Тарауихты 8 ракағат деушілердің сүйенетін дәлелдері өте әлсіз (1-бөлім)
Тарауихты 8 ракағат деушілердің сүйенетін дәлелдері өте әлсіз (1-бөлім)

Муфти Джамиль Ахмад Назиридің «Намаз посланника (с.а.с.) Аллаһа» деген кітабынан тақырыпты  орысшадан қазақшаға аударған: Сабырғалиев Нұрлыбек

Тарауих намазы

1-бөлім

(Тарауихты 8 ракағат деушілердің сүйенетін дәлелдері өте әлсіз)

1.1.      Тарауих дегеніміз не?

Тарауих деген сөз «таруиха» деген сөздің көпше түрі.  Таруиха – бұл аз ғана уақыта отырып демалу. Себебі, төрт ракағаттан соң  отырып дұға жасалады. Осының себебімен адам демалып алады. Сол себептен төрт ракағатты тарауихты бір таруиха деп атаған, ал толық тарауих 5 таруихадан тұрады. Осы үшін де оның барлық ракағат санына тарауих делінеді.

ТАРАУИХ – РАМАЗАН АЙЫНДА ҚҰПТАННАН КЕЙІН ОҚЫЛАТЫН НАМАЗ.

Сахих Бухариға шарх ретінде жазылған «Фәтхуль Бәри» атты еңбектің авторы, атақты «мүміндердің әміршісі», мухаддис Ибну Хаджар Асқалани (р.х.м.): «Рамазан айының түнінде жамағатпен оқылатын намазды тарауих деп атаймыз»,- деген. [«Фәтхуль Бәри фии шарх Сахих әл Бухари» 4/250]

Атақты сәләф ғалымы  Хафиз Абдуллаһ (р.х.м.): «Тарауих намазы – құптаннан соң оқылатын түнгі намаз»,-деген. [«Зәмимә ракағат ат-тарауих»]

Міне, осы себептен де хадис кітаптарынан белгілі болғандай тарауих намазын «қыямуль рамадан» деп, ал таһажуд намазын «қыямуль ләйл» деп атайды. [Қосымша қараңыз: «Шарх Сахихул Бухари лиль Қасталәни» 3/483]

1.2.Тарауих намазын оқығандарға берілетін сауаптар

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Аллаһ Елшісі (с.а.с.) рамазан айында түнгі нәпіл намаздарды оқуға шақырды. Бірақ қатты бұйырмады. Тек қана: «Кім иманмен және сауапқа деген үмітпен рамазанды түнгі намазбен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі»,- деп жігерлендіруші еді. Одан кейін Аллаһ Елшісі (с.а.с.) бұл дүниемен қоштасып, бәрі өзгеріссіз сол қалпында қалды. Әбу Бәкірдің халифалығы тұсында және Омардың халифалығының алғашқы кезеңінде (р.х.һум) де  дәл осы қалпында жалғасын тапты». [Бухари 37, Муслим 1/259,  Әбу Дәуд 1/210]

Бұл хадистен тарауих намазына берілетін сауаптан бөлек төмендегі жағдайлар белгілі болды:

-          Аллаһ Елшісі (с.а.с.) «қыямуль рамаданға» шақырды, яғни тарауих намазын оқуға, бірақ міндеттемеді және ракағат санын белгілемеді. Керісінше, бұл әркімнің өз қалауындағы іс болатын. Қанша ракағат қып оқығысы келсе де өздері біледі. Аз болсын, көп болсын. Тіпті, мүлдем оқымаса да.

-          Дәл осылай Әбу Бәкірдің халифалығында  және Омардың (р.х.һум)  халифалығының алғашқы уақыттарында жалғасын тапты. ОСЫ ЕКІ ПУНКТТІ КЕҢІРЕК ТАЛҚЫЛАЙЫҚ.

