9 мамыр – Жеңіс күнін тойлаудың шариғаттағы үкімі қандай?
9 мамыр – Жеңіс күнін тойлаудың шариғаттағы үкімі қандай?

9 мамыр – Жеңіс күнін тойлаудың шариғаттағы үкімі қандай?


Бисмилләһир-рахманир-рахим!

Барлық мақтау әлемдердің Раббысы Аллаға тән! Алланың Пайғамбарына, отбасына, саxабаларына және күллі үмметіне Оның сәлемі мен игілігі болсын! 

Кей бауырлар осы мейрамды тойлауға болмайды, оның Исламға түк қатысы жоқ, сол соғыста қаза тапқан мұсылмандар үшін дұға етуге болмайды, ол күпірлік (уә лә әғузубилләһ) деп жатады.

Әсілінде, бұл мерекенің  Исламға ғана емес, жалпы  діндерге мүлдем қатысы жоқ. Ал, бізде басқа діннен енген мерекелерді немесе арсыздықты дәріптейтін Ислам руxына жат мерекелерді тойлауға тыйым салынған. 9-мамыр күні ондайлардан емес.

Егер мұсылмандар сол күні арақ ішуден, музыка тыңдаудан, ер мен әйелдер араласуларынан, түрлі арсыздықтан аулақ жүріп, жай ғана бірін-бірі құттықтап, тек мұсылмандар үшін дұға етсе, бұған тыйым жоқ.

Біздің мұсылман бабаларымыз (бүгінгі біздер секілді) туып-өскен жерлерін сүйді, туған өлкелерін аңсады және бұл Пайғамбарымызға (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) да тән қасиет. Өйткені, Меккеден кетуге мәжбүр болғанда, артына қарай отырып былай деген еді:

«Аллалың атымен ант етейін! …Мені сенен қумағанда, сенен кетпес едім». (Ахмад, әт-Тирмизи және басқалары)

Бірде Ухуд тауына қарай отырып, Алла Елшісі (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын)  мынадай сөздер айтқан еді:

«Біз Ухудты сүйеміз және Ухуд бізді сүйеді». (Бұхари «Джихад», 71; Муслим «Хадж», 504)

Бұл Пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) туған жерге деген ыстық махаббатын білдіреді, ал туған жерді қорғау керек.

Бұл мейрам — кей жандардың ойындағыдай коммунистердің емес, күллі Кеңес Одағы xалықтарының мейрамы, себебі олар өз Отанын, әйелдері мен балаларын дұшпаннан қорғады. Бұл соғыста көптеген мұсылмандар қаза тапты, олардың шәһид болу-болмауы бір Аллаға аян, біз болсақ тек шынайы ықыласпенен, бисмиллә-Аллаxу әкбармен үйін, отбасы мен Отанын қорғаған мұсылман бабаларымыз үшін ғана дұға етуіміз керек (өйткені бақилықтардан мұсылмандарға ғана дұға етуге болады). Белгілі xадисте кім де кім өз үйін қорғап қаза тапса, шәһид болады делінген.

Сайид ибн Зайдтан Алла Елшісінің (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) былай дегені жеткізіледі:

«Кімде-кім өз мүлкін қорғап, қаза тапса, шәһид болады. Кімде-кім өмірін қорғап, қаза тапса, шәһид болады. Кімде-кім өз дінін қорғап, қаза тапса, шәһид болады. Кімде-кім өз отбасын қорғап, қаза тапса, шәһидд болады.» (Әбу Дәуіт, 4772, әт-Тирмизи, 1421. Сенімді хадис)

Сол сияқты, Сууайд ибн Мукғарриннен Алла Елшісінің (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) былай дегені жеткізіледі:

«Кімде-кім залымдықтан қаза болса, сол шахид болады». (Ән-Насаи 4096. Сенімді хадис)

Ал, біздің бабаларымыздың жасағаны не? Дәл осы емес пе?

