ӘЙЕЛ АДАМҒА НИКАБ ТАҒУДЫҢ ШАРИҒАТТАҒЫ ҮКІМІ ҚАНДАЙ?
ӘЙЕЛ АДАМҒА НИКАБ ТАҒУДЫҢ ШАРИҒАТТАҒЫ ҮКІМІ ҚАНДАЙ?

Әйел адамға никаб тағудың шариғаттағы үкімі қандай?

Рамазан айы! Үшінші күн. Ауызашар уақыты. Үйге келдім. Үйде қарындасым дәмді тағамдар әзірлеп күтіп отыр. Ауызашар уақытында дастарханда әңгімеден әңгіме туындап, әйел адамның ниқаб тағуының шариғаттағы үкімі туралы оған түсіндіріп айттым. Себебі, оның досы Әсия никаб тағады екен. Әлбетте, күйеуінің бұйрығы бойынша. Қарындасым Айгүлдің айтуы бойынша, Әсияға бәрі шошынып, тесіле қарауы ұнамауы себепті, никаб тағуға алғашқыда қатты жүрексінген. Тіпті, ұнатпайды да. Жолдасының бұйрығы деп көніп жүр. Бірақ, шариғаттағы никабтың үкімі туралы біліп беруімді өтініпті қарындасымнан. Сонымен, тақырыпты басымнан өткен мына оқиғамен бастадым.

- Медреседе жүрміз. Ақида сабағын Сансызбай ұстаз өткізіп болған соң, арада үзіліс кезі келді. Бірінші курсқа жаңадан қабылданған бір бауырым «әйел адамның никаб тағуы» туралы сұрақ қойды. Жауап былай болды», - дедім.

Қарындасым мені мұқият тыңдап отыр.

- Никаб дегеніміз - адамның бетін жабатын шүбірек. Хиджаб пен никабтың арасындағы айырмашылық, хиджаб әйел адамның беті мен алақанын және табынынан өзге жерлерін жапса, никаб әйелдің бетін жауып тұрады. Ханафи мәзһабыңда имам Маусулидің «Ихтияр» деген кітабында мынандай ибара келген, - деп сөзімді жалғастырдым. - Егер шаһуат қозуынан корықпаса, әйел адамның беті мен екі алақанына қарауға болады. Өйткені, басқа адамдармен мәміле қылған уақытта оны тануың үшін, алыс-беріс қылған уақытта оның затын алу үшін әйел адам осы екі мүшеге мұқтаж болады. Әбу Ханифа, Мәзәни, Сәури (р.х.һум) деген ғалымдар бұған екі қадамды да қосты. Әйел кісі жүріп-тұруы үшін аяқтың ашық жүруіне мұқтаж, жүргенде көрінеді және аяққа (қадамға) қарау бет пен екі алақанға қарағанда шаһуатты аз деңгейде келтіреді. Әрі, кедей әйелге де аяғын жабатын киім табу қиындыққа соғуы бек мүмкін. Себебі, кедейліктің де өз дәрежелері бар. Бір риуаятта қадам мүлдем әурет емес делінсе, бір риуаятта намазда ғана әурет, бірақ қалған уақытта әурет емес делінген.

- Ал ол жігіт өзге мәзһабтарда бұл мәселеде не айтылғанын сүрады ма, аға?