 

2.1. Аллаһ Елшісінің (с.а.с.) тарауих намазы

Уруа ибн Зубайр (р.а.) Айша анамыздан (р.а.): «Бір күні Аллаһ Елшісі (с.а.с.) үйінен шықты да, мешітте намаз оқыды. Адамдар да Оған (с.а.с.) ұйып дәл сол намазды оқыды. Таң атқаннан бастап намазға қатысқандардың барлығы сол туралы әңгмеледі де, келесі күні одан да көп кісі жиналды. Ол (с.а.с)  намаз оқыды. Барлығы да Олмен (с.а.с.) қосылып намаз оқыды. Таң атқан соң аталмыш намазға қатысқан кісілер тарауих намазы туралы әңгімелеп, үшінші түні одан да көп кісі жиналды. Аллаһ Елшісі (с.а.с.) шықты да, намаз оқыды. Олар да қосылып бірге оқыды. Ал төртінші күні келген адамдар мешітке симай кетті. Алайда Аллаһ Елшісі (с.а.с.) тек таң намазына бір-ақ шықты. Таң намазын оқып болған соң, жамағатқа бұрылып қарап, Аллаға сансыз мақтаулар айтып: « Түнде келгендеріңді білдім. Алайда ол намаздың сендерге парыз болып, кейін сіздер оны атқара алмай қаласыздар ма деп  қорықтым»,-деді. Кейін Аллаһ Елшісі (с.а.с.) дүниеден өтті де, бәрі сол қалпында қалды» [Бухари 2012]

            Осы Айша анамыздан (р.а.) жеткен хадисте бұл намаз тек үш күн оқылғаны қуатталады. Бірақ, рамазан айының қай күндері болғаны белгісіз және бұл қатарынан үш күн бойы оқылды ма, әлде араға күндер салынды ма?  Әбу Зардың (р.а.) хадисінен бұл сұраққа жауап таба аламыз.

Джубейр ибн Нәфирден (р.х.м.) жеткен риуаятта, Әбу Зәрр әл –Ғифари (р.а.): «Рамазанда біз Аллаһ Елшісімен (с.а.с.) бірге ораза тұттық. Рамазан айының аяқталуына жеті күн қалғанға дейін Ол (с.а.с.) бізбен намаз өткізбеді. Ол (с.а.с.) түннің үштен бір уақыты жеткеннен кейін бізбен намаз оқыды. (Яғни 23-түн). Ал 6 күн қалғанда (24-түні) Ол (с.а.с) бізбен бірге намаз оқымады. Бес күн қалған кезде Ол (с.а.с.) бізбен бірге түн аяқталуға жақын қалғанға дейін оқыды. Кейін мен айттым: «Уа, Аллаһ Елшісі (с.а.с.)! Бұл түндерде намазға тұруды бізге нәпіл етсеңіз»,-дедім.  Сонда Ол (с.а.с.): « Егер де біреу түнгі намазды имаммен бірге оқып, кейін үйіне оралса, ол түні бойы намаз оқығандай болады»,-деді. Рамазан айының аяқталуына төрт күн қалғанда Ол (с.а.с.) бізбен намазға шықпады. Ал үш күн қалған кезде Ол (с.а.с.) барлық үй ішін, әйелдерін және барлық кісілерді жинап, намаз оқыды. Ол намаздың ұзақ болғаны сонша, біз тіпті «фаляхты» өткізіп алудан қорықтық. Джубейр ибн Нәфир Әбу Зәрдан (р.а.) «фәләхтың» не екенін сұрағанын айтады. Сонда Әбу Зәр: «Сухур. (Яғни сәресі) Кейін қалған күндері Аллаһ Елшісі (с.а.с.) намазға шықпады»,-деп жауап бергенін айтады» [Әбу Дәуд 1/211, Тирмизи 1/99. Ибну Мәджәһ 95-бет, Нәсәи 1/238]

