"ЕГИПЕТТІКТЕРДІҢ МЕШЕУ ҚАЛУЫНЫҢ БІР СЫРЫ"
"ЕГИПЕТТІКТЕРДІҢ МЕШЕУ ҚАЛУЫНЫҢ БІР СЫРЫ"

АРАБ ӘДЕБИЕТІ ӘЛЕМІ !!!

МУХАММАД ТАЙМУР

«Египеттіктердің мешеу қалуының бір сыры»

 

Тағы да «Араб жазушыларының әңгімелері», тағы да «данышпандар кітабы». Осыдан екі күн бұрын мысырдың атақты жазушысы, драмматург, новеллашы Мухаммад Таймурдың шығармаларына көз жүгіртіп шықтым. Керемет жазушы. Қозғайтын тақырыптары да өзекті. Ол 1892  жылы Египеттің астанасы Каир қаласында филолог Ахмед Таймурдың отбасында дүниеге келген. Египеттегі реалистикалық театрдың негізін салушылардың бірі. Оның Махмуд Таймурдың ағасы екенін атап өтейін. Мухаммад Таймур Оның шығармаларының өзектілігі сол, дін мен саясатты терең әрі нәзік ұштастыра білуінде. Бұл ой менде «Египеттіктердің мешеу қалуының бір сыры» атты әңгімесін оқығаннан соң қалыптасты. 

 Шығарманы  Қазақстан журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы, аудармашы Байұзақ Қожабеков орысшадан аударған.Аударма бәрінің көңілінен шығатындай сәтті болды деу қиын. Түпнұсқадан емес, орыс тілінен аударылған соң олқылықтар өте көп. Дегенмен, мұсылмандық үлгісінен ауытқымауға тырысқаны көрініп-ақ тұр. Сонымен...

    «Египеттіктердің мешеу қалуының бір сыры». Шығармаға кітаптан 136-138 беттер беріліпті. Өте шағын әңгіме. Мағынасы терең, әрі саяси маңызы өте зор. Шығармадағы екі шалдың есімдері аталмайды. «Қарт», «шал» атты сөздермен беріледі. Әсіресе, екеуінің біріншісіне ерекше тоқталады. Бұл шал кім? Бұл -  «ұл десе ұлы, қыз десе қызы бар, шын мәнісінде қадырменді, ақшасы көп, жоғары мәртебелі адам – біздің жаңа көршіміз. Ал, «біз», «мен» деп бірінші жақта сөйлеп отқан жазушының өзі - Мухаммед Таймур. Шал жазушының тұратын кварталында төрт ай тұрақтады. Содан кейін рамазан айы басталды.  Ол шал өз үйінің бір бөлмесінде отырып алып, балаларға «Сахих Бухаридан» хадистер оқитын болды. Үйде екінші қарт болды. Ол біріншісі шаршағанда оның орнын алмастырып, балаларға хадис оқып отырады. Кейін, жазушы шалға жақындап, қасында отырып бір сағат әңгімелеседі.Енді кітаптың желісі бойынша жалғастырайын.

 «... Ақырында әл-Бухариды оқу жәйін әңгімелеп,оған былай дедім:

-         Құрметті мырзамның (екінші шалды нұсқап) біздің көршімен бірге пайғамбардың өсиетін (хадисін) оқып отырғанын күнде көргем-ау деймін.

-         Ия, балам. БІЗ ОНЫ АЛЛА ТАҒАЛАНЫҢ САУАБЫН АЛУ ҮШІН ОҚИМЫЗ!

-         Пайғамбар өсиеттерін оқу зор пайда келтіреді ғой. Бәлкім, сіз одан грамматиктердің кейбір пікірлерін дәлелдейтін мысалдарды білетін боларсыз?

-         БАЛАМ, БІЗ ОНЫ АЛЛА ТАҒАЛАНЫҢ САУАБЫН АЛУ ҮШІН ОҚИМЫЗ!

-         Сіздер ол өсиеттердің – хадистердің мазмұнынан социологияның кейбір теорияларын  қолдайтын немесе жаңа жаққа шығаратын теория аңғарған жоқсыз ба?

-         БАЛАМ, БІЗ ОНЫ АЛЛА ТАҒАЛАНЫҢ САУАБЫН АЛУ ҮШІН ОҚИМЫЗ!

-          Сіз одан әр халықтардың саясаты жайында, қандай да болмасын бір нұсқау дегенді кездестірмедіңіз бе?

Бұл адам маған таңырқай қарап, сасқалақтап, сақалын сипап, біраз отырды да:

-         БАЛАМ, БІЗ ОНЫ АЛЛА ТАҒАЛАНЫҢ САУАБЫН АЛУ ҮШІН ОҚИМЫЗ!- деді.

Содан соң ол бізбен қоштасып шығып кетті.