- Иә, әлбетте. Мен былай жауап бердім: «МӘЛИКИ мәзһабында Дирдидің (р.х.м.) «Шархус соғир» атты кітабында әйел адамға беті мен екі алақанынан өзге мүшелері бөтен ерге әурет делінген. Совийдің «Хашиясында» ол екі мүшеге шаһуатсыз қарау рұқсат, керісінше жағдайда харам делінген. Енді сол себептен, әйел адамға беті-қолын жабу уәжіп пе деп сұралса, мәзһабтағы мәшһур көзқарас бойынша керісінше ер адамға көзін басу уәжіп делінген. ШӘФИҒИ мәзһабында Ширози деген ғалым «Муһзиб» деген кіабында айтылғандай әйел адамның жүзі мен алақанынан өзге жерлері әурет делінген.  Пайғамбарымыздан (с.а.с.) «Сахих Бухариде» ибн Омардан жеткен риуаятта: «Ихрамдағы әйел бет жаппайды да, қолғап кимейді де», - деген. Егер бетті ашу харам болғанда одан қайтарар еді. ХАНБАЛИ мәзһабында ибн Қудама әл-Мақдиси «Муғни» атты кітабында: «Әйел адамның намазда бетін ашық қалдыруына еш талас жоқ мәзһабымызда. Ал алақанға екі риуаят бар. Ал егер әйел орамалсыз намаз оқып қойса, оған қайтадан намаз оқуы - уәжіп», - деген. Шафиғи, Мәлики, Әузәғи деген ғадымдар жүз бен алақанның әурет емесін айтты.  Осындай бір риуаят имам Ахмадтан да жеткен. Екінші бір риуаятта жүзінен басқа жері толығымен әурет делінген.

- Ма ша Аллаһ. Аға, шәй іше отырыңыз. Тамақ алыңыз. Сүйікті тағамыңызды пісірдім.

- Рахмет, жаным. Оразамыз қабыл болсын!

- Әмин. Баршамыздың да. Ал, айтпақшы, ол жігітке сосын никаб туралы тағы не айттыңыз?

- Ол, никаб туралы тағы не айтылған шариғатта? - деп сұрады. Мен:

- Никаб тағудың үкімі харам емес. Кейінгі ғалымдар никабтың уәжіп, мубах, жәйздығында (рұқсат екеніне) тартысты. Мұсылман әйелге бетін жауып жүргеннен ашып жүруінің дәлелі күштірек. Бетті жауып жүру уәжіп (міндет) емес дегенді Мысыр еліндегі «әл Әзһар» университетінің ғалымдары, Тунистағы «Зайтун» университеті ғалымдары және Насруддин Албани өзінің «Мұсылман әйелдің Құран және сүннеттегі хаджабы» деген кітабында айтқан.  Бетті жабу уәжіп дегенді Саудияның ғалымы ибну Баз, Пәкістандағы Әбу Әълә Маудуди өзінің «Хиджаб» атты кітабында  және Сириялық ғалым, Шафиғи мәзһабын ұстанушы Рамадан әл Бутый өзінің «Барлық Аллаға иман келтірген қыздарға» атты рисалясында айтқан.

Бетті және алақанды ашып жүру рұқсат дейтіндердің  дәлелдері қуатты әрі көп. Мысалы:

- Аят-хадистеге назар аударсақ, ерлерге әйелдерге де бұйырғанындай көздерін төмен салуға бұйырған. Егер барлық әйелге никаб тағу уәжіп болса, ерлерге көзді басуға Аллаһ бұйырмаған болар еді. Себебі, әйелдің еш жері көрінбесе көзді басудың не қажеті бар?!

Аллаһ Тағала өз Пайғамбарына (с.а.с): «Саған бұдан кейін әйелдер өз сұлулықтарымен қызықтырса да халал емес», - деген (Ахзап, 52-аят).  Әйел адамның сұлулығын білу бетіне қараумен белгілі болады. Егер, беті жабық болса қалайша оның сұлулығын көре аламыз? Әлбетте, жүздері ашық болса ғана.

Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Егер сендерден біреулерің бір әйелді көрсе, сұлулықтары ғажаптандырса» деген хадисі ол уақытта әйелдердің беттері ашық болғандығына дәлел.  Қоштасу қажылығында Пайғамбарымыз (с.а.с.) бен Фазл ибн Аббас аттың үстінде отырғанда Хусамилық бір әйел келеді. Оған Фазл ибн Аббас сұлулығы себепті тесіліп қарайды. Сол кезде Аллаһ Елшісі (с.а.с.) оның жүзін басқа жаққа бұрғызған. Бұл хадис Нәсәиде және Тирмизиде келген. Егер никаб кию уәжі болғанда Аллаһ Елшісі (с.а.с.) өзінің Қоштасу қажылығы себепті әйелге жүзін жабуды міндетті түрде бұйырар еді.