Бұл жерде мәселенің өзегі мұсылмандар мен басқа халықтардың «мейрам» түсінігі. Мұсылмандардың түсінігі, әлбетте, өзгеше: біз жеңіс үшін қуанамыз және дұға етеміз, бұда тұрған ешнәрсе жоқ. Әрине, 8 Наурыз, 14 Ақпан және т.с.с. мейрамдардың мұсылман өмірінде еш салмағы жоқ, оларды тойлап, басқаларды құттықтауға болмайды, өйткені, бұлар — басқа діндердің салтымен араласқан, теріс, кесірлі мейрамдар. Ал, Жеңіс күні де «туған күн» секілді діни мейрамға жатпайды.

Мүфтий Сухайл Тармахомед (хафизахуллаһ) «Туған күнмен құттықтауға болады ма?» сұраққа былай деп жауап береді:

«Мұсылманнан басқаларға саналы түрде еліктеуге Исламда тыйым салынған. Абдулла ибн Умар (Алла одан разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) былай дегені жеткізіледі:

من تشبه بقوم فهو منهم

«Кім де кім бір қауымға еліктесе, солардан болады» (Әбу Дәуіт, 4031)

Хадисте тыйым салынған мұсылманнан басқаларға еліктеу (ташаббух), басқа дін иелеріне олардың діни рәсімдері мен ғұрпына қатысты мәселелерде еліктеуге байланысты айтылған. Шейх Жәмил ибн Хабиб әл-Луайхиқ әл-Мутайри (хафизахулла) осы қағиданы өзінің «Мұсылманнан басқаларға еліктеуге фиқһи көзқарас» еңбегінде былай дейді:

لا يكون التشبه بالكفار إلا بفعل ما اختصوا به من دينهم أو عاداتهم

«Мұсылманнан басқаларға еліктеуге тыйым салыну тек олардың діндеріне және ғұрыптарына тиесілі нәрселерге қатысты айтылады» (8-12 бб)

Басқаша айтқанда, адамның белгілі қылығын не киімін басқа адам бірден өзге дінмен немесе ғұрыппен байланыстырса, сол тыйым салынған еліктеуге жатады. Мысалы, мұсылман сақалын қырып, мұртын шығарса. Бұл көпқұдайшылдардың айрықша қасиеті еді және Сахих Бұхариде келгендей, оған тыйым салынды. Сол сияқты, біздің заманымызда біреу шашын әтештің өркешіндей көтеріп, оны басқа түске бояса, жұрт бұл қылығын бірден әдепсіз және арсыз адамдардың қылығына жатқызады.

Ал, туған күнмен құттықтау болса, адамдарда дінмен немесе салтпен ешқандай ассоцияция тудырмайды. Бұл көптеген халықтардың ортақ тәжірибесі, өйткені адамның дүниеге келген күні көпшілік үшін ерекше күн болып есептеледі. Ол белгілі салт пен діннің көрсеткіші емес. Сол секілді, біз Құранда Яхья мен Иса пайғамбарлардың (алейхумус салам) туған күндері жайында ескертілгенін көре аламыз. 

وَسَلَامٌ عَلَيْهِ يَوْمَ وُلِدَ وَيَوْمَ يَمُوتُ وَيَوْمَ يُبْعَثُ حَيًّا

«Және оған (Яхьяға) оның туылған күні және дүниеден өтетін күні және тірілетін күні сәлем болсын»(«Марьям» сүресі, 15)

وَالسَّلَامُ عَلَيَّ يَوْمَ وُلِدْتُ وَيَوْمَ أَمُوتُ وَيَوْمَ أُبْعَثُ حَيًّا

«Және мен туылған күні және мен дүниеден өтетін күні және мен тірілетін күні маған (Исаға) сәлем болсын» («Марьям» сүресі, 33)

Әрине, бұл аяттар туған күнді тойлау керектігінің дәлелі емес, алайда бұл аяттардан дүниеге келген күн адам үшін маңызды екенін көре аламыз. Сол себепті, адамдарда туған күнмен құттықтау әдеті қалыптасқан.

Йә, туған күнді мұсылман еместер секілді тойлауға тыйым салынған. Мысалы, тортқа майшам жағып, арнайы әндер айту және т.б.