            Зәйд ибн Сәбиттің хадисінен төртінші күн туралы мынандай қосымша дерек бар: « Төртінші күні Сахабалар (р.аһум) Аллаһ Елшісінің (с.а.с.) дауысын естімеді. Кейін, Оның (с.а.с.) ұйықтап жатқанын біліп, Оны (с.а.с.) ояту үшін жөтеле бастады. Аллаһ Елшісі (с.а.с) таң уақытында келіп: « Мен келгендеріңді білдім.  Бірақ мен бұл намаздың сендерге парыз болып кетуінен қорықтым. Егер ол сіздерге парыз болып кетсе, оны орындай алмауларың мүмкін» [ Нәсәи  1/237]

Осы хадистерден Аллаһ Елшісінің (с.а.с.) жамағатпен тарауихты тек үш күн ғана оқығаны белгілі болыр отыр. Бірақ, неше ракағат оқығаны белгісіз. Сегіз бе, он ба? Ал, ақиқатында оның екеуіне де (сегізге де, онға да) хадистер бар. Сол себептен, хадисті түсіндіруші ғалымдар мен зерттеушілер Аллаһ Елшісінің (с.а.с.) бұл сөздері мен іс-тәжірибесінен ешқандай ракағат санына нақты дәлелдер жоқ екенін айтады.

2.2.Тарауих намазының ракағат саны

 

І) 8 РАКАҒАТТЫҚ ТАРАУИХ

      Тарауих намазын 8 ракағат деушілер Айша анамыздың (р.а.) мына хадисін дәлел ретінде келтіреді.

1-дәлел:

      Әбу Саляма ибн Абдуррахман (р.х.м.) Айша анамыздан (р.а.): «Рамазан айы уақытындағы Аллаһ Елшісінің (с.а.с) намазы қандай болды?»,-деп сұрағанда, Айша анамыз (р.а.): « Рамазан айында да, рамазаннан басқа айларда да болсын, Аллаһ Елшісі түнгі намазын 11 ракағаттан асырмады.  Әуелі 4 ракағат оқитын.  Оның ұзақтығы мен әдемілігін айтып жеткізу қиын. Кейін тағы 4 ракағат оқитын. Оның да ұзақтығы мен әдемілігін айтып жеткізу қиын. Сосын 3 ракағат оқитын»,-деп жауап берді» [Бухари 1/154, Муслим 1/254]

      Бұл хадис тарауих намазы 8 ракағат екеніне дәлел емес. Себебі:

  1. Бұл хадисте Аллаһ Елшісі (с.а.с.) рамазанда да, рамазаннан өзге айларда да тек 8

ракағат оқитын. Онда қалайша тарауих тек рамазанда ғана оқылып, өзге айларда оқылмайды?!

2) Бұл хадисте 4 ракағат бір сәлеммен оқылады делінген. Ал 8 ракағат қып оқитындар екі ракағаттан соң сәлем береді.

3) Бұл хадисте 11 ракағатты Аллаһ Елшісі (с.а.с.) жалғыз оқығаны айтылады.Ал тарауих намазы жамағатпен оқылады.

4) Бұл хадис таһажуд намазына қатысты, тарауихқа емес. Себебі, таһажуд рамазанда да, рамазаннан өзге айларда да оқыла береді.

5) Тіпті бұл хадис таһажуд намазына байланысты деп қабылдап, оның рамазанда тарауих, ал өзге айларда таһажуд болуын дәлелге алып көрейік. Сонда да, бұл таһажуд намазы 8 ракағат болып оқылып және оны өзгермейтін бекітілген сүннет деу де қате. Себебі, таһажуд намазы 4, 6, 8, 10 ракағат қып оқылатына дәлелдер жетерлік. Оны төменде кейін кеңірек түсіндіреміз.