Рамазан бітіп, бұл кездесуді ұмытып та кеткен едім, бір күні кенеттен біздің үйге Европаның Шығыс зерттеушілерінің бірі сап етіп келе қалды. Бұл жарқын жүзді, жұмсақ мінезді болуы да ғажап емес,ақ шашты жайдары адам екен. Египетке көз ауруы жайындағы көне араб кітабын зерттеуге келіпті. Бұл кітапты бүкіл дүниежүзі кітапханаларынан таба алмай, біздің кітапханадан ғана тауыпты.

Бұл адаммен ұзақ әңгімелестім. Айтпақшы мен оған былай дедім:

-         Мырзам, сізге үлкен рахмет,бұл кітаптың қайта басылуы бүкіл Шығысқа шарапатын тигізер.

-         Жоқ, бұл кітапты қайта бастыруға тауып бергеніңіз үшін менің сізге рахмет айтуым керек.

-         СІЗ АРАБТАРДЫҢ ӨЛГЕН БІЛІМІН ҚАЙТА ТІРІЛТІП, оларға қайырымдылық көрсетіп отсыз.

-         Ия, сонымен қатар, сол дәуірде медицина қандай дәрежеде болғанын адам баласына танытып, осы ғылымның тарихына еңбек етемін бе деймін, бұл қолымнан келеді ғой деген үмітім бар.

Ол кітапты алып,бізбен қоштасып кетіп отырды. Бірнеше ай өткен соң кітаптың тамаша етіп қайта басылған бір данасын әкеп берді».

Новелла осымен аяқталыпты.

Қызық! «АРАБТАРДЫҢ ӨЛГЕН БІЛІМІ». Ой саларлық тіркесті сөйлем екен. Мухаммад Таймур бұнысымен не айтқысы келді?!

Біріншіден, ол Парижде оқыған жазушы. Нағыз қайнаған поэзия мен прозаның ортасынан келді. Оның шығармаларынан Ги де Мопассанның жазушылық шеберлігінің иісі шығуы да осыдан. Бүкіл араб жұртының өміріне шығыс зерттеушісін «алып келуінен» де жазушының ғылым-білімге деген сүйіспеншілігі білініп-ақ тұр.

Екіншіден, жазушы египеттіктердің ғылым мен әдебиеттен кенже қап қойғанын айтқысы келеді. Ол Бухариға, яғни жалпақ тілмен айтқанда шариғатқа тағар айыбы жоқ. Өзі де мұсылман отбасында дүниеге келген. Құранның алғашқы бұйрығы «Оқы!» деп нәзіл болғанын бұл жазушы білмеді деп ойламаймын. Ия, адам тек діни сауатпен шектелмеу керек. Кез-келген ғылыммен шұғылданып, берісін мұсылмандарға, әрісін барша әлемге пайдасын тигізуі керек емес пе?! Тек, әр нәрсеге ақырет дүрбісімен қарап, Алланың бекіткен шекарасынан шықпасақ болды емес пе? Қалағаныңды жаз, оқы, айт. Тек, пайдалы сөз сөйле. Міне, жазушының айтар идеясы осы. Шариғат діни ілімнен өзге ілімдерге көз салуды харам демеген. Шектеу қоймаған. Шариғат бәрімізге мешітте отырып имам бол демейді. Жаңа заманға жаңашыл көзқараспен қарап, жұртпен бірге өс, өркенде дейді. Міне, әдебиет пен шариғатты ұшастырудың қысқаша баяны – осы.

Үшіншіден, менің субъективті пікірім бар. Қолдайтындар қолдар. Қолдамаса өз сөзім өзімдікі дедім де...

Бұл тек египеттіктердің мешеу қалғаны емес. Бүкіл мұсылмандарға қарата айтылған үндеу.

 «Мың бір түн» - араб ертегісі, сонау әзірбайжанның «аңызы» Низами мен Физулидің «Ләйлі мен Мәжнүні», «Хұсрау мен Шырын», « Жүсіп пен Зылиха» және т.б. толып жатқан мұсылман әлемін классикалық әдебиет сахынасына алып келген шығармалар өте көп. Тіптен, Құранның қиссалары. Осылардың желісі бойынша, замана тудырған шығармаларды ойлап тапсақ...Керемет болар еді. Әрине осы уақыттарда ондай шығармалар мүлдем жоқ дей алмаймын. Мысалы, түрік Мехмет Алагаштың «Маңдайдағы жұлдызым» әңгімесі - шоқтығы биік шығарма. Бірақ, өте аз.

Айтпақшы, Мухаммад Таймурдың бұл шығармасы сіздерге ұнаса, жазушының «Неке тойы мен қаза», «Сүт қатқан кофе мен шаң аралас сүт», «Ұры мен ұры», «Дегенмен Египеттің әйелдері мұндай бақытқа жаралмаған» және т.б. шығармаларын оқуды кеңес етемін.

Ал, оқырман, сіздер не айтасыздар???

Жас зерттеуші,

"Ақтөбе медресесінің" шәкірті,

Ақтөбе гуманитарлық колледжінің  

4-курс студенті

Нұрлыбек САБЫРҒАЛИЕВ

 

 

Нурлыбек СабыргалиевНурлыбек Сабыргалиев
1 жыл бұрын 1002
0 пікір
Блог туралы