліктің, қамқорлық пен сыйластықтың лебі еседі. Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ең соңғы қоштасқан адамы да – «Алланың кітабында күнәлардан және жүректердің шүбә-күдігінен арылған мүміндердің пәк анасы» Айша (оған Алла разы болсын) еді. Анамыз жан тапсырғалы жатқан Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көзқарасы мен бет қимылынан мисуәкті (тіс тазалағышты) қажет етіп жатқанын біліп, мисуәгін өз аузына салып, жұмсартып береді. Ол да қарсылық білдірмей, әлгі мисуәкпен бұрын-соңды байқалмаған керемет кейіпте тісін тазартты. Осылайша, ең керемет жан он сегіз жасар аяулы Айшаның (оған Алла разы болсын) қолында ақтық демін шығарды...
Алла қосқан екі жұп
Қазақта «Алла қосқан жарың», «Алланың пешенеңе жазған жары» деген әдемі тіркестер бар. Сірә, бұл бабаларымыздың ер мен әйел Алланың тағдыры бойынша шаңырақ көтеретіндіктеріне иман келтіргенінен туындаған ойдың жемісі болар. Сол секілді, Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пен Айшаның да (оған Алла разы болсын) жұбы Алланың жанынан орайластырылған. Бұхариде келетін хадисте Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Айшаға (оған Алла разы болсын): «Түсімде сен маған екі рет көрсетілдің. Сенің (бейнеңді) бір парша жібек(матада) көретінмін және (маған): «Бұл –сенің әйелің, ашып қара!» - делінетін. Қарасам, ол сен екенсің. Сонда мен: «Егер бұл Алладан болса, мұны жүзеге асырады» дейтінмін»дегендігі айтылады. Тіпті, мұсылмандардың анасы Умму Сәләма (оған Алла разы болсын) Айшаға қатысты қызғанышын білдіргенде Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Уа, Уммә Сәләма! Мені Айшаға қатысты нәрселерде қинама. Алланың атымен ант етемін! Сендердің араларыңда тек Айшамен ғана бір көрпенің астында жатқанымызда маған уахи келген», - деп жауап берген (Бұхари). Демек, Пайғамбардың(оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Айшаға (оған Алла разы болсын) деген махаббаты – жүректердің жалғыз әміршісі болған Алланың салғаны. Жебірейіл Періштенің (оған Алланың сәлемі болсын) Айшаға (оған Алла разы болсын) сәлем жолдауы, ислам тарихында «Михнәтул-ифк» яғни, «жаламен сыналау» деп аталған қиын-қыстау кезеңде Алланың Айша анамыздың (оған Алла разы болсын) тазалығы мен пәктігін дәлелдейтін аят түсіруі оның дәрежесінің асқақтығын көрсетеді.
Әйелді еркелету – гүлге құйылған су секілді...
Әйел жаны нәзік болғандықтан, қамқорлықты, назарды талап етуі – табиғи нәрсе. Әсіресе, енді ғана балиғатқа толған Айшаның (оған Алла разы болсын) жан дүниесі ерекше жұмсақтықты қажет етті. Ал оның дана жары мұны өте жақсы білетін. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) аңсарлардың кішкентай қыздарын Айшамен (оған Алла разы болсын) ойнауға жіберетін. Сахих хадистерде анамыздың ойыншықтары бар екендігі, оның ішінде Сүлейменнің тұлпарына теңелген қанатты атының болғандығы айтылады.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Айша анамызды (оған Алла разы болсын) "Аиш" және "Хумейра" деп еркелеткен екен. (Айша, Аиш деген сөздер "Өміршең", "Өмір сүргіш" деген мағыналар береді. Ал, Хумейра – Айша анамыз қызыл өңді кісі болған соң осылай еркелеткен). Айша анамыз (оған Алла разы болсын): «Мереке күні Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мешіт алдындағы эфиоптардың ойынын көруге рұқсат берді... Мені арқасына қойды да, оларды көре алуым үшін өзі иығын түсіріп тұрды. Ал мен иегімді оның иығына қойдым және бетімді жағына сүйедім», - дейді. Айша анамыз (оған Алла разы болсын) оларға ұзақ уақыт қарағандықтан, Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) біресе оң аяғымен, біресе сол аяғымен тұруға тура келеді. Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Айша, көріп болмадың ба? Әлі бітпеді ме?» деп сұрайды. Айша анамыз (оған Алла разы болсын) бұл туралы: «Мен «жоқ» деп айттым, бұл оларды көргім келгендігінен емес. Өзге әйелдердің менің тым жастығыма қармастан, Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) маған қалай қарым-қатынас жасайтынын көргендерін қаладым», - дейді. (Ахмад, Муслим).