6) Осы хадистен 8 ракағат қып тарауих оқу керек дейтіндер өздерінің келтірген дәлелдеріне өздері қарсы шығуда. Бұл хадисте 4 ракағаттан оқылу үлгісі айтылуда, ал олар 2 ракағат қып оқып жүр.  Хадисте 3 ракағат үтір намазы туралы айтылуда. Бірақ, олар 8 ракағат тарауихын оқып, кейін үтірді 1 ракағат қып оқып, үйлеріне кетеді. Сонда олар 9 ракағат оқиды деген сөз. Тіпті үтірді 3 ракағат қып оқығанның өзінде де, екі ракағаттан соң сәлем беріп, кейін бөлек 1 ракағат оқиды.

7) Бұл хадисте рамазанда да, басқа айларда да үтір намазы тек үш ракағат қып оқылуы айтылуда. Яғни, жыл бойына тек 3 ракағат. 1 емес, 5 емес, 7 емес. Бірақ, тарауих 8 ракағаттан тұрады деушілер үтірді 3 ракағат қып оқудан гөрі, 1 ракағат қып оқуды жөн көреді. 8) Ендеше, бұл хадисті дәлелге қалайша келтіруге болады?!

8) Хадисті түсіндіруші мухаддис  ғалымдардың пікірінше бұл хадис «қыяму рамаданға», яғни тарауихқа емес, «қыямуль ләйлге», яғни таһажудке жатады. Себебі, олар бұл хадисті таһажуд намазы тарауына «қыяму рамаданмен» бірге тақырып ретінде келтіреді.Мысалы, имам Муслим (Муслим  1/254), имам Әбу Дауд (1/196), имам Тирмизи (1/58), имам Нәсәи (1/154), имам ибн Хузайма («Сахих Ибн Хузайма» (2/192), имам Мәлік («Муатта имам Мәлік» (42-бет) т.б. мухаддистер бұл хадисті таһажуд намазының тарауына келтіреді, тарауих емес. Имам Мухаммад ибн Марози (р.х.м.) өзінің белгілі «Қыямуль Ләйл» атты еңбегінде де өзінің бір тарауын «Қыяму рамадан» деп атаған  және тарауихтың ракағат саны туралы айтудың орнына, басқа хадистерді келтіреді. Бірақ Айша анамыздан (р.а.) жеткен бұл хадисті келтірмейді («Қыямуль Ләйл» 91-92-беттер). Оның да пікірі бойынша бұл хадистің тарауихқа еш қатысы жоқ.  Имам Ибну Қоиим әл Джәузи де (р.х.м.)  өзінің «Зәд әл  мәғәд» атты кітабында (1/86) бұл хадисті «Қыямуль ләйл» тарауында келтіреді, «Қыяму рамаданға» емес. Сонымен бірге, Бухаридың «Сахихына» шарх жазушы имам, мухаддис Хафиз ибну Хаджар Асқалани (р.х.м.) да бұл хадистің тарауих намазына еш қатысы жоғын мойындайды және 11 ракағаттың хикметін келтіріп жазады. Яғни, күндізгі 11 ракаттық намазбен (4 ракағат бесін, 4 ракағат аср, 3 ракағат ақшам) түнгі 11 ракағаттық намазды салыстырып, екеуінің ұқсастығын айтады. Ол туралы имам Хафиз Ибну Хаджар: «11 ракағаттан асырмау туралы келген бұл хадистен түсінген хикметім, таһажуд пен үтір арнайы түнгі уақытқа қатысты. Ал екінші бір жағынан күндізгі намаздар да бар. Оған 4 ракағат бесін, 4 ракағат аср, және күндіздің үтірі саналатын 3 ракағаттық ақшам намазы жатады. (Барлығы – 11 ракағат). Сол себептен, дұрысында түнгі намаз өзінің ракағаттар саны бойынша күндізгі намаздар секілді болуы тиіс»,-деген.  [«Фәтхул Бәри» 3/21]

9.      Имам Ғазали (р.х.м.) жазады: «Аллаһ Елшісі (с.а.с.) үтір намазын 1, 3, 5, 7, 10 және 11 қылып оқыған. Ал 13 ракағат туралы айтылған хадис сенімсіз. Басқа «шәз» (әлсіз хадистің бір түрі) хадисте 17 ракағат туралы айтылған. Мен үтір деп атаған ракағаттар түнгі таһажуд болып есептеледі. Тарауих емес»[«Ихия-у улумуддин» 1/202]

Имам Ғазалидың да пікірі бойынша бұл хадис таһажудқа кіреді, тарауихқа емес.