Қысқаша айтқанда, адамның туған күнінде оған жақсылық тілеуге тыйым салынбаған. Алайда, сол күнді мұсылман еместерде қалыптасып кеткендей тойлауға болмайды. Мәулана Рашид Ахмад Гангохи (үлкен үнді ғұламасы) бұны өз пәтуасында ашып түсіндіріп кетеді.» (Сөз бітті)

Сол уақыттағы мүфтийлер жиһад жайында пәтуалар шығарған еді.

1942 жылдың Мамыр айында Уфа қаласында Мұмылмандардың орталық діни басқармасының жедел жиналысы өтеді. Жиналыста Мұмылмандар орталық діни басқармасының xатшысы Габдраxман Расулаевсөз сөйлейді. Оның жүрекжарды сөздері Отанға деген маxаббатқа толы еді:

«Құрметті мұсылман бауырлар! Бүгінгі таңда баласы, бауыры не әкесі қолындағы қаруымен біздің ортақ Отанымызды қорғап, неміске қарсы күреспеген мүмин жоқ шығар. Сол сияқты тылда өзінің фабрика мен зауыттардағы жұмысымен көмектеспеген адам да қалмаған шығар. Өйткені, біз, Кеңес одағының мұсылмандары, Пайғамбарымыз Мұxаммедтің (солләЛлаxу әлейһи уә сәлләм) келесі сөздерін жақсы білеміз: «Отанға деген маxаббат және оны қорғау — иманның шарттарынан» [1]. Бұл сөздер, сіздер, мұсылмандарды, майдандағы қанды шайқаста өздеріңді еш аямай, залым фашистердің зұлымдығынан ұлы Отанды, мұсылман қауымын және күллі әлемді құтқаруға шақырады. Тылда қалған еркектер мен әйелдер, салғырттық пен қорқақтыққа бой алдырмаңдар, соғыстың сәтті өтуі мен халықтың өмірін сақтау үшін қажетті заттардың барлығын дайындауда бар күштеріңді салыңдар. Фашистік Германия мен оның жақтаушыларына қарсы болған бұл қасиетті Отан соғысында, өздеріңнің шынайылықтарыңды танытып, күллі әлемге Отанға деген ыстық махаббаттарыңды көрсетіңдер, мешіттерде, ғибадат үйлерінде Қызыл Армияның жеңісі үшін дұға етіңдер. Біз, Кеңес одағында өмір сүріп жатқан Ислам ғұламалары мен діни қайраткерлері, барлық мұсылмандарды жұдырықтай жұмылып, сүйікті Отанымызды фашистік Германия мен оның жақтаушыларынан қорғауға шақырамыз. Ұлы да Мейірімді Алладан дұшпанның жеңілуін, күллі әлемнің және мұсылмандардың адамзат жаулары, фашистерден, құтқаруын сұраңдар.» (Сөз бітті)

Бұл үндеу барлық Кеңес одағы мұсылман халықтарының тілдеріне аударылды, «Труд» газетіне шықты, ғибадат үйлерінде және мешіттерде оқылды. Бұның астында барлық атақты имамдардың қолдары тұрды. Соғыс мұсылмандар үшін ұлы, діни соғыс секілденіп, джихадқа айналды. Ташкенттегі 1943 жылғы митинг қатысушылары да өткірлік танытты.

Мүфтий Зияутдин Ишан Бабаханов халыққа «ғазауат», Ислам үшін фашистерге қарсы соғыс, жариялау үшін сөз сөйледі :

«Құрметті сарбаз ұлдарым! Гитлер біздерді, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан, Қазақстан халықтарын, жарты адам, «төменгі нәсіл», адам атануға лайықсыздар деп атады. Варварлардың ақымақ бастарына мықты соққыларымен түркмен, өзбек, қазақ, қырғыз, тәжіктердің кім екенін құйыңдар. Соққыларың күшті болған сайын, халықтарыңның аттарын тез жаттайды! Сарбаз ұлдаp! Сарбаз бауырлар, еркектер! Сендердің бұл жолғы ұлы күрестерің бұл — кеңес Отанымыздың азаттығы үшін ғазауат, және бұл ғазауаттың байрағында қасиетті “Намыс, азаттық, кек” сөздері жазылған». (Сөз соңы)

Фашистер идеологтарының барлық тырысуларына қарамастан, мұсылман халықтары дұшпанның сөзіне ермеді. Оған қоса, мұсылман батырлары батыл күресіп, неміс басқыншыларына ауыр соққы берді.