Ойын, әзіл – отбасылық өмірдің «дәмдеуіші»
Аиша анамыз (оған Алла разы болсын) да Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мынадай әрекеттерін баяндайды: «Хайыз кезінде ыдыстан су іштім де, Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бердім. Ол аузын мен ішкен жерге қойды да, су ішті. Жілік кеміріп отырып, оған ұсынып едім, ол менің аузым тиген жерден мүжіді», - дейді (Муслим). Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелдерімен әзілдесетін, еркелететін, тіпті, ойнайтын. Айша (оған Алла разы болсын) айтады: «Бір күні Алла Елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) аңға шықтым. Мен ол кезде жас әрі арық қыз едім. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) басқа адамдардан олардың алға жүріп кетулерін өтінді. Сонан кейін маған: «Екеуіміз жүгіруден жарысайық», - деді. Мен жарыстым да, одан озып кеттім. Ол ештеңе демеді. Мен уақыт өте келе салмақ жинадым. Бірде онымен тағы аңшылыққа шықтым, бірақ, әлгі оқиғаны ұмытып кетіппін. Ол тағы да адамдардан жүріп кетулерін сұрады. Сонан кейін маған: «Екеуміз жүгіруден жарысайық», - деді. Ол мені басып озды да: «Бұл жеңіс – алдыңғы жеңіліс үшін», - деп күлімсіреді» (Ахмад).
Даналықтың дәні егілген көркем қарым-қатынас
Сүю сезімі болған жерде қызғаныштың да қатар жүретіні жасырын емес. Алла Елшісі(оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелінің тарапынан болатын қызғаныш әрекеттеріне жомарттық, жұмсақтық, даналық көрсететін. Бірде Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Айша анамыздың (оған Алла разы болсын) үйіне түскенде, ас-су болмай қалады. Мұны білген әйелдерінің бірі қызметшіден тамақ беріп жібереді. Сонда анамыз қызғанышқа беріліп, әлгі ыдысты қағып жібереді. Тамақ қолдан түсіп, ыдыс сынып қалады. Состиып тұрып қалғандарды көрген Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мұсылмандардың анасын қызғаныш билеп алды» деп, Айшаның (оған Алла разы болсын) үйіндегі ыдысты орнына беруді тапсырады» (Бұхари).
Бұл бір ауыз сөзде ондаған мағына бар. Ол жұрттың бәрі состиып, «Пайғамбардың жұбайы неге олай етті?» деген сауалды қоя алмай тұрғанда қылық көрсеткен олардың анасы екендігін еске салды. «Ол сендердің аналарың ғой, жүректеріңе» алмаңдар» деген ишара көрсетті. Екіншіден, қызғаныш билегенде әйелден сондай қылықтар шығып қалатындығын түсініп, мән бермей, кеңшілік танытты. Бұл жалғасын табатын нәрсе емес, осы сәтте болып қалды дегендей, туындаған қолайсыз сәттен өзін алып шықты. Үшінші, әйеліне де тәрбие берді. Қызғанышқа бой алдырып қойғанын, сондықтан, барып Алладан кешірім сұрап, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) алдында әдеп сақтау керектігін есіне салды.
Алланың махаббатына асыққан қос жүрек
Олар бір-бірінің Ақыреттегі қамын ойлайтын. Алланың алдындағы құлшылықтарын атқаруға жәрдемдесетін. Айша анамыз (оған Алла разы болсын) түнде жарына су мен мисуәкті дайындап қоятындығын, күйеуі оның аяқтарын жастанып, Құран оқитындығын айтқан (Бұхари, Муслим).
Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үнемі түнгі намазға тұратын және үйіндегілерді де оятатын. Бұл туралы Айша (оған Алла разы болсын): «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түнгі намазды оқығанда, мен оның алдындағы төсекте ұйықтайтынмын. Ол үтір намазын оқитын кезде мені оятатын және мен де үтір намазын оқитынмын» деген (Бұхари). Сүйікті әйелін байқаусызда айтылған ғайбаттан, дөрекіліктен жұмсақтықпен тыятын. Бірде яһудилердің бір тобы үйге кіруге рұқсат сұрап: «Сендерге өлім (кесел) болсын!» дейді. Сонда Айша анамыз (оған Алла разы болсын): «Жоқ, сендерге өлім (кесел) және қарғыс болсын!» деп айқайлайды. Мұны естіген Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Айша, Алла кез келген істе жылы шырайды жақсы көреді» деп жұмсақтықпен тоқтатқан (Муслим).