10.  Бұл хадис тарауих намазының ракағатын бекітуде ешқандай дәлел ретінде жүрмейді. Көптеген мухадиистердің пікірінше ол тарауихқа дәлел болатын хадис емес және ол хадисті кейбір имамдар «мудтариб» (Әлсіз хадис түрі) деп атаған. Мысалы, «Сахих Бухариға» 25 томдық шарх жазған ханафи мәзһабының ғалымы имам Бадруддин әл Ғайни мен Хафиз ибну Хаджар атақты мәлики мәзһабының тәфсірші ғалымы имам Қуртубидің (р.х.м.) былай дегенін келтіреді: «Көптеген ғалымдардың көзқарасында Айша анамыздан келген бұл хадис шатасқан. Тіпті, кейбірі бұл хадисті «мудтариб» деген» [« Умдотул Қори фии шарх Сахихуль Бухари» 7/187, «Фәтхуль Бәри фии Шарх Сахихуль Бухари» 3/21]

            Не айтсақ та, олардың келтірген бұл  дәлелдерінен тарауих 8 ракағат деген қорытынды шықпайды. Әрине, осыдан бөлек 8 ракағат туралы үш дәлел бар. Бірақ, олар өте әлсіз және оларды дәлел ретінде келтіруге болмайды. (Ол үш хадисті түсіну үшін қарап көрейік.)

2-дәлел:

Джәбир ибн Абдуллаһтан (р.а.): «Аллаһ Елшісі (с.а.с.) рамазанда бізбен бірге 8 ракағат және үтірді оқыды» [«Сахих ибну Хузайма», «Сахих ибн Хиббан», «Қыямуль Ләйл», «Муъжәмус Сағир»]

Бұл жерде көңіл аударар нәрсе, Аллаһ Елшісінің (с.а.с.) бір күн ғана намаз оқытуы. Ал негізі біз жоғарыда келтіргендей тарауих жамағатпен 3 күн оқылды.  Бұл хадистің жалғасында 1 күн ғана оқығаны дәлелдене түседі.

«Келесі түн болғанда біз мешітте Аллаһ Елшісі (с.а.с.) шығып, бізбен намаз оқитын шығар деп үміттеніп жиналдық. Сол себептен біз мешітте таңға дейін болдық. Біз таңертен Аллаһ Елшісінен (с.а.с.): « Уа Расулуллаһ. Біз сізді үйден шығып бізбен бірге намаз оқитын шығар деп үміттендік..?»,- деп сұрадық. Сонда Ол (с.а.с.): «Мен үтір намазы  сіздерге парыз болып кете ме деп қорықтым»,-деді» [«Сахих ибн Хузайма»2/138]

 «Мизанул Иътидәл» атты кітапта (Имам Зәһәбидің еңбегі. Аудармашы: С.Н.) оның бір түн ғана оқылғаны анық айтылады. Сол себептен үш түннің қайсысы екені білгісіз. Тіпті, имам Хафиз ибну Хаджар да осы хадистің үш түннің қайсысы деп түсінеміз деп күмәнға  түскен. [«Фәтхуль Бәри» 3/12]

(Көріп отырғаныңыздай, олардың екінші дәлелдері мағына жағынан әлсіз. Енді тізбек, яғни иснад жағын талқылайық. Аудармашыдан)