Сондықтан, өз дінін, Отанын және отбасын фашистерден қорғаған мұсылман бауырларымыз үшін дұға етейік. Алла Тағала олардың күнәларын кешіріп, Жаннатпен қуандырсын деп тілейік. Аллаһуммә әмин.

Ендігі кезекте «георгий лентасы» жайында сөз қозғамақпыз.

Бұл лентаның аты қайдан шыққан?

Қасиетті азапкер (ор. мученик), Георгий, 284-305 жылдары рим императоры Диоклетиан кезінде өмір сүрді. Ол христиан дінін ұстанған бай отбасының баласы еді (calend.ru).

Орыс православ шіркеуі 2 Мамыр күні қасиетті азапкер Георгий мейрамын тойлайды.

1769 жылы 26 Қараша айында имп. Екатерина II соғыста батылдық танытқандарға Георгий орденін тағайындайды (Wikipedia.org). Сыйға сарғыш-қара «георгий» лентасы берілетін болды. Георгий кресті христиандардың соғыс жетістіктері үшін арнайы берілетін христиан әскерінің жебеушісі болып келеді. Сонымен қатар, георгий лентасы Екінші дүниежүзілік соғыстағы орыс халқы жеңісінің нышанына айналды. Біздің оған еліктеуімізге болмайды.

Алла Елшісінен (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) мағынасы анық хадис жеткізілген еді:

 «Кім де кім басқа халыққа еліктесе, солардан болады» (Әбу Дәуіт, 4031).

Бұл хадис мағынасы жоғарыда түсіндіріліп кетті және ол Жеңіс күніне емес, «Георгий лентасына» қатысты қолданылады.

Сонымен, «Георгий лентасы» әу бастан-ақ христиан дінімен және олардың мұсылмандарға қарсы соғысымен байланысты болғандықтан, бізге «әулие» Георгийдің есімін алған лентаны тағуға, дәріптеуге болмайды.

Ескерту

[1] «Отанды сүю — иманнан» хадисі Мулла Али Қаридің «әл-Асрарул Марфуға» еңбегінде кездеседі.

Бұл еңбекте тоқыма хадистерді жинаған шейх Али Қари былай дейді: «Бұл хадистің негізі жоқ немесе оның тоқыма екені айтылып жатыр».

Оған қоса, шейх Отанға деген махаббат мұсылмандарға ғана тән қасиет емес дейді. Өйткені, мұсылмандардың Отанға махаббаты иманнан, ал басқаларында олай емес деген қате болады. Оған қоса, хадистегі отан сөзі Мекке немесе жұмаққа қатысты айтылуы мүмкін дейді. («әл-Асрарул Марфуға», 189-191, хадис № 164)

Бұл жайында әс-Сығани, әс-Сахауи, әс-Суюты, әз-Заркани сынды ғалымдар да айтты.

Бірақ, «Ислам жеріне махаббат — иманнан» деу хадис тұрғысынан емес, тек мағына жағынан ақиқатқа жақынырақ. Сондықтан, бұл сөздерді Алла Елшісінің (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) хадисі ретінде келтіруге болмайды.

Ал, Алла жақсырақ білуші.

Дереккөз:  Ислам | Ханафитский Мазхаб ✔


P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Hanafi.kz сайтына тиесілі.

Hanafi.kz сайтында жарияланған кез келген ақпараттарды көшіріп алып, өзге желілерге таратушылардан және басқа сайттарға жариялаушылардан міндетті түрде Hanafi.kz сайтына сілтеме қоюларыңызды сұраймыз.

Нурлыбек СабыргалиевНурлыбек Сабыргалиев
9 жыл бұрын 6828
2 пікір
Блог туралы