Имам Әбу Дәуд Қайс ибн Шәмәс деген кісіден келтірген хадисінде,Умму Холад деген бір әйел Аллаһ Елшісіне (с.а.с.) өзінің өлтірілген ұлының хәлі туралы сұрау үшін келгенін айтады. Сонда сахабалардың кейбірі: « Балаң жайындағы мәселенің шешімін білу үшін бетіңді жапқан күйде келдің бе?» - дейді. Сонда әлгі әйел: « Ұлым жағынан қайғы жетсе де, ұятым жағынан қайғы жеткен жоқ», - деп жауап береді. «Усулул фикһ» ережесіне салсақ, үкім әйел адамның жауабына қарай емес, сахабалардың сөзіне қарай   беріледі.  Сахабалар таңғалып сұрап отыр. Егер никаб тағу уәжіп болғанда бұл сұрақ та, жауап та болмас еді. Мұсылман адамнан «намаз неге оқисын, зекет неге бермейсің?» - деп сұралмайды.  Себебі, негізі бар нәрсенің илләсі (себебі) сұралмайды. Ал, әйелдің жауабына келсек, ол өзінің субъективті пікірі. Әр адамның жағдайы әр түрлі. Уайым-қайғыдан әбден қуарып, солған жүзін көрсетуден ұялған шығар.

Ғұламалар қазының алдында бір куәлікке өтіп жатқан әйелдің де беті ашық болуы керек  екендігін тілге тиек еткен.

Фақиһтар бір нәрсені парыз не харам деп айту үшін кесімді дәлел керек деген. Сол себептен саляф ғұламалары бір нәрсенің үкіміне ашық, анық дәлел білмесе, фатуа айтуда сақтанар еді.

Пәтуа заман, мекенге, әдет-ғұрыпқа қарай өзгереді. Никаб мәселесі де қауымның салт-дәстүріне қарай әр түрлі. Егер қоғам Ханбали мәзһабын ұстанса, онда әйелге бетін жауып жүру рұқсат. Ал, ханафи мәзһабында жүзді жабудан көрі, ашып жүру әдетке айналған. Мысалы, бір жігіт әйелінің бетін жауып, хиджабын қара етіп кигізіп қойса, жұрттың барлығы дерлік ол әйелге назарларын салады. Ол ісі арқылы әйелдің жолдасы мына жағдайлардың орын алуына себепкер болады:

- Әйеліне еркектердің тесіліп қарауына;

- Ол туралы жаман ой ойлауына;

- Ханафи мәзһабын ұстанатын елдің арасына өзге мәзһаб дәстүрін алып келгені үшін елдің наразысына ұшырауға;

- Діннен халықты шошытуына;

- Діннен болмаған нәрсені халықтың діннен деп ойлап қалуына және т.б.

Ал, қазір, хиджабын әр-түрлі эстетикаға сай, көлемін шариғатқа туралап киіп, жүзін жаппай жүрген қыздарымызға халық жаман көзбен қарамайды. Үйреншікті жағдай болғаны қашан?! «Бүлік тудыру- адам өлтіруден де ауыр күнә»,-деп мен сөзімді аяқтадым. Қоңырау да ішке соғылды.

- Ал, ол бала жауапқа не деп айтты. Түсінді ме?

- Иә, түсінді. Енді, сен де өз құрбыңа түсіндір.

- Иә, ол жағынан алаңдамаңыз. Сөздеріңізді үнтаспаға (диктофон) жазып алдым,-деді қарындасым күлімдеп.

Мен де күлімдедім. Кейін, тарауих намазына мешітке қарай асықтым! 

Әңгіме авторы:

Сабырғалиев Нұрлыбек

Нурлыбек СабыргалиевНурлыбек Сабыргалиев
1 год назад 2039
0 комментариев