Ең бастысы, үш рауи (жеткзуші) бұл хадистің тізбегінде әлсіз және даттауға тұрарлық. Бұл хадистің  төменде екі тізбекпен жеткеніне көңіл бөліңіз:

1)      Исхақ, ол Әбу Рабиътен, ол Яъкуб Кумидан, ол Иса ибн Джәриядан, ол Джабир ибн Абдуллаһтан (р.а.);

2)      Мухаммад ибн Хамид Рази, ол  Яъкуб Кумиден, ол Иса ибн Джәриядан, ол Джәбир ибн Абдуллаһтан;

Бұл екі тізбекті осы хадис келтірілген   әр жерден таба аласыз. Мейлі, «Сахих ибну Хузаймада» болсын, «Қыямуль Ләйлде» болсын және т.б. кітаптарда болсын.

Ең біріншісі сол, екі тізбекті де қарасақ: бұл хадисте Джабир ибн Абдуллаһтан хадис жеткізуші атанғысы келген адам, ол – Иса ибн Джария. Ол туралы «Сахих ибну Хузайманың» сілтемесінде былай делінген: «Иса ибн Джарияда сенімсіздік бар» [«Сахих ибну Хузайма» 2/138]

Егер Иса ибн Джария «әлсіз» болса, онда бұл екі тізбек толығымен әлсіз болады. Себебі, екі тізбек те Иса ибн Джарияға байланысты.

Бұл тек имам Хузайманың кітабына шарх жазушының ғана пікірі. Енді, өзге имамдар Иса ибн Джария туралы не деді екен?

Яхья Ибн Муъин (р.х.м): «Ол күшті емес.Ол кісіде өте көп қайтарылған хадистер жеткен»,-деген. Имам Нәсәи  мен имам Әбу Дауд (р.х.м.): «Ол қайтарылған хадистер жеткізуші». Имам Нәсәи (р.х.м.): «Ол тәрк етілген адам. Оның хадистері қабылданбайды».  Сәджи мен Ъақиль (р.х.м): «Ол әлсіздер қатарында». Ибн Ъади: «Оның хадистері қорғалмаған» (Яғни не шәзз, не мункар,),-деген. [Қараңыз: «Мизәнуль Иътидәл» 2/311, «Тәһзиб әт-Тәһзиб» 8/207]

Жеті имам оны осылай сынады. Және олар ғана  емес, тіпті имам ибну Хаджар Асқалани (р.х.м.) да өзінің «Тәһзиб әт Таһзиб» (8/207) атты еңбегінде оны «әлсіз» деген. Имам Зәһәби (р.х.м.) де оны өзінің «Мизәнуль Иътидәл» (2/311) атты еңбегінде «мункар» хадистерге тоқталғанда, дәл осы хадисті келтірген.

 Мәуләнә Абдуррахман әл Мубаракфури (р.х.м.)  Имам Сахавидің сөзін сілтеме ретінде келтіре отырып: « Мункар» хадис дегеніміз – ол сондай бір адамның сипаты,  сол себептен оның хадистері қайтарылуы міндет»,-деген. [«Әкбар әл Маннан» 191-бет]

Міне, бірінші рауи Иса ибн Джария осындай адам. Одан кейін екі тізбекте де Яъкуб Кумиді көруге болады. Ол туралы имам Дарақутни (р.х.м.): «Ол күшті емес»,-деген. [«Мизәнуль Иътидәл» 3/324]

Үшінші адам – Мухаммад ибн Хамид Рази. Ол туралы имам Зәһәби (р.х.м.): « Ол әлсіз»,-деген. Яъкуб Ибн Шәйбә (р.х.м.): « Ол көптеген қайтарылған хадистерді жеткізеді»,-деген. Имам Бухари (р.х.м.): «Ол адамды әлі де қарау керек»,-деген. Әбу Зуръа (р.х.м.): « Ол- өтірікші»,-деген. Исхақ Қосбух (р.х.м.): « Оның өтірікші екеніне куәлік етемін»,-деген. Салих ибн Джазра (р.х.м.): «Ол кез-келген жағдайда да хадис айта беретін. Тіпті Алланың алдында батырсынған одан өзге адамды көрген емеспін.Ол хадистерді ауыстыра беретін»,-деген.  Ибн Хараш (р.х.м.): «Уаллаһи. Ол өтірікші»,-деген. Имам Нәсәи (р.х.м.): «Оған сенуге болмайды»,-деген.