Тіршіліктері де көркем еді...
Ол екеуі тіршілікте де, құлшылықта да бір-біріне көмекші еді. «Айша анамыздан (оған Алла разы болсын) «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйде не істейтін еді?» деп сұралғанда: «Сіздер жасайтындай ананы алып, мынаны қоятын, әйелінің жұмысына көмектесетін, ет кесіп беретін, үйді сыпыратын және қызметшіге көмектесетін» деп жауап бергенін Табарани риуаят еткен. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ақиқат пен Алла дінін тарату жолында түздегі дұшпандардың зұлымдығы мен надандығынан ашуға булығып үйіне келгенде, ашуын сейілтетін, жүрегіне қуаныш ұялататын ең жақсы да сүйікті әйелі Айша (оған Алла разы болсын) еді. Анамыз күйеуі секілді өте төзімді, сабырлы, дарқан жүректі тұлға болды. Екеуі бірге екі қараны: құрма мен суды қанағат етіп, кедейшілік пен ашаршылыққа сабыр ететін. Сыртта жүргенде бір мұсылманға азық қажет болса, Айшаға бар, «кебек берсін» деп жұмсайтын. Анамыз үйдегі соңғы дәнді беруге асығатын («Асыл аналар» кітабы, 80-бет).
Әнәс (оған Алла разы болсын) жеткізеді: «Пайғамбарды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дәмді сорпа дайындайтын ирандық көршісі қонаққа шақырады. Алла Елшісі(оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл рәсімге әйелі Айшаның қатысуын сұрайды. Көршісі бас тартқандықтан, ол да қонаққа барудан бас тартады. Әлгі көршісі үш рет шақырады. Бірақ, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тек Айшамен ғана келетіндігін айтады. Ол: «иә, Айша да келсін» дегенде ғана әйелін ертіп барған екен (Муслим).
Сүю. Сүйікті болу...
Бір кеште Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүйікті жұбайына Умму Зарр туралы танымал әрі ұзақ оқиғаны баяндап береді. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әңгімесінің соңында еркелеткен үнмен: «Умм Зарр Әбу Зарр үшін қандай болса, сен де маған сондайсың» деп, махаббатының тереңдігін жеткізеді. Сонда Айша анамыз (оған Алла разы болсын): «Әкем мен анам сенің өтеуің болсын! Сен мен үшін Әбу Зарр Умм Заррға артық болғаннан да артықсың!» деген екен. Бұл оның «сен мені жақсы көргеннен де артық қатты жақсы көремін» дегені екен (Бұхари).
Тағы бір хадисте Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қызы Фатимадан (оған Алла разы болсын):
– Ей, қызым, сен мен сүйгенді сүйесің бе?» - деп сұрайды.
Фатима:
– Әрине, Алланың Пайғамбары сүйгенді қалайша сүймеймін? -дейді.
Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
– Онда мынаны сүй, - деп Айшаны көрсетеді. (Бұхари).
Бұл ыстық сезімді басқа аналарымыз да жақсы білетін. Умму Сәләмаға (оған Алла разы болсын) Айша анамыздың (оған Алла разы болсын) дүние салғаны жайлы хабар жеткенде: «Алланың атымен ант етемін! Ол әкесін есептемегенде, Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ең сүйікті адам еді» деген (Хаким).
Алла Тағала Қасиетті кітабында ер мен әйелдің бір-біріне әсерін, байланысын түсіндіру үшін «киім» деген әдемі сөзді таңдап алады: «Олар – сендер үшін киім, сендер де – олар үшін киімсіңдер» («Бақара» сүресі, 187-аят).
Мінез-құлқы өмір сүретін Құран болған Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мен жан жары Айшаның (оған Алла разы болсын) да қарым-қатынасы дәл осындай болды. Ең жақын, ең сүйікті, ең жылы, ең сұлу... Және бұл ең көрікті «киімнің» үлгісін көрсете білген екі жанның әдемі махаббаттары Қияметке дейін мешіт мінберлерінде айтылатын болады...
Я, Алла! Өзіңнің разылығыңа, Жәннатыңа ұмтылған ерлердің жүрегіне Мұхаммедтің(оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Айшаға (оған Алла разы болсын), әйелдердің жүрегіне Айшаның (оған Алла разы болсын) Мұхаммедке (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) болған махаббатын сала гөр!