Имам ибну Хаджар өзінің «Булуғ әл Маром» атты еңбегінде осы хадисті келтіреді. Бірақ ол хадисте тіптен ракағат саны мүлдем айтылмаған. Ол хадистегі екінші бір түсініксіз нәрсе бар. Хадис былай: «Келесі түн болғанда біз мешітте Аллаһ Елшісі (с.а.с.) шығып, бізбен намаз оқитын шығар деп үміттеніп жиналдық. Сол себептен біз мешітте таңға дейін болдық. Біз таңертен Аллаһ Елшісінен (с.а.с.): « Уа Расулуллаһ. Біз сізді үйден шығып бізбен бірге намаз оқитын шығар деп үміттендік..?»,- деп сұрадық. Сонда Ол (с.а.с.): «Мен үтір намазы сіздерге парыз болып кете ме деп қорықтым»,-деді» [«Сахих ибн Хузайма»2/138, «Булуғ әл Маром» 42-бет]

Бұл хадисте, Аллаһ Елшісі (с.а.с.) үтір намазының парыз болып кетуінен қорыққан. Ал сохих хадистерде Аллаһ Елшісі (с.а.с.) тарауихтың парыз болуынан қорқып отыр.

3-дәлел.

Ол да Джабир ибн Абдуллаһтан (р.а.) келеді. Хадис мәтіні төмендегідей.

«Үбәй ибн Кәъб (р.а.) Аллаһ Елшісіне келіп: «Уа,Расулуллаһ! Рамазанның өткен күнінде мен бір іс жасадым»,-дедім. Ол (с.а.с): «Үбәй! Сен не істеп қойдың?»,-деді. Мен: « Үйімдегі әйелдер өздерінің Құран оқи алмайтындарын және сол себептен маған ұйып намаз оқығысы келетіндерін айтты. Мен олармен 8 ракағат және үтір оқыдым. Мен сүннетті орындадым ба бұл ісіммен?»,-дедім. Ол (с.а.с.) үндемеді» [ Әбу Яълә «Қыямуль Ләйл»]

«Қыямул Ләйл» атты кітаптың 155-бетінде имам Марози осы хадистің тізбегін жазады. Бұл хадистің тізбегіндегі олқылық бірінші хадистегідей. Яғни, хадис тізбегінде Иса ибн Джария бар. Сол себептен бұл хадис қабылданбайды. Одан бөлек, хадисті тіптен әлсіз қып жіберген Яъкуб Кумиді де тізбектен көре аласыз.

Тарауихтың 8 ракағат екеніне олардың осы үш дәлелі бар. Олар көріп отырғандарыңыздай дәлел ретінде келтіруге жарамайды. Тағы бір төртінші дәлелдері бар. Ол хадисте Омардың (р.а.) тек 11 ракағат оқуға ғана бұйрық бергендігі айтылады. Бұл, әлбетте, хадисті жеткізушінің қиялынан туған дүниесі. Себебі, 20 ракағат оқуды бұйырған Омардың (р.а.) хадисі күн нұрындай айқын әрі түсінікті. Ол хадисті кейін толық келтіреміз,

(Жалғасы бар)

Аудармашы:

Нұрлыбек Сабырғалиев

Нурлыбек СабыргалиевНурлыбек Сабыргалиев
9 ай бұрын 889
0 пікір
Блог